Қазақстанда баға көтеретін жанармай құю бекеттерінің желілері аталды

18 қаңтар 2022, 12:14

Қазақстанның бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин жанар-жағармай бағасын көтеретін жанармай құю бекеттерін атады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ол Қазақстанда мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге 180 күнге шекті бағалар белгіленгенін еске салды. Алайда, отынды Энергетика министрлігі белгілеген бағадан жоғары бағамен сататын нарық қатысушылары бар.

"Дизель отыны нарығында бөлшек сауда субъектілеріне қатысты 12 тергеу жүргізілуде. Оның ішінде 4 ірі компания – "Гелиос" ЖШС, "Sinooil" ЖШС, "Газпромнефть-Қазақстан" ЖШС, "PetroRetail" ЖШС бар”, – деді ол үкімет отырысында. 

Сондай-ақ Бас прокуратурамен бірлесіп 6 көтерме сұйытылған газ сатушысына ("ҚазМұнайГаз" АҚ, "Petrosun" ЖШС, "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ, "ҚазГерМұнай БК" ЖШС, "Қазақойл Ақтөбе" ЖШС және "ҚазГӨЗ" ЖШС –  монополиялық жоғары бағаларды белгілеу бөлігінде үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша) және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу нарығының 180 субъектісіне қатысты тергеп-тексерулер тағайындалған. 

“Бағаның өсуінің негізгі себебі электрондық сауда алаңындағы баға механизмінің жетілмегендігі екенін тергеп-тексерудің алдын ала нәтижелері көрсетті", – деді С. Жұманғарин.

Оның айтуынша, энергетика министрлігі мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге, Агенттік сұйытылған мұнай газына (автогазға) әкімшілік бірліктердің қашықтығын ескере отырып: батыста – 50 теңге, оңтүстікте - 60 теңге, солтүстік-шығыста 60-70 теңге орнатты.

“Агенттік күн сайын сұйытылған мұнай газының өткізу бағаларына мониторинг жүргізеді, уақытша шекті бағадан асып кету фактілері анықталған жағдайда бағаны төмендету қажеттігі туралы нұсқама жібереді, орындалмаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушық кодексінің 162-бабына сәйкес әкімшілік жаза қолданылады", –  деді С. Жұманғарин.

Баға ауытқулары мен экономикадағы қолайсыз үрдістер жағдайында агенттік уақытша шара ретінде жекелеген тауар нарықтарында мемлекеттік баға реттеуді белгілеуге құқылы және дайын.

"Энергетика министрлігімен бірлесіп, газ өндірушілермен ескі және жаңа көтерме баға арасындағы айырмашылықты бөлшек газ сатушыларға өтеу туралы келісімге қол жеткізілді", – деді агенттік басшысы.