Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Қымыз косметологиясын қашан қолға аламыз?

26 желтоқсан 2012, 13:36

Өткенге көз жүгіртсеңіз, қазақ бәйбі­шелерінің сұлулығын сақтау үшін жас саумалға түскені жайлы дерек көп. Сонау біздің заманымызға дейінгі төртінші мыңжылдықта қазақ даласында жылқыға алғаш ауыздық салынғаннан бері ата-бабамыз малдың бұл түрінен ажыраған емес. Демек, жылқы еті мен оның сүтінің адам ағзасына қандай пайдасы барын қазақтан артық ешкімнің жетік білмейтіні анық. Тек ғылым мен өндірістің кенжелеп қалуы салдарынан бұл мүмкіндікті өзгелер пайдаланып кетуде. Мысалы, немістер бұл күні қымыздан бет күтіміне арналған крем, опа-далап, сабын сияқты заттар жасап жатыр.
Жылқы шаруашылығы – қазақ халқының ықы­лым заманнан келе жатқан төл кәсібі. Себебі энеолит дәуірінде, яғни біздің заманымызға дейінгі төртінші мыңжылдықта жа­байы жылқыға ауыздық осы жерде салынған. Солтүстік Қа­зақ­стан облысы Айыртау ауданына қарасты Ботай қо­рымы­нан табылған сүйектер мен ат әбзелдері сөзі­мізге д­әлел бола алады. Археологтар 1980 жыл­дан бері жүргіз­ген қаз­ба жұмыстары бары­сын­да ұзын саны 40 мыңнан ас­там зат тапқан. Мұн­дағы жылқы сүйектерінің көне заман­ға тие­сілі екенін естіген Америка, Англия, Германия, Ресей ға­­лым­дары да зерттеу жұмыстарына білек сыбана кіріскен. 
Кейін Алан Оутрам есімді ғалым  та­былған сүйектерде жылқының тіс­тері мүжілген, оған сызат түс­ке­нін байқаған. Осыған қарап, жыл­қы­ны мініске пайдаланғанын, ауыз­дықталғанын анықтаған. Ға­лым­дар қазақ даласында жыл­қы мініліп қана қоймағанын, сонымен қатар оны сауып, сүтін азық еткенін де дәлелдеді.  Дәл осы Ботай қорымынан қазып алынған қыш ыдыстардың ішінен кепкен жылқы сүті болғаны байқалған. Сонау ерте заманда ерекше құнар­лы қымыз сусын ретінде пай­да­ланылғаны еш дау туғызбады. Қазақ халқы сол дәс­түр­ден жаңылмай, қымыз-қымыранды әлі күнге дейін ішумен келеді. Алайда оны жаңа технологиямен өңдеп, медициналық дәрумендер, дәрі-дәрмек, косметикалық крем, опа-далап өндіру ісіне келгенде ұяттымыз.
Ғалымдар бие сүтінің адам ағзасына пайдалы екенін дәлелдеп отыр. Ол – ерекше қасиетке ие сусын. Көптеген дертке ем. Ғалымдардың зерттеуінше, қымыз бүй­рек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды екен.  Буын ауру­ла­рымен сүйектің қақсауын (атрофикалық ар­трит, ревматикалық артрит), еркектік күш­ті (эректикалық дисфункция), жүй­ке­нің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы са­рыауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың  алдын алады немесе жеңілдетеді. Қымыз іштегі ыстықты азайтады. Қымыз адамның физи­ка­лық жағдайын жақсартады, тәбетін аша­ды, ас қорытуды жақсартады, жаңа бо­сан­ған келіншектің сүтін қалпына келтіреді. Жыл­қы саумалы мен ана сүтінің құрамы ұқ­сас келетіндіктен, оны жаңа туған нә­рестеге де беруге болады.
Сонымен қатар бие сүті адамның те­рісін жасарту қасиетіне де ие. Бұған қазақ бай-сұлтандары бәйбішелерінің саумалға түскенін мысалға келтіруге болады. Бие сүті теріні жұмсартып, ерекше балғындық бе­реді екен. Қымыз бүгінде косметика са­ласында қолданылып жүрген опа-да­лап­тар­дан пайдалы болмаса, кем түспесі анық. Оның құрамында не керектің бәрі бар. Мысалы, онда 4,5% – спирт, 30-70% про­теин болады, сондықтан олар  өте жо­ғары протеинді диеталық қоспа болып та­былады. Протеинде бос амин қыш­қыл­дарының 26 түрі және  17 гидролизденген бе­локтық амин қышқылы бар. Бос амин қышқылдарының өзінде жеті амин қыш­қылы – треонин, фенилаланин, валин, лей­цин, изолейцин, лизин, метионин бар. Бұлардың бәрі де адам ағзасы үшін өте маңызды. Қымыз құрамында сондай-ақ 28 түрлі микроэлемент, көптеген витамин, три­терпеноидтар, аденозин, трифосат, сте­роид, жыныс гормоны, кортикалды бүй­рек үстіндегі бездің гормоны, көптеген ал­колоид пен хош иісті альдегидтер, мы­салы, децил спирті, гендекалон, до­де­ка­нол, гептадеканол, өзінің этилациттары жә­не изомерімен, сондай-ақ тез бу­ла­натын алифатты көміртектері  және темір бар. Құрамы осыншама бай сүт басқа еш жануарда болмайды. Сүтінің құнарлы болуына жылқы малының шөпті талғап жейтіндігі, шалшық суды ішпейтіндігі тағы да басқа қасиеттері себеп. Ендеше, қы­мыз­бен емдеу, сондай-ақ қымыз кос­мето­ло­гиясын қолға алуға мүмкіндігіміз зор екені белгілі.
«Қымыздың осындай ерекше қасиетін пай­даланбау әбестік болар еді», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымының кан­ди­даты, «Арқалық» шаруа қожалығының бас­шысы Нағашыбай Барлыбаев. Жылқы шаруашылығымен айналысып, қымыз шығаруды өндірістік жолға қойған кәсіпкер енді тың бастаманы қолға алды. Үш жыл бұрын Қызылжарда қы­мыз және бал­шық­пен ем­дейтін медициналық ор­талық салу­ға кіріскен.
Нағашыбай БАРЛЫБАЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:
– Қымызды сан ға­сыр­лар бойы ішіп ке­ле­міз. Енді оның емдік қа­сиетін пай­далану керек. Мен ес білгелі қымыз ішіп­­пін. Анам 72-ге ке­ліп көз жұмды. Ба­ла­ла­рының аузын ақтан еш үз­беді. Бұл дәстүр бізге де жұқты, мен де он­да­ған жылдар бойы жыл­қы шаруа­шы­лығымен ай­налысамын. Қымызды өн­­дірістік жолға қойған ал­ғашқы кәсіп­керлердің бі­рімін. Шыны құты­лар­ға құйып, дүкендерге шы­ғардық. 100 бие са­уа­мыз, жылына 45 мың литр қымыз өндіріп отыр­мыз. Бүгінде ашытылған бие сүті бол­са, қымыз дей салатын бол­дық. Ал шындығында оның түрі көп. Емдеу орталығы ғимаратында қы­мыз­хана ашу­дағы мақсатым – қы­мызды на­си­хаттау және қымыз ішу мәдениетін қа­лыптастыру.

Нағашыбай Барлыбаев: «Қымызды не­міс­тер патенттеп алыпты деп шу шығару не­гізсіз», – дейді. Себебі неміс қымызы қа­­зақ қымызына жетпейді. Мысалы, Гер­ма­­нияда жылқыны қорада байлап ұс­тай­ды. Ал біздікілер қысы-жазы жайылымда. Бер­­геніңді емес, өзі таңдаған шөбін жейді. Со­ған сай сүтінің құрамы да басқаша бо­лады екен. Демек, қазақ медицинасы мен косметология саласы үшін бұл – зор мүм­кіндік.