Қазақстандықтарға несие рақымшылығы жасала ма

10 желтоқсан 2021, 08:40

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде тарап кеткен «несиелік амнистия» жасалады деген ақпарат – жалған, деп хабарлайды Хабар 24.

 
Осыған байланысты Алматыда орналасқан Қазақстан қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ресми мәлімдеме жасады.

Агенттік өкілінің айтуынша, несие рақымшылығын жүргізу заңды түрде көзделмеген. Яғни агенттіктің берешекті есептен шығаруға қатысты өкілеттігі жоқ. Дегенмен әлеуметтік желі мен мессенджерлерде тараған ақпаратты естіген жұрт бірден осы мекеменің алдына жиналған. Агенттік өкілдері халықты дәйексіз ақпаратқа сенбеуге шақырып, берешекті реттеудің бірыңғай тәртібі бар екенін ескертеді.

«Қаржы нарығын реттеу агенттігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Негізі кредиттік амнистияның жариялау туралы заңнамалық ешқандай талаптар жоқ. Бүгінгі келіп жатқан азаматтардың көпшілігі бұрыс ақпаратты естігеннен кейін амнистия сұрап келіп отыр. Қайталап айтам, амнистия бойынша ешқандай заңнамалық талап жоқ. Ондай кешіру деген талап бекітілмеген», - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департамент директорының орынбасары Ернар Оразбаев.