Құс етінің импортына тәуелділік 51%-дан 35%-ға дейін азайды

17 мамыр 2022, 10:50

Еліміз жұмыртқа өнімі бойынша өзін-өзі қамтамасыз етеді. Ал құс еті бойынша соңғы 3 жылда импортқа тәуелділікті 51% - дан 35% - ға дейін төмендетті.
 
 Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты.

Ведомства басшысының мәлімдеуінше, мал шаруашылығы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің басты салаларының бірі. Оның үлесіне ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 42,1% - ға жуығы, ал экспортта мал шаруашылығы өнімінің үлесі 4%-ды құрап отыр.

Еліміздің мал шаруашылығы жалпы ауыл шаруашылығының салыстырмалы түрде тұрақты дамып келе жатқан саласы ретінде сипатталатыны айта кеткен жөн. Бұған мал мен құс санының тұрақты өсу қарқыны, олардың сапалық көрсеткіштерінің жақсаруы, жануарлардың өнімділігінің артуы, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемінің ұлғаюы дәлел бола алады. Еліміз жұмыртқа бойынша өзін-өзі қамтамасыз етеді, ал құс еті бойынша соңғы 3 жылда импортқа тәуелділікті 51% - дан 35% - ға дейін төмендетті, - деді Ербол Қарашөкеев.
Айтуынша, мұның барлығы саланың көлемі жылдан жылға тұрақты қарқынмен артып келе жатқан  мемлекеттік қолдау шараларының арқасында болған.

Бұл бүгінгі таңда саланың инвестициялық тартымды болуына әкелгенін айта кеткен жөн, - деді ол.
BAQ.KZ