Киіз үй тас үйдің тасасында қалғаны ма?!
Сыр өңірінде Қалғансыр деген елді мекен бар. Шап-шағын қоныс. Сырдарияның бойында қоныс тепкен. Жаңақорған ауданына қарайды. Өзгелер Қалғансыр дегенде қазақ үшін қастерлі киіз үйді ойға алады. Солай болатын жөні де бар секілді. Кезінде бұл елді мекенде киіз үй дайындалған. Ұзақ жылдар бойы жергілікті жұрт сол кәсіппен айналысып келді. Қойшыларға киіз үй дайындап беретін. Өкінішке қарай, соңғы жиырмажылдықта киіз үйге сұраныс болмай қалды. Қаншама ғасырдан бері киіз үйді кәделі дүниеге санап келген көшпенді ұлттың өкілдері төрт қабырғасы тас үйге бой үйретіп, киіздің қасиетін түсіне алмайтын жағдайға жеткендей. Қазақтың киіз үй жайында «Алаш айнасы» ой толғайды.
Бағзы заманнан көшпелі тіршілікте өмір сүрген қазақ халқына киіз үй өте қолайлы баспана еді. Ерте кездің ескі шежіресін жадына тоқыған қазыналы қарттарымыз оның екі мың жылдан астам тарихы бар екенін айтады. Киіз үй бір жерден екіншісіне көшкенде тігу мен жығуға өте қолайлы болды. Қысқасы, ұлан-ғайыр даланың арғы-бергі қиырына қоныс аударып үйренген қазақ халқы үшін одан қолайлы баспана жоқ-ты. Қазір ата-бабадан аманатқа айналған жәдігерді тек мақтаныш тұтамыз. Тек деген сөзді текке айтып отырған жоқпыз. Өйткені, ғарышпен екі араны күнделікті жол етіп алған бүгінгі кезеңде біз өткен тарихымызға көз жұма қарай бастағанымыз жасырын емес. Осы күндері мейрам кезінде ғана ақшаңқан киіз үйлер көзге түскені болмаса, қалған уақытта мұражайдан суретін көретін мұрағатқа айналып бара жатыр емес пе?
Әңгіменің ашығын айтайық, қазір қазақ елінде оны жасайтын адамдар кемде-кем. Рас, кезінде алтын қолды шеберлер аз болған жоқ. Тіпті кешегі ұлттық ұстынымыз ұмытыла бастаған кеңестік кезеңде де Қазақстанда киіз үй жасайтын арнайы кәсіпорындар жұмыс жасағаны белгілі. Қазір ше? Олардың барлығы да көзден ғайып болды. Бүгінгі күні қолыңа шам алып іздесең де киіз үй жасайтын шеберлерді таба қоюың екіталай нәрсе. Тоқсаныншы жылдарға дейін Сыр өңірінің Жаңақорған ауданында осындай баспана жасауға көңіл бөлінді. Аталмыш аудандағы «Қалғансыр» елді мекенінде киіз үй жасалған еді. Қазір сол адамдардың барлығы жұмыссыз қалды. Болмаса, күнделікті күйбеңмен тіршіліктің басқа түрлерін кәсіп етіп жатыр. Ал біз болсақ оны сырттан сатып алуға мәжбүрміз. Әрине, кісідегінің кілті аспанда болатыны тағы да белгілі. Қарақалпақ жерінде жасалатын киіз үйлердің ең арзаны 3 мың АҚШ долларынан кем емес.
Облыста басшылық қызметтер болған ағамыздың бірі «Рас, киіз үйді қарапалпақ ағайындардан удай бағасына сатып алатын болдық. Біз үшін ол тек мейрамда керек дүние секілді. Жаз айларында оның ішінде тынығудың өзі керемет емес? Жалпы, оны туризм саласында пайдалануға әбден болады. Біріншіден, шетелден келген меймандар біздің ұлттық байлығымызды бағалайды. Екіншіден, біз осы арқылы өзіміздің ұрпағымызды тәрбиелей аламыз. Үшіншіден, бүгінгі күні саны азайып бара жатқан алтын қолды шеберлерден көп құпияны үйреніп аламыз. Қысқасы, киіз үй біздің ұлтымыздың бренді емес пе? Өкінішке қарай, оған қазір ешкім көңіл бөліп отырған жоқ. Өткеніміздің тамырына балта шауып жатқан секілдіміз. Бір ғана киіз үйдің босағасынан шаңырағына дейінгі бөлшектердің жүзден астам атауы бар екен. Қалт айтса қалп айтпайтын қазекем ол турасында 500-ден астам мақал-мәтелді артта қалдырыпты. Яғни, киіз үйді зерттейтін болсақ, талай-талай томға айналар еді» деп сыр ақтарған еді.
– Менің аталарым да аймаққа белгілі ұста адамдар болды, – Сырдария ауданындағы қолөнер шебері Сайділда Сәдуақасов. – Оны Тереңөзек маңайындағы жұрт әлі де жақсы біледі. Олар кезінде киіз үй жасаумен де айналысты. Бұл тіршілікке өзім де көңіл бөлдім. Өкініштісі, қазір киіз үйге қажетті шикізат көздері де азайып кетті. Бұрын Сырдың жағасында үйеңкі, самырсын және талдар көп еді. Бүгінгі кезеңде ол ағаштарды мүлдем азайып кеткен. Менің ойымша, біз, аға буын осы кәсіптің қыр-сырын қазіргі жастарға үйретуіміз керек. Оны кәсіптік мектептер жанынан құрамыз ба, осы жағын ойласқанымыз орынды болар еді.
Қазір ғаламдық деңгейде жаһандану жүріп жатқан уақытта біз ұлттық ұстынды сақтап қаламыз десек осындай құндылықтарды өз деңгейінде бағалай білгеніміз абзал. Өркениетті өмірдің көшіне ілескен елдер де өзінің өткенін өзге жұртқа әспеттеп көрсетіп жатады. Біз ше? Әзірге осы жағы олқы соғып тұрған жайы бар. Қалғансырдағы ағайын тұрмыс қамымен өзге жақтарға көшіп жатыр...
Автор: Әділжан Үмбет, Қызылорда.
Жұлдыз
Радиосы