Көмірдің қызуы емес, құны қызып тұр
Қазанның соңы көрінді... «Қарашада өмір тұр» (Абай)... Қай өңірге қарасаңыз да көмір бағасының көтерілгенін айтып дабыл қаққан жұрт. Күн суытқан сайын қатты отынның да қадірі арта түсетіні түсінікті, бірақ, қарапайым халыққа қыстың соңына дейін жететіндей көмір қорын сатып алуға шамасы жоқ қазір. Елордамен көршілес жатқан «шахтерлер қаласы» Қарағандының өзінде көмір бағасы аспандап тұрғанда Астанада ат сабылтып, арзанға отын табу қайдан болсын. Түріне қарай таңдағанымен, тигеніне қарай алуға мәжбүр. Яғни, мұнда әкелінетін Шұбаркөл, Қаражыра, Майкуба, Богатырь кеніштерінен тасымалданатын көмір бағалары да әртүрлі.
Қазіргі күнде ең төменгі Богатырь кенішінен әкелінетін көмірдің тоннасы 8 мың теңгені шамалағанда Шұбаркөл мен Майкубаның көмірін жеке үйде тұратындар 12 мың теңгеден ала бастады. Шамасы жоқтарға мұндайда қаппен алудан өзге амал жоқ. Ал бір қап отын 700-800 теңгеден айналады. Егер бір қысқа жағуына қарай шамамен 5 тонна жеткілікті деген күннің өзінде 60 мың теңге бір ғана көмірдің өзіне кетеді. Ал бір машина ағаш 30 мың теңгеге табылса, қыстың соңына дейін алаңдамай-ақ қоюға болады. Көбіне күні бұрын қамданбай «Уақыты келгенде көреміз» дейтін қазақы әдет тықыр таянғанда барып қимылдауға кіріскенде осылай етегін жапса, басы ашық, басына тартса, етегі түрілген қалыпта әупірімдеп қысқы маусымға кіреді. Бұл, әрине, жылдағы жағдай сияқты болып көрінгенімен, бұқара халық отын бағасының тым қымбаттап кеткендігін айтуда.
Ал оның себебі көмір тасымалдаумен айналысатын компаниялардың түрлі желеу, небір сылтауынан шығатыны түсінікті. Біріншіден, жанар-жағармай қымбаттады, екіншіден оның өзі қат, кеніштің өз басына барғандағы тоннасы 5 мың теңгеден (шамамен) айналған күннің өзінде қаладағы көмір қоры сақталатын жерге әкелінгенде жол шығына байланысты 2-3 мың теңге қоспаса, тасымалды ақтамайды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, отандық нарықтағы көмір бағасы кеніштен шыққан бағадан тұтынушыға жеткенге дейін 6-7 есеге дейін артады. Экономистердің айтуынша, жоғары бағаны қалыптастыруға тасымал шығындары мен бастапқы өнім берушіден бастап өткізу бағасын еселеп көтеретін делдалдардың кесірінен қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіп отыр. Ал оларды тізгіндейтін заңдық негізде ешқандай күш жоқ. Сондықтан да басқа салғанға көнуге тура келеді.
«Күріштің арқасында күрмек су ішеді» дегендей, көмірдің арқасында көл-көсір пайдаға кенелетіндерді тыюға тырысқанымызбен, оны сыртқа экспорттауға деген сұраныс тағы шығады.
Қазақ жерінде көмірдің алғаш табылу тарихы туралы дерек бәрімізге белгілі. 1833 жылы қой бағып жүрген Байжанов Аппақтың Қарағанды жерінен «отқа жанатын қара тасты» кездейсоқ тауып алғаны оның атын тарихта қалдырды. Бірақ одан кейін 23 жыл өткенде барып, өнеркәсіп иелері кен орнын қарай бастаған екен. Сөйтіп біртіндеп, қазақ жерінде көмірді игеру өндірісі 1856 жылдан бері еліміздің әр түкпірінен қатты отынның көзі табылып, ел игілігіне пайдаланылуда. Бірақ, қашан да «іргемізде көмір, жылуы жоқ өмір» деген мәтел көктем құлағы көрінгенше жалғаса беретін сыңайлы.
Автор: Сәтжан Қасымжанұлы, Астана қаласы.
Жұлдыз
Радиосы