Қазақстанда алғашқы 5G жиілігі аукционда 62,6 млрд теңгеге сатылды

23 желтоқсан 2022, 11:27

Қазақстанда 5G жиіліктерін тарату бойынша аукционның бірінші лоты аяқталды. Сауда-саттық кезінде "Мобайл Телеком Сервис" ЖШС және "Кселл" АҚ тұратын консорциум радиожиілік жолақтарын 62,6 млрд теңгеге сатып алды.


Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпаратынша, 22 желтоқсанда мобильді байланыстың бесінші буыны – 5G үшін радиожиіліктерге ашық аукцион өткізілді. Онлайн сауда "gosreestr.kz" электронды сауда-алаңында ұйымдастырылды. Қатысушылар 5G технологиясына арналған 3600-3700 МГЦ (100 МГЦ) радиожиілік жолақтары бойынша бәсекеге түсті.


Аукционның бастапқы бағасы 1 761 225 000 теңгеден басталды.


 
"Нәтижесінде, радиожиілік жолақтарына арналған аукцион барысында баға 62 669 775 351 теңгеге дейін көтеріліп, "Мобайл Телеком Сервис" ЖШС ("Теле 2" және "Алтел" бренді) және "Кселл" АҚ ("Кселл" және "Актив" бренді) тұратын консорциум жеңімпаз болып анықталды", - делінген хабарламада.
 


Аукцион жеңімпазына республикалық маңызы бар қалаларда және облыс орталықтарында мобильді байланыстың бесінші буынын (5G/IMT) енгізу және дамыту бойынша міндеттемелер жүктеледі.


Міндеттемелерге сәйкес, аукцион жеңімпазы кезең-кезеңімен жалпы саны 3527 базалық станцияны іске қосуы керек. 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75%-ы, облыс орталықтарының 60%-ы 5G технологиясымен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр.


5G технологиясы мемлекет пен бизнес үшін Интернет сервистерін дамыту тиімділіктеріне ие, бұл елдегі цифрландыру қарқынын айтарлықтай жеделдетеді. 5G желісінің негізгі пайдаланушылары – қарапайым абоненттерден бастап, интернеттің жоғары жылдамдығын қажет ететін ірі бизнес өкілдері болады, деді министрліктегілер.


Бүгін, 23 желтоқсанда 5G технологиясына арналған 3700-3800 МГЦ (100 МГЦ) радиожиілігі үшін 2 лот бойынша аукцион өткізіледі.

sputnik.kz