Қош бол, касса аппараты!

20 желтоқсан 2021, 14:48

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда кәсіпкерлер қолданатын касса аппараттарының санын біреуге дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Мәжілістегі үкімет сағаты кезінде салықтық және кедендік басқаруды цифрландыру мәселесі талқыланды. Қаржы министріне бақылау-касса машиналарының қызметін POS-терминалдармен біріктіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрақ қойылды.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қазір шағын кәсіпкерлерде бірнеше касса аппараты бар екенін және бұл олардың есеп беруін айтарлықтай қиындатып, клиенттердің дүкенде болу уақытын екі есеге ұлғайтып отырғанын атап өтті.

 «Қазір біз екінші деңгейлі банктермен жұмыс істеп жатырмыз. Олар ынтымақтастық орнатып, бірге жұмыс жүргізуге дайын. Бұл банктердің қатарында Kaspi банк, Halyk банк, Альфа банк бар. Біз POS терминал арқылы есеп айырысу кезінде чек жарамды болуы үшін бақылау-кассалық машиналары бар заманауи POS-терминалдарды пилотты режимде сынақтан өткіземіз. Бұл жұмыстар 2022 жылдың басында басталады», – деді министр.
Сондай-ақ Ерұлан Жамаубаев пилоттық жобаның қорытындысы бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу қажет болатынын атап өтті. Қаржы министрлігі бұл жұмысты 2022 жылдың соңына дейін жүргізуді жоспарлап отыр.

Қаржы министрлігі кәсіпкерлер қолданатын касса аппараттарының санын қысқарту сатып алушыларға қызмет көрсетуді жеделдетіп, бизнесмендердің қазыналық деректер операторларына артық төлем жасауын азайтады деп сендірді.

turkistanzaman.kz