Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

"Конкурстық комиссия болмайды": мемлекеттік сатып алуларды өткізу тәртібі өзгереді

21 тамыз 2020, 14:15

Қаржы министрлігі арнайы заң арқылы мемлекеттік сатып алуларды толығымен автоматтандыруды көздеп отыр. Тендер кезінде конкурстық комиссиялар болмайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

 

Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметовтың пікірінше, мемлекеттік сатып алулар саласында тауар мен қызметті жеткізуші компанияны таңдау кезінде адам факторын толығымен жою қажет. Сонда сыбайлас жемқорлық болмайды.


"Осыған байланысты біз мемлекеттік сатып алулардың жаңа тәсілін пысықтап жатырмыз. Онда рейтингтік-балдық жүйе қолданылады. Бұндай сатып алуларға адам мүлдем араласпайды. Конкурстық комиссия да болмайды", - деді Ахметов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

 

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік сатып алулар порталында тауар мен қызметті жеткізушілердің рейтингін енгізу ұсынылып отыр. Мәселен, еңбек тәжірибесі, қаржылық тұрақтылығы, кепілдік мерзімі және тағы басқа көрсеткіштер үшін ұпай беріледі. Ал қарыз бен айыппұлдар болса, теріс ұпай жазылады. Соның негізінде рейтинг жасалады.

 

"Осылайша, мемлекеттік сатып алулар порталы ұпай саны, баға мен сапа көрсеткіштерін ескере отырып, жеңімпазды анықтайды. Ондай тәжірибе Оңтүстік Кореяда бар. Ол әлем бойынша мемлекеттік сатып алулардың электронды жүйесі жағынан көшбасшы елдердің қатарына кіреді", - деп түсіндірді Ахметов.

 

Департамент директоры парламент мәжілісінде мемлекеттік сатып алулар мәселелеріне арналған заң жобасы жатқанын да жеткізді. Барлық өзгеріс осы құжаттың аясында қолға алынады.