Қазақстандық миллионер Forbes-қа өзі жайлы рұқсатсыз жазуға тыйым салды

07 ақпан 2022, 15:25

Еліміздегі миллионерлердің бірі Ерлік Балфанбаев Forbes Kazakhstan журналына өз келісімінсіз ол жайлы қандай да бір ақпарат жариялауға тыйым салды деп хабарлайды qaz.ulysmedia.kz.

 

Forbes.kz-тің жазуынша, сайт және журнал редакторларының поштасына "Alina Group" ЖШС вице-президенті Заур Халафов қол қойған хат келіп түскен. Хат мәтінінде Forbes Kazakhstan журналы мен Forbes.kz сайтының редакцияларына 2022 жылғы 10 ақпанынан бастап Alina компаниялар тобының жалғыз иесі Ерлік Балфанбаев туралы, сондай-ақ оның компаниясы және оған қатысы бар барлық компаниялар туралы алдын-ала келісімсіз ешқандай ақпарат жариялауға болмайтыны «хабарланған».

 

"Осы жазбаша хабарламамен 2022 жылғы 10 ақпаннан бастап, сіздердің бұқаралық ақпарат құралдарыңызда жарияланатын мақалалар, рейтингтер мен шолуларда Ерлік Құрман-Әлиұлы Балфанбаев туралы және Компания мен оның еншілес ұйымдары, үлескер тұлғалары жайлы жазу үшін олардың жазбаша келісімін алу міндетті екенін хабарлаймыз", - делінген  хатта.

 

Хат авторлары ҚР "БАҚ туралы" Заңының 2-1-бабына сілтеме жасапты, онда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері қызметінің негізгі қағидаттары – ақпараттың объективтілігі, заңдылығы, дұрыстығы екені айтылған. Сондай-ақ адамның жеке өмірі, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу керектігі жазылған.

 

Компания өкілдері хабарламадағы талаптар орындалмаса, құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болатынын ескерткен.

 

Айта кетейік, Ерлік Балфанбаев – AlinEX, Alina Paint, "НАШИ", NORMA, Decorex, G-EX брендтері, "Домовой" едендік жабындар орталықтарының желісі, DOMSAD үй және бақшаға арналған тауарлардың электрондық гипермаркеті, "Таза Отан" әлеуметтік жобасы және Doctor Green экологиялық тұрмыстық химияның қазақстандық бренді кіретін Alina компаниялар тобының негізін қалаушы. Бизнесменге Алматы маңындағы отбасылық Оi-Qaragai курорты да тиесілі.

 

Ерлік Балфанбаев алғаш рет  Forbes Kazakhstan жариялайтын Қазақстанның ең бай 50 бизнесменінің тізіміне 2020 жылы кіріп, онда 42-ші орынды иеленді. 2021 жылы ол Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені-2021 тізімінде 44-орын және Қазақстанның ең бай 50 бизнесмені-2021 тізімінде 42-орыннан көрінді.