Маңғыстау облысындағы мердігер компанияларға қомақты айыппұл салынды

15 мамыр 2022, 17:30

Маңғыстау облысында баспана құрылысында заңбұзушылыққа жол берген мердігерлер 14 млн-нан астам теңге айыппұл төлейді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Прокуратура келтірген мәліметтерге сүйенсек, кейбірі тұрғын үй кешендерін салуды мемлекеттік сараптама нәтижесін күтпестен бастап кеткен.

 

Тағы бірінің жобалық-сметалық құжаттары болмай шықты. Құрылыс-монтаж жұмыстарын рұқсатсыз жүргізіп жатқандары да анықталды.

 

Жинақталған мәліметтер мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолданған. Олар өз кезегінде құрылыс компанияларын айыппұл төлеуге міндеттеп отыр.

 

 Әлібек Кеңесұлы, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

 

– 7 тәулік ішінде төлеген жағдайда 50% қысқартылады. Қазіргі таңда соған байланысты 7 млн 152 мың 105 теңге айыппұл мемлекет кірісіне өндірілді. Ағымдағы кезеңде басқармамен 3 тексеру жұмыстары жүргізілді. 31 әкімшілік іс жасақталды, 5-уі сот органдарына жолданды.