Қазақстанның Даму банкі басшысының орынбасарлары тағайындалды

05 наурыз 2022, 21:34

Қазақстан Даму банкінің (ҚДБ) баспасөз қызметі Басқарма құрамындағы ауыс-түйіс туралы хабарлады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі - Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

"2022 жылғы 25 ақпандағы "Қазақстанның Даму банкі" АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Марат Елібаев Басқарма төрағасының орынбасары-ҚДБ Басқармасының мүшесі болып тағайындалды. Бұрын банктің басқарушы директоры қызметін атқарған Ботагөз Әбішева ҚДБ Басқарма төрағасының орынбасары болып сайланды", - делінген хабарламада.

 

Марат Елібаев әлеуетті қарыз алушыларды іздеу және тарту, Даму банкінің кредиттік саясатын жүзеге асыру, сондай-ақ Банктің кредиттік портфелін басқару мәселелеріне жетекшілік ететін болады.

 

Ботагөз Әбішева жаңа лауазымда халықаралық инвестициялық банктермен, Банк инвесторларымен, кредиторларымен жұмысты ұйымдастыру және үйлестіру мәселелеріне жетекшілік етеді, сондай-ақ бюджеттік жоспарлау және есеп саясаты, операциялық қызмет, қаржы ұйымдарымен корреспонденттік қатынастар орнату, стратегия және корпоративтік даму, қоғаммен байланыс мәселелері бойынша ҚДБ қызметіне басшылық жасауды және бақылауды жүзеге асыратын болады.