"ҚазМұнайГаз" бен италиялық ENI Маңғыстау облысында гибридті электр стансасын салады

25 қаңтар 2023, 16:35

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев қаңтардың 25-і Астана қаласында Eni S.p.A. (ENI) мұнай-газ компаниясының табиғи ресурстар бөлімінің барлау және өндіру жөніндегі директоры Лука Виньяти бастаған италиялық делегациямен кездесті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі ҚМГ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚМГ мен ENI екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, Маңғыстау облысында жаңартылатын энергия көздері (күн+жел) және газбен (электрмен қамтуды тұрақтандыру және газ ресурсын үнемдеу үшін маневрлік қуат ретінде) жұмыс істейтін, қуаты 120 МВт гибридті электр стансасын салу жобасын бірлесіп іске асыруға келісті.

 

«Бұл жоба — қос компанияның бірлескен табысты жұмысының нәтижесі және Мемлекет басшысының «жасыл» жобаларды дамыту жөніндегі стратегиялық тапсырмасын іске асыру жолындағы қадам. Бастама өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, инвестицияның келуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді», — деді өз сөзінде Мағзұм Мырзағалиев.

 

Сонымен қатар келіссөз кезінде электр энергиясын мақсатты нысандар үшін (атап айтқанда, «Өзенмұнайгаз» және Қазақ газ өңдеу зауытының нысандары қаралуда) өндіру мен жеткізу өндірісте жиі болатын электр энергиясының іркілісі салдарынан апаттық тоқтап қалу қауіпін жоюға мүмкіндік беретіні айтылды.

 

Жобаны іске асыру мерзімі — 2023-2025 жылдар (жоспар бойынша күн генерациясының блогы 2024 жылы, ал жел мен газ блогы 2025 жылы іске қосылады, болжаммен бюджет мөлшері шамамен 300 млн АҚШ доллары).

 

Гибридті электр стансаны салу жөніндегі келісім — бұл ҚМГ мен ENI компанияларының 2021 жылдың шілдесінде қол қойылған электр энергиясын өндіру және өткізу үшін энергетикалық ауысу жобаларын әзірлеудегі ынтымақтастық туралы меморандум аясындағы жұмысының жалғасы.

 

* * *

 

ҚМГ компанияның қызметі туралы коммерциялық құпияға жататын немесе түпкілікті шешім қабылданбаған жобалар туралы ақпарат жалпыға жария бола алмайтынын атап өтті. ҚМГ ҚР заңнамасына, сондай-ақ AIX және KASE (жай акциялар мен еурооблигациялар) немесе LSE (еурооблигациялар) қор биржаларының ережелеріне сәйкес өз қызметі туралы барлық маңызды ақпаратты ашық жариялайды. Болашақта Компания талап бойынша реттелген ақпараттан тыс мәліметті жарияламау құқығын өзіне қалдырады.