«Қазақтелеком» жеделхат жіберу құнын169 есеге қымбаттатқан

10 желтоқсан 2018, 18:42

«Қазақтелеком» АҚ-да жеделхаттарды жіберу бойынша қызметтердің күрт қымбаттауы жағдайын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында депутат Ирина Аронова халық үшін жеделхат жіберу қызметінің 169 есеге не себепті қымбаттағанын сұрады.

«Қазіргі кезде біз телефонмен, электронды поштамен байланысқа шығамыз. Алайда электронды пошта, сондай-ақ телефон байланысы да колжетімді болмайтын кездер болып қалады. Жеделхаттарды қабылдау мен жіберу «Қазақтелеком» АҚ-ға беріліп, қызмет көрсету құны еселеп артты. Егер де бұрындары заңды тұлғалар үшін жеделхаттың бір сөзінің құны 4 теңге болса, бүгінде бір сөз 675 теңгеге жеткен. Яғни, бұрынғы бағадан 169 есеге артық», - деді ол.

Сонымен қатар, депутат биылғы қаңтардан бастап жеке тұлғалар үшін осы қызмет тоқтатылғанын еске салды. Өз кезегінде «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев бұл мәселеге қатысты түсінік берді.

«Елдердің басым бөлігінде бұл қызмет түрлері қолданыстан шығарылды. Негізінен, SMS кеңінен пайдаланылады, әрбір адамда ұялы телефоны бар. Сондай-ақ, телефон арқылы сөздерді шектеусіз жіберуге болады. Мұнымен қоса, халық көбінесе WhatsApp жүйесін пайдаланады. Бұл қызмет (жеделхат)жеке тұлғалар үшін экономикалық тұрғыда тиімсіз болды. Бүгінде енді заңды тұлғаларға қатысты қымбаттау болып тұр. Біз үшін телеграфты, жеделхаттарды қамтамасыз ету шығындары жарты миллиардқа жуық теңгені құрады. Ал қызмет құнын көтергеннің өзінде, түсетін табыс 39 миллион теңге шамасында», - деді Қуанышбек Есекеев.