Нарық

Көкек-инвестордан тастанды зауыт туады

  • Көкек-инвестордан тастанды зауыт туады

    Көкек-инвестордан тастанды зауыт туады

Бұрын көкек-ана дейтін баласынан безінгенді. Қазір көкек-инвестор көбейіп тұр. Зауыт-фабрикасынан, жобасынан жеріген. Жеріп қана қоймайды пақырлар. Тырапайлап, тұра қашады. Қашқанда, ел арасы емес. Шекара асып кетеді. Өзі ғана болса, бір сәрі. Қапшық-қапшық қаржымен. Халықтың қаржысымен. Одан қалды өзінің зауытын төзі тонап жүре береді... Ондай зауыт-фабрикаларды жұмсартып «проблемалық жобалар» деп атап жүрміз. Ал шын мәнінде «тастанды». Обалы нешік, бұл күні көкек-инвестордан қалған тастанды жоба көп... “Алаш айнасы”
«Проблемалық жобалар» деп маймөңкелгенімізбен, мәселе оның проблемасында емес. Мәселе - сол жобаларды бастап, соңынан тастап,  зып берген зәнталақтарда. Миллиардтаған қаржыны қарпып жеп, қалғанын желге шашып жайына кететін «қуыршақтар» қазақтың көсегесін көгертпесін көріп жүрміз. Аузымыз күйіп болды. Тіпті, күлдіреп кетті.  Дәм сезбей қалмасақ, жарар еді...
Сондай проблемалық жобалар жаңылмасақ, елімізде былтырғы жылы отыздың дәл ортасында болатын. Алайда, жыл соңына қарай жария етілген Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметінше, олар 13-ке қысқарыпты. Тірсегі дірілдеген жобалар тіріліп кетті деген сөз емес бұл. Әзірге жан шақырып жатыр деген жөн. Ал оның адам болар-болмасы  тағы бар.
«Өзің тазсың, неменеге мәзсің?»

Соның бірі – Қарағандыдағы кремний зауыты еді. Қаңырап қалған «тастанды» «Silicium Kazakhstan» ЖШС зауытын  «Тау-кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ бауырына тартып отыр. Нақтырақ айтсақ, компанияның зауыт басқаруына келуі көмескіленіп, сөнуге айналған үміттің қоламтасын қайта үрледі. Кремнийдің көретін «жарығы» бар екен. Ал бұл «жетім қозы» маңырап, қайта отыға ма, жоқ па? Оны уақыт көрсетпек.
Әзірге дәтке қуат ақпарат - тоқырауға тап болған зауыттың жұмыс ырғағы қалпына келтіріледі. Сөйтіп, өндірісті тығырықтан шығармақ. 2010 жылы кернейлетіп ашылып, екі жыл өтпесткен кежегесі кері кеткен зауыттың қарызын жабу үшін 1 млрд. теңгеден астам  қаржы бөлініпті. Осы орайда  «Қазақстанның инвестициялық қоры» мен «Тау-кен Самұрық» ұлтық тау-кен компаниясы» АҚ арасында келісімге қол қойылған-ды. Келісім арқылы кремний зауытының белшеден батқан жұмыскерлерге қарызы жабылмақ. Сонымен бірге,  техникалық тексеріс жүргізіп, құрал-жабдықтарды ұстап тұруға бағытталмақ.
Қуандық БИШІМБАЕВ, «Бәйтерек» ұлттық холдингінің басқарма төрағасы:
– Бүгінде зауыт Қазақстанның инвестициялық қорына беріліп отыр. Сол арқылы кәсіпорынды сауықтыру жұмыстарына кірісті. Ендігі мақсат стратегиялық инвесторлар арқылы кәсіпорынды іске қосу. Бірінші кезекте - «Тау-кен Самұрық» компаниясы арқылы техникалық тексеріс жұмыстары атқарылады. Сол арқылы зауытты қалпына келтіру және  іске қосу - мақсат.

Ал зауыт басшысы А. Сутягинский алғашқыда серіктесін өлтіруге тапсырыс берілді деп, 12 жылға сотталды. Содан ол шартты мерзімге қайта ауыстырылды. Соңында қашып кеткені мәлім болды.
«Өгізге туған күн бұзауға да туа ма?»
Естеріңізде болса, былтырғы жылы Мәжілісте бұл жобалардың жағдайы кеңінен сөз болған-тын. Сонда жария етілген деректер 389 зауыт ашылғанын айтқан-ды. Ал оның қандай өнім беріп жатқаны да беймәлімдігі де сынға ұшыраған еді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Семейдегі тері өңдеу зауытын ашына айтқаны есімізде. «Сол комбинат қайда қазір? Қанша жұмыс орны ашылады деді, тері жинайды деді? Жабық! Жоқ! Жұмыс өнім шығарған жоқ! Міне, осындай жобалар қоғамға, жалпы мемлекетімізге зиян әкеледі. Жалпы, мына жобалардың көбі, көңілдеріңізге келмесін, енді бес жылдан кейін де тағы кездесетін шығармыз, осынан кейін көбі перспективасы жоқ, бәсекелестікке қабілетті емес, көбі жабылып қалады, ақша қайтарылмайды» деген еді. Осы мәлімдеуден кейін комбинаттың директоры бұл сөзді негізсіз деп тулаған-ды. Комбинат 10 пайызға жұмыс істеп тұр деп. Пәленбай миллион құйылған жобаға 10 пайыз деген не тәйірі?! Бұдан бөлек, миллиардтаған қаржы құйылған жобалар қанша күшенсе де, сол қаржының бір бөлігінде қайтара алмайтындығы және бар. «Өгізге туған күннің бұзауға да туғаны» осы емес пе?
Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кіреді
Қыруар қаржыны талапайға салғандардың сазайын бере аламыз ба, жоқ па? Ол да уақыт дейтін төренің үлесінде. Бірақ қит етсе, зып беруге әзір тұратын әлділерге әліміз жетпей тұрғаны ып-рас. «Маңғыт» аузыңа саңғыт» дейтін көкек инветорлардың көбейіп, қоқаңдайтыны да содан болар, сірә?!.. «Иесі жаман үйді қонағы билейді» дейді қазақ. Иесі -біз жаманбыз ба, әлде келген «қонақтарымыз» ұятсыз ба? Білмейміз, әйтеуір есіктен кіріп, төр менікі деушілерден теперішті көріп-ақ келеміз...




Көрілген: 1606    Пікірлер: 0

сейсенбі, 28.01.2014, 13:39

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    30 Желтоқсан 2021
    Доллар бағамы төмендеді
    20 Желтоқсан 2021
    Қош бол, касса аппараты!

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31