Қазақстандық банктер қолма-қол валюта айырбастауға қатысты үндеу жасады

11 наурыз 2022, 19:17

Қазақстандық банктер үндеу жасап, қолма-қол доллар не себепті жоқ екенін түсіндірді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Тұрғындар айырбастау пунктері мен банктерде қолма-қол доллар мен валюталық депозиттен қаражат алу мүмкін емес екенін айтып шағымданып жатыр.

 

Екінші деңгейлі банктердің бірлескен үндеуінде шиеленіскен халықаралық саяси жағдайға байланысты Қазақстанға басқа елдерден қолма-қол шетел валютасын жеткізу қиынға соғып отырғаны айтылған.

 

"Бұл қолма-қол валютаға қатысты екенін тағы да атап өткіміз келеді. Ал валюта сіздің шотыңызда сақталады. Оны онлайн-банкинг арқылы тексере аласыз", - делінген үндеу мәтінінде.

 

Банктер қолма-қол валютаны жеткізумен байланысты қиындық тек уақытша деп сендірді.

 

"Біз қысқа мерзімде Қазақстанға қолма-қол валютаны тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін Ұлттық банкпен бірге жұмыс істейміз", - деді олар.

 

Қазақстанда қолма-қол шетел валютасын сатып алуға жоғары сұраныс байқалады.

 

Бұған дейін Ұлттық банк валюталық операцияларды шектеу туралы тапсырма бермегенін мәлімдеді.