Нарық

Күйген тауықтан президенттің асына дейін: Аспаз - Бағдат Қадыров

  • https://azh.kz/

    https://azh.kz/

Авангардттық Бағдат болашақта кәсіби және танымал аспаз боламын деп әсте ойламаған. Бірақ солай болды. «АЖ» тілшісімен әңгімесінде 26 жастағы Бағдат ҚАДЫРОВ өзінің өмір өткелдерімен таныстырып, қазақстандық мейрамхана асханасының қызықты тұстарын да айтып берді.

 

Бағдаттың анасы мұғалім, әкесі – автомеханик (айтпақшы, әкесінің туған ағасы қазақ эстрадасының жарық жұлдызы - Сембек Жұмағалиев). Бала кезінде актер болуды армандаған, бірақ бір жағдайға байланысты сол арманынан қол үзді.

 

-Үшінші сыныпта оқып жүргенімде мені ит қауып алды, содан тұтыға бастадым. Өз-өзіммен тұйықтылап, сыныптастарыммен де сөйлеспейтін болдым, - дейді Бағдат.

 

- 9 сыныпты аяқтар кезде «тіс дәрігері» мамандығын игергім келді. Оқуы ұзақ екенін білгенде, ол ойымнан айнып қалдым. Әкемнің ұсынысымен Алматыға келіп,  аспаз оқуына түстім. Мен оқуға түскен кезде, Атыраудағы құрдастарым «Бағдат, не істеп жүрсің? Бұл еркектің жұмысы емес қой. Таста! Одан да мұнайшы бол!» деп айтып жүрді. Аспаз мамандығында 28 ұл мен 3 қыз оқыдық. Бәрі Оңтүстік Қазақстанның тумалары. Батыстан тек мен ғана, тіпті, колледжде де жалғыз батыстық болдым. Қазір мен өмірден өз орнымды тауып, ортаны жарып шықтым деп ойлаймын.

 

Айтпақшы, менің актер болу арманым орындалды деуге негіз бар. Бірде мейрамханаға «Хабар» арнасының өкілі келіп, қазақ тілді аспазбен шоу түсіргісі келетінін айтты. Сөйтіп мен эфирге шықтым. Атақты әртіс-әншілермен бірге тамақ дайындап, басқа да арналардан шақырту алдым. Осылай танымал болдым.

 

ҰНДЫ КЕСІП, МАКАРОНДЫ ҮРУ

 

- Алғашқы пісірген тамағың қандай болды?

 

- Қызық болды. Бір күні анам жұмысқа кетерде тауық пісіріп қоюды тапсырған еді, бірақ мен оны пешке қойып, ұмытып кеттім. Келсем - күйіп кеткен! Дереу шығарып, оны қағазға орап, қоқысқа тастадым. Сол бойда  дүкенге барып, қайтадан тауық сатып алып, жақсылап пісіріп қойдым. Әкеме де, анама да ұнады.

 

- Жұмыста неден ләззат алып, қуаттанасыз?

 

- Әрине, барлық адамдар сияқты, жалақы алғаннан. Шынымды айтсам, өзімнің авторлық тамағымды біреулер мақтап, шын жүрекпен тілек айтса, соған қатты қуанамын. Сонымен қатар, ата-анам менің әрбір жетістігіме марқайып отырады, мен үшін сол маңызды.

 

- Ер адамның аспаз болғанына өзгелер қалай қарайды?

 

- Әйел адам – ас үйдің жүрегі. Ер адамдар үнемі тамақ пісіре бермейді, сол себепті бір рет пісірген кезде бар өнерін салады. Сондықтан тамағы дәмді шығады. Ал әйел адам үшін бұл күнделікті іс. Жалпы шетелде мейрамханадағы бас аспаздың көпшілігі – ер адам. Өйткені ас үйдің жұмысы ауыр: 10 сағаттан астам уақыт ыстық жерде жүресің. 20-30 адам әртүрлі тамаққа тапсырыс берген кезде, оларға 15 минутта дайындап беруің керек. Мұндай қиындықты тек ер адамдар ғана жақсы көтереді.

 

Алматыдағы оқуды бітіргеннен кейін Қазақстанда әзірше белесті бағындыра ала алмайтынын біліп, Бағдат Мәскеуге жол тартады.

 

- Мен Ресейге 50 мың теңгемен кеттім. Ол жерде аспаздық курсына түсіп, кешке мейрамханада аспаздың көмекшісі болып жұмыс жасадым. Ақшам болмай, мейрамханада қонып жүрген кездер болды. Қай жағынан да шаршап, аспаздықты тастап үйге қайтқым келген. Бірақ бар күш-жігерімді жинап, ары қарай жұмысымды жалғастырдым. Бойымда бәрі бекер емес деген сенім болды.

 

- Кәсіби мейрамханадағы алғашқы күндеріңіз қалай өтті?

 

- Басында аспаздың көмекшісі болдым. Бас аспаздың ұлты ұйғыр, мені жақсылап үйретті. Аспаздықты жаңадан бастайтындарға айтарым – ең бірінші қасапшылықты игеріңіздер. Өйткені бас аспаз алдына келген етті ажырата білу керек. Ет пен сүйектің қосылған жерін біліп, еттің жұмсағын бөліп алып, сүйектерін әдемілеп шығарған жөн. Осы жерде кәуап пісіруді үйрендім – ол да бір кәсіп. Бірақ бәрібір бір нәрсе жетпейтін секілді. Білімімді жетілдіріп, өз-өзімді дамыту үшін Дубайға барып, аспаздық оқуды жалғастырдым. Әлі есімде, мені мейрамханаға тағылымдамаға жіберді. Ол жерде өз ісінің шеберлері жұмыс жасайды. Өздері қу. Біреуі келіп, 1 килограмм күріштің ішінде неше түйір болатын санауды тапсырды.  Мен 5 минуттай санап тұрдым. Кейін бәрі күлген кезде, мұның әзіл екенін түсіндім. Бір күні 1 кг ұнды төртбұрыштап турауды тапсырды, сосын макаронды үргізіп қойды. Осындай әзілдері бар, оған  ренжіген емеспін.      

 

 

АНДА КӨМЕКШІ, БІЗДЕ – БАС АСПАЗ

 

- Ұлттық тағам түрлеріне бай болса да, Қазақстанда аспаздық өнер дұрыс дамымаған деп жатады...

 

- Иә, өкінішке орай, солай. Себептерінің бірі бізде шетелден келген аспазға аузын ашып қарайды. Елімізде Түркия елінің аспаздары өте қатты бағаланады. Олар айына 5000 доллардан артық жалақы алады. Мәселен, Алматыдағы бес жұлдызды қонақ үйдің бас аспазы – Түркия азаматы. Ал жергілікті аспаздардың жалақысы едәуір төмен. Бірақ, өз елімізде де олардан асып кететін тамаша аспаздар бар.

Өкінішке орай, Италияда пияз аршып, Францияда салат жасап жүрген аспаз Қазақстанға келіп бас аспаз болып кетеді. Ас мәзірінде бас аспаз Италиядан келген деп жазылып тұрса, мейрамхана үшін мәртебе санайды, ал келген қонақтар оның өз елінде жәй аспаздың көмекшісі екенін қайдан білсін.

 

- Аспаздар Қазақстанда сапалы көкініс-жидектер табу қиын деп шағымданады. Шынымен де солай ма?

 

- 10 жыл бұрын қатты қиналсақ, қазір олай емес. Қазір кез-келген тамақты тапсырыспен алғыза аламыз. Астана мен Алматыда жұмыс жасағаннан кейін, Оралға келдім. Сол кезде мұнда қажетті көкіністерді табу қиын болатын шығар деп ойлап едім, бірақ қателесіппін. Логистика жақсы дамыған, бірақ теңіз өнімдерін табу қиындау.

 

- Мейрамханаға қонақ болып барған кезде әріптестеріңіздің дайындаған тамағына сын айтасыз ба?

 

-Бізде мейрамханалардың қызмет көрсету деңгейі төмен. Өйткені жақсы мамандар аз. Даяшы тамақтың қалай, неден дайындалғанын  түсіндіре алмай, ал аспаздар ас үйден шықпай жүреді. Керісінше аспаз залда жүріп, келушілердің көңілін табу керек. Ас мәзірінде фетучини мен палау деп тұрса, қонақ фетучинидің не екенін білмей, өзі білетін үйреншікті палау немесе манты ала салады. Бұл да мейрамхананың қателігі. Достарыммен барған кезде, сынамаймын. ­Өйткені мен мейрамханаға сынау үшін емес, демалу үшін келдім ғой.

 

 

НАЗАРБАЕВТЫҢ ТҮСКІ АСЫ

 

- Білуімше, сіз Нұрсұлтан Назарбаевқа түскі ас дайындап бердіңіз?

 

- Ол Mega сауда ойын-сауық кешені ашылған кезде Алматыға келді. Екі күн бұрын барлық тағамдарды тексеріп, сынама алды. Елбасы балықты, теңіз тағамдарын жақсы көреді. Біз оған сибас балығын жеміс-жидек соусымен дайындап бердік. Сол кезде елбасыдан бір метрдей жерде тұрып, ол сенің тамағыңды жеп жатқан кезде, бойыңды ерекше сезім билейді. Оған тамағымыз ұнады. Сонымен қатар «ҚазақстанТемірЖолы» АҚ сол кездегі Президенті Асқар Маминмен бірге арнайы пойызбен Қытайға аспаз ретінде барып келдім.

 

- Президентке тамақ дайындаған атыраулық жігіт ең жоғарғы аспаздық марапат -  «Мишлен» жұлдызына қызығады ма?

 

- Бұл жұлдызды Қазақстанда әлі ешкім алмаған. Білесіз бе,  Италиядағы достарымның айтуынша, бұл жұлдызды сатып алуға болады. Сол себепті бұл жұлдызды иеленуге  талпынбаймын. Мен қазақ халқының жүрегін шетелдік атақпен емес, қол жетімді әрі дәмді астарыммен жаулағым келеді.

 

- Жақсы, ал өз атыңды бредке айналдырғың келмей ме?

 

- Әрине, атымды брендке айналдырғым келеді. Дубайда атақты Нусрет аспаз бар. Соның стейгін жеген таныс достарым одан гөрі менің стейгім дәмді екенін айтады. Бұл жерде жарнама жақсы болды. Қазір «Бағдат кук» брендін дамытып жатырмын.

 

-Тамақты кім жақсы дайындайды, анаңыз ба әлде өзіңіз бе?

 

-Әрине, анам! Әлемдегі барлық бас аспаздан артық дайындайды.

 

Әңгіме соңында Бағдат оқырмандарымызға бірнеше тамақтың рецептісін ұсынды. Қазір карантиндегі әйелдер мен ер азаматтар да дайындап көруге болады. Астарыңыз дәмді болсын!

 

ВИДЕО:  www.youtube.com/watch

 

ВИДЕО:  www.youtube.com/watch

 

 

Фархат ӘБІЛОВ

Сурет пен бейнежазбаны Бағдат ҚАДЫРОВ ұсынды

 

 




Көрілген: 485    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 22.04.2020, 13:55

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31