Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері қандай?

23 қаңтар 2023, 12:53

2022 жылы қазақстандықтарға республикалық бюджеттен 2,9 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақыға 883,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыға – 2 022,6 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды Azattyq ruhy ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

 
2022 жылғы желтоқсанда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 247,4 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 75,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 172 млрд теңге бөлінді.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 295 мың адам.

2023 жылдың 1 қаңтарында жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 108 761 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 74 950 теңге, базалық зейнетақы – 33 811 теңге.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.