Қазақстанда онлайн-сауданы жеңілдетуге қадам жасалды

11 тамыз 2021, 00:30

Еуразиялық экономикалық комиссия сыртқы электронды сауданы кедендік реттеуді жеңілдететін құжаттар пакетін қабылдады. Бүгінде шетелден тауар жіберуді декларациялау рәсімі ұзақ уақытта алады, содан да тауар сатып алушыға кешігіп жетеді.

Болашақта мұндай рәсімнің барлығын трансшекаралық интернет-сауда операторы өз мойнына алады. Сыртқы электронды сауда аясындағы пилоттық жобаның көмегімен шет мемлекеттен ЕАЭО елдеріне онлайн-сауда тауарын жеткізуді жеделдету мүмкін бе? Осы туралы Sputnik материалында.

Сынақтан басталған қадам

Өткен сейсенбі, 3 тамызда, Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алқасы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінде іске қосуға арналған тауарлардың сыртқы электронды саудасы саласындағы пилоттық жобаның құжаттар пакетін бекітті.

ЕЭК баспасөз қызметінде мәлімдегендей, жобаны іс жүзінде қолдану осы жылдың қарашасында басталып, 2022 жылдың желтоқсанына дейін созылады.

Комиссия жеңілдетілген электронды декларация үлгісін әзірлеп, оны толтыру ережесін түсіндірді. Ол тауарларды рәсімдеу кезіндегі шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Мұндай тәртіп бүкіл эксперимент уақытынды қолданылады. Егер жаңа технология сәтті болып шықса, оны одақ заңнамасымен бекітеді.

Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО Кеден кодексіне түзетулерді әзірлеп жатыр. Құжатқа электронды сауда тауарлары және электронды сауда операторының қызметі деген екі ұғым енгізіледі.
Пандемияға қарамастан ЕАЭО елдері арасында тауар айналымы өсті – Путин
Комиссияның жұмыс тобы қазір операторлар институтын құру мүмкіндіктерін талқылап жатыр. Оған сәйкес кедендік рәсімдерді өткізуді құзырлы компаниялар қамтамасыз етеді деп күтілуде.

"Оператор арқылы интернет-сауданы жүзеге асыруға арналған дәліз құру керек. Бұл жылдам, қолайлы болуға тиіс және қажетті төлемдерді төлеу, техникалық талаптарды сақтау бойынша кепілдіктің болуы шарт", - деді ЕЭК сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.

Бір көзден ақпарат алатын бақылаушы органдар, сондай-ақ тауар сапасы мен қауіпсіздігі үшін алаңдайтын азаматтарға мұндай жұмыс форматы тиімді болады.

Уақытылы жеткізу

ЕЭК-тің сыртқы электронды саудаға көңіл бөлуі орынды. Сарапшылардың бағалауы бойынша, 2019 жылы шетелдік интернет-алаңдардан сатып алынған ЕАЭО-дағы импорттық тауарлар көлемі 8,8 миллиард долларды құраған. Тұтынушылық сұраныстың "онлайн" режимге көшуімен бұл көрсеткіш жыл сайын 6-10%-ке ұлғаятыны анық.

Сонымен қатар 2030 жылға қарай одақтың бөлшек сауда айналымындағы электронды коммерция үлесі қазіргі 20%-тен 50%-ке дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы Ресейдегі стратегиялық әзірлемелер орталығының "Шикізаттық емес сектор экономикасы" бағытының аға сарапшысы Илья Стрелков мәлімдеді.

ЕЭК кедендік заңнама және құқық қолдану тәжірибесі департаментінің өкілі Вадим Козаев он жыл бұрын интернеттегі ауқымды сауданы елестету қиын болғанын айтты.

"Ол кезде тауарлар елдерге үлкен партиямен жеткізіліп, дүкендерге таратылатын, дүкеннен ол тауарды адамдар сатып алатын. Ал қазір сатып алушылар сатушымен тікелей байланыса алады. Сондықтан көп тауар дәстүрлі сауда айналымынан интернет-саудаға ауысып жатыр. Нәтижесінде шекара арқылы өтетін шағын тапсырыстар саны жыл санап артып келеді", - деп түсіндірді ол.
Вадим Козаевтың айтуынша, мұндай жағдайда заңды айналып өткісі келетіндер көбейеді. Оларға тиісті кедендік басқару ғана тыйым бола алады.

"Тауарлардың сапасы белгіленген талаптарға сәйкес болуы, кедендік төлемдердің жасалуы маңызды. Сонымен қатар адресатқа - жеке тұлғаларға сатып алған тауардың жылдам жетуін де қамтамасыз ету керек", - деді ЕЭК өкілі.

Козаевтың айтуынша, бүгінде кеден қызметкерлері әрбір тауар мен оның құжаттарын "қолмен" тексереді. Оған көп уақыт кетеді. Тапсырыстардың кешігуінің себебі осында. 

"Біз тауар туралы ақпараттың электронды түрде ұсынылатын арнайы үлгіні әзірледік. Кеден жүйелері мәліметті автоматты түрде өңдейді, осылайша күмән тудырған тауарды сұрыптай алады. Ал қалған тауарлар еш қиындықсыз сатып алушыға жөнелтіледі. Эксперимент кезінде ЭЕК тауар туралы интернет-алаңдардан тиісті ақпаратты электронды түрде алып отыратын және кеден қызметімен сол мәліметпен бөлісетін органды тағайындайтын болады. Бұл қосымша бақылау мен тауар рәсімдеудегі шығынды қысқартады", - деп түсіндірді ол.

Тапсырысты жеткізу арзандай ма?

Илья Стрелковтың айтуынша, болашақта ЕЭК пилоттық жобасы шетелдік тауарды ЕАЭО территориясына жеткізу уақытын қысқартады және мұндай қызметтің бағасын да арзандайды.


© SPUTNIK / АБЗАЛ КАЛИЕВ
Қазақстан мен Қырғызстан арасында тауар айналымы неге түсіп кетті
"Жобада тауарларды рәсімдеу процесін жеделдететін және жеңілдететін механизмдер қарастырылған. Бұл тауарды жеткізу уақытына оңтайлы әсер етуі мүмкін. Осы механизмнің бірі – декларацияның жеңілдетілген үлгісі. Екіншісі – эксперттік және технологиялық қолдау көрсету үшін "Ресей поштасы" қызметін (ЕАЭО елдеріндегі пошта операторларын – Sputnik) қосу", - деді сарапшы.

Ол контрафактілік өнім көлемінің төмендеуі де оң нәтиже болатынын айтты (2020 жылы одақтың кедендік органдары 15,3 миллион контрафакті өнім анықтаған).

"Цифрлық орта – бұл деректер ортасы: әрбір әрекет бақыланып әрі жазылып отырады. Интернет-сауданы дамыту, үлкен деректерді талдау технологиясын қолдану, электронды сауда заңнамасын жетілдіру тауарды сату, жеткізу, шығару тарихын мұқият бақылауға мүмкіндік береді. Тауарлардың нормалар мен стандарттарға сәйкестігін тексеру де жеңілдейді", - деді Илья Стрелков.

Алайда сарапшы ЕЭК пилоттық жобасының іс жүзіндегі тиімділігі туралы 2021 жылдың қарашасынан кейін нақты айтуға болатынын жеткізді.