Қазақстанда айлық есептік көрсеткіштің мөлшері өзгерді – айыппұл өсе ме

14 мамыр 2022, 16:35

Қазақстанда 1 сәуірден бастап айлық есептік көрсеткіш 3 180 теңгеге дейін өсті. Алайда айыппұлдар мен салықтар үшін 3 063 теңге мөлшеріндегі бұрынғы АЕК қолданылады. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға қаржы министрлігінің баспасөз қызметі нақтылады.


Бұған дейін президент 2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға қол қойды. Оған сәйкес, 2022 жылғы 1 сәуірден бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 3 063 теңгеден 3 180 теңгеге дейін өсті.
 
"Алайда айыппұл санкциялары, салықтар мен басқа да төлемдер үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтарда 3 063 теңге мөлшерінде бекітілген АЕК қолданылады", - делінген қаржы министрлігінің Sputnik Қазақстан сауалына берген жауабында.
 
Сонымен қатар, ведомство ақпаратынша, әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде қолданылатын ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңгеден 37 389 теңгеге дейін ұлғайды.
Осыны ескеріп, 1 сәуірден бастап зейнетақы мен жәрдемақылардың мөлшері қосымша 4 процентке артты.