Қазақстанда ескі көліктерді утилизацияға қабылдау жобасы қайта басталмақ

28 желтоқсан 2021, 12:19

Қазақстанда қолданыстан шығарылған автокөліктерді утилизацияға қабылдау 2022 жылдың 5 қаңтарынан басталады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 70 мың жеңіл көлікті қабылдауға арналған ұлғайтылған квотаны мақұлдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Техниканы қабылдауға арналған электронды кезек пен 18 қабылдау пункты 5 қаңтарда ашылады. 

2022 жылы айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты қолданыстан шығарылған көліктерге төленетін өтемақы мөлшері де өзгереді. "Оператор РОП" ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл сома көлік категориясына қарай 165 402 теңге мен 606 474 теңге аралығында болады. 

2021 жылы өткізілген көліктер саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Қаңтар мен қараша аралығында 50 005 дана көлік пайдаға асыруға жіберілген. Оның ішінде 37 495 жеңіл көлік, 5 271 автобус және  7 239 жүк көлігі бар. Қолданыстан шығарылған көлік иелеріне 13,833 миллиард теңге өтемақы төленген. 

Ескі техниканың басым бөлігін Шымкент қаласында өткізген (12 068). Екінші орында Алматы қаласы (5 175), үшінші орында Тараз қаласы (4 788) тұр. 

Қолданыстан шыққан көліктерді қабылдау жобасы басталған уақыттан бастап 214 932 техниканы пайдаға асыру көзделген. Қабылданған техникалар Қарағанды зауытында өңделеді.