Көлік бағасы өзгеруі мүмкін - Сарапшылар отандық автокөліктер жайлы

01 наурыз 2022, 10:20

Ауди, Дженерал Моторс, Фольксфаген, Шкода, Ягуар Ленд Ровер концерндері Ресейге көлік тасымалдауды тоқтатты. Көрші елге енгізілген шектеулер Қазақстанның автонарығын жандандыра түседі дейді сарапшылар. Өйткені шетелдік көлік іздеген ресейліктер енді бізге қарай ағылуы мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Украинадағы жағдайға және рубль бағамының төмендеуіне байланысты қазір әлемдік автоөндірушілер Ресейге көлік жеткізуді уақытша доғарды. Ал Мәскеудегі Рено зауыты 13 наурызға дейін автомобиль өндірісін тоқтатқан.

"Мен көлікті дереу сатып алуға кеңес беремін. Өйткені нарықтағы ахуал дәл қазір тұрақты. Бірақ жағдай кез келген уақытта лезде өзгеріп, көлік бағасы да қымбаттап кетуі мүмкін. Қазір адамдар валюта және көрші мемлекеттермен не болатынын ойлап қорқып жүр. Ресейге енгізілген санкциялар бізге қатты әсер етпейді. Керісінше, ресейліктер енді бізден көлік сатып алатын болады. Міне сол кезде сұраныс көбейеді. Әрі ресейлік нарыққа біз тәуелді емеспіз. Біз көбіне көлікті Еуропа, Америка, Корея және Қытайдан аламыз", - деп түсіндірді сарапшы Алексей Алексеев.

Ресейлік маркаларды өндіретін автозауыттар кейбір қосалқы бөлшектерді санкция жариялаған шет елдерден алдыртады. Сарапшылардың пікірінше көрші елдегі автоөнеркәсіп тұралап қалуы мүмкін. Ал бізде әзірге баға тұрақты. Автосалондар валютаның құбылғанына қарамастан құнын бір деңгейде ұстап тұрмақшы. 

"Көліктердің жартысы Қазақстанда жасалған, қалғаны Ресейден. Осы өзгерістер әсер етуі мүмкін. Бағалары өзгерілуі мүмкін. Бірақ қазіргі таңда бағаны ұстап тұрмыз. Көліктерді ескі бағамен сатып жатырмыз", - деді Алматыдағы Renault көлік салоны сату бөлімінің басшысы Сұлтан Сералиев.