Майнерлер бюджетке 652 млн теңге төледі

30 мамыр 2022, 17:20

Майнерлер электр энергиясының 1 киловатт/сағаты үшін 1 теңге төлейді. 2022 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша цифрлық майнинг үшін төлемақыдан бюджетке 652 млн теңге түсті.
Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратынша, биыл 1 қаңтардан бастап цифрлық майнинг үшін төлемақы енгізілді. Цифрлық майнинг саласында қызметін жүзеге асыратын тұлғалар төлемақы төлейді. Салық қызметті жүзеге асыру кезінде тұтынылған электр энергиясының нақты көлемі үшін алынады.
"Төлемақы есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей, тоқсан сайын төленеді. Оның сомасы электр энергиясының 1 киловатт-сағаты үшін 1 теңгені құрайды", - деді комитеттегілер.
Цифрлық майнинг үшін төлемақы 12 өңірдің төлеушілерінен түскен:
 
Нұр-Сұлтан қаласы – 277,3 млн теңге;
 
БҚО – 143,1 млн теңге;
 
Ақтөбе облысы – 48,9 млн теңге;
 
Қарағанды облысы – 45,2 млн теңге;
 
Павлодар облысы – 36,9 млн теңге;
 
Алматы қаласы – 36,1 млн теңге;
 
Атырау облысы – 26,4 млн теңге;
 
ШҚО – 24,3 млн теңге;
 
Алматы облысы – 11,1 млн теңге;
 
Түркістан облысы – 2,2 млн теңге;
 
Жамбыл облысы – 685,1 тыс теңге;
 
Қостанай облысы – 39,9 мың теңге.
Бұл ақша республикалық бюджетке түседі. Сәйкесінше төлемақы түскен өңір мен майнинг фермасының орналасқан жері сәйкес келмеуі мүмкін.
Төлемақының ірі төлеушілері:
 
"AISolutions" ЖШС – 93,2 млн теңге;
 
"ЛЛУ АГРО-ЭНЕРДЖИ" ЖШС филиалы – 76,7 млн теңге;
 
"BCD Company" ЖШС – 53,8 млн теңге.
Бұған дейін электр қуатының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында майнингті жүзеге асыратын кәсіпорындардың дені 2021 жылғы қазаннан бастап электр энергиясынан ажыратылғаны хабарланды. Осыған байланысты күткен соманың басым бөлігі бюджетке түспей қалған.
Қазіргі таңда парламент цифрлық майнинг үшін төлемақы ставкасын ұлғайтуды көздейтін заң жобасын қарастырып жатыр.