Миллиардерлердің ақшалары қайдан пана табар екен?
Әлемнің көп елдерінде банк құпиясын ашу осы күнге дейін мүмкін болмай келген. Иә, қаржы ұйымдарынан, яғни жекелеген банктерден ақпарат алу, мысалы үкіметаралық келісім негізінде немесе төтенше жағдайлар орын алғанда кездесіп жатты. Бірақ өте сирек. Енді қаржы құпиясын бұзу - Еуроодақ елдері үшін қалыпты жағдайға айналатын күн алыс емес, нақтырағы 2017 жылдан бастап.
Жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысы талай елді есеңгіретіп тастағанын барша біледі. Дүбірі әлі басыла қоймаған дағдарыс кезінде әлемдiк ауқымдағы, сол сияқты ұлттық деңгейдегi қаржылық қатынастардың қолданыстағы модельдерiнiң бірталай кемшiлiктерi қалқып бетке шыққан еді. Былайша айтқанда, қаржы институттарының әлсіз тұстары «әшкере» болып қалды. Банк құпиясы - дағдарысқа әкеп тіреген негізгі факторлардың бірі болып табылған еді сонда. Негізі, банк құпясын жою мәселесі сол кездері көтерілген, алайда аяқсыз қалған-ды.
Еуроодақ елдерінің Экономика және Қаржы министрлері кеңесі есепшоттарында миллиардтары жатқан бай-манаптардың әрқайсысы әрқалай қабылдайтын жаңа заң жобасын жасауға қайта кірісті. «Әркім әрқалай қабылдайды» дегеніміз, бұл жерде біз олардың бірінің капиталы адал, енді бірінікі арам екендігін мегзеп отырмыз.
Осы тұста айта кетейік, Forbes журналы 1 миллирд доллардан астам қаржысы бар алпауыттардың тізімі бойынша 2014 жылға рейтинг жасаған екен, ұзын саны 1645-ке жетті. Олардың арасында қазақстандықтар да жоқ емес. Бұл тізімде біздің бес азаматымыздың аты аталады.
Өйткені, заң күшіне енген күннен бастап, еуродақ елдерінің салық органдары бір-бірімен ақпарат алмасуды бастайды.
Өз мәлімдемесінде Еуроодақ елдерінің Экономика және Қаржы министрлері кеңесінің президенті Пьер Карло Падоан:
-Салық саласы бойынша автоматты түрде ақпарат алмасу мәселесіндегі саяси келісімдер жемісін бере бастады. Барлығы дерлік қолдап отыр. Алайда жаңа директива тек 28 ел бірауыздан мақұлдағанда ғана бекітілетін болады. ЕО-дағы салық төңірегіндегі банк құпиясының өміршеңдігін жоятын күн алыс емес, - деп атап өтті.
Біздің мамандардың пікірлері төмендегідей.
Зиябеков Бейсенбек, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
-Бұл - құптарлық шешім. Бұл - мына біз өмір сүріп отырған қоғамның тазара бастағанының белгісі. Бұл – жариялық үстемдік құрып келеді деген сөз. Қазақстан да осындай жақсы үдерістерден үлгі алса деймін. ХХІ ғасырда әлемдік қауымдастық даму үшін әділеттілік пен заңдылықтың, жариялық пен жасампаздықтың аса қажет екенін ұқты.
Салық төлеушілердің ақшасын жасыру - бүгінгі күні еш қажет емес екенін өмір өзі көрсетті. Ақшасын адал тапқан жандар капиталын жасырмайды. Әрине, табысын тықпалаған байларға ұнамайды, ал халық үшін тиімді. Кімде қанша ақша барын білетін болатындығымыздан емес, маңыздысы –болашақта байларымыздың ақшаларын шетелге шығаратын жолдары тарыла бастайды.
Егоров Олег, экономика ғылымдарының докторы:
-Қаржы құпиясын жою - заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Бұрындары байлардың ақшасын ашық жария ету мүмкін еместей көрінген еді, ЕО-ның бұл қадамы жақсы бастама.
Алайда менің ойымша, бұз заң 2017-ші жылы жария бола қоймас. Бұған әлі ертерек. Ертең-ақ, заңға қарсы тарап бой көрсете бастайды, яғни қайткенде оған жол бермеуге тырысатындар жоқ емес. Қысқасы, хаос басталады.
Ол Қазақстанға несімен тиімді? Біз шетелдік банктерде кімнің қанша ақшасы жатқанын оп-оңай біліп отырамыз бұдан былай. Аттары аталған соң-ақ, ол активтердің бар құпиясы өздігінен әшкере болмақ.
Жаңалықтан хабардар ел арасында «бұл үдеріс Қазақстанға қашан келер екен?» деген әңгіме шыға бастаған сияқты. Менің ойымша, мұның біздің елге еш қажеті жоқ. Отандық банктердегі салымшылардың ақшаларын шетел асып кеткен капиталдармен тіпті салыстыруға келмейді. Оның үстіне негізінен адал жолмен табылған ақшалар олар. Сондықтан да, оны құпия сақтауға ешкім мүдделі болып отырған жоқ.
Есіркепов Тоқтар, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
-Банк құпиясы негізі еуропаның бірқатар елдерінде жоқ. Десек те, бұл жақсы нышан. Прогрессивтік мәні бар тенденция. Мына жаһандану заманында ашық экономиканың маңызы өте зор.
Біздің елдің экспортының 50 пайызы шетелге кетеді. Ондай болса, бізге де қаржы құпиясына шек қою керек деп санаймын.
20 жылдың ішінде Қазақстанда қаншама миллиардерлер пайда болды. Ал 20 жыл адал еңбекпен миллиард жинау үшін өте қысқа мерзім. Міне, банк құпиясын ашу салық саласы бойынша ғана емес, коррупциямен күресу үшін де мықты механизм.
Сөз соңында айта кетейік, 2013 жылы Швейцария АҚШ-пен FATCA келісіміне қол қойған болатын. Келісім бойынша швейцар банктері АҚШ-тың салық органдарына америкалық салымшылар жайындағы мәліметті беруге міндетті.
Жаз айларында көршіміз Ресей банк құпиясына кепілдік беретін норманың жойылатынын жария еткен болатын. Заңның үлкен пікірталасқа ұшырағаны да естеріңізде болар.
Жаңа норманы сынға алған Қаржы омбудсмені Павел Медведев «менің ойымша заң жалпыға бірдей қолданбауы мүмкін. Содан қауіптенемін» деген-тұғын. Бұл жерде омбудсмен банктер тоқпағы мықтылардың бәрібір активтерін құпия сақтап қалатындығын айтқысы келсе керек. Енді береулер «салықшылар үшін өз табыстарының мөлшерін ресми түрде нақты табыстарының мөлшерінен кем тіркеген азаматтарға қарсы күрес нәтижелі болмақ» деп қуанды. Қалай дегенде де заң қабылданды.
«Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні» - банктердің салымшылар активтерін құпия сақтау - жаһандық экономикаға кереғар екендігін уақыт өзі көрсетті.
Автор: Ләззат Билан
Жұлдыз
Радиосы