Осыдан оншақты күн бұрын Астанада саршұнақ аязда бүтіндей бір мектеп жылусыз қалды. Ал сол білім ошағын тұрғызуға бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлінген-ді. Алайда сол қаржы жылу салатын қазандыққа (!) жетпей қалыпты. «Кәрі құдаң» қыс келсе Алматының да өзгелерді мысқылдар жайы жоқ. Алматы да аязға төтеп бере алмай қаладағы ескі жылу құбырлары жарылып халықтың не жылуға, не суға жарымай отырған сәттері баршылық. Сондай-ақ қыстыгүні Шығыс Қазақстандағы қауымның да есі шығып қалады. Әсіресе Семей халқының жылу мен суға қатысты мәселелерінде атқарушы билік бір мәмілеге келтіре алмай дал болуда. Тізе берсек, Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарындағы Шучье, Жәйрем, Ақтас, Белоусовка қалаларының проблемалары қыс келсе еселене түседі. Бір бұл емес, бағамдасақ, қыстың көзі қырауда біраз қауымды үйінің ішінде сырт киімін кигізіп, дірдек қаққызып, бүрсеңдетіп қоямыз. Ал сонда жылуы жоқ, суы жоқ халық қайтіп күн көрмек? Жыл сайын тарифтердің бағасы аспандайды, әкімдер «қысқа сақадай-саймыз» деп есеп береді. Бірақ жылдағы қайталатын жағдай – халық не жылуға, не суға жарымайды. Бұл салаға қанша қаржы құйылып жатыр? Тарифін төлеп, қаржысын берген халық неге сапалы қызмет түрін еншілей алмауда? Алаш айнасы осы сауалдарға арнайы жауап іздеп көрді.
Пайыздар өскен сайын, проблемалар да еселенуде
Жалпы, еліміздің коммуналдық саласы бұқараның назарын өзіне аудартудан жалығар емес. Электр энергиясына, суық суға, кәрізге деген тарифтердің қарыштап кетуі халықты бұл мәселеге қатысты алаңдатып отыр. Мысалы, бір ғана Астана мен Алматы қалаларында соңғы екі жылда электр энергиясы 33 пайызға өскен. Ал ыстық су – 37, жылу 20 пайызға қымбаттаған. Тіпті республикамыздың өзге өңірлерінде де тарифтер бағамының жарты ай сайын қымбаттауын «тұтынушылардың құқын бұзушылық» деп танитын топ Үкіметтен алдағы екі-үш жылда коммуналдық қызмет бағасына мораторий жариялауын да талап етуде.
Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:
- Бір қызығы, біздің елімізде жыл сайын тарифтер өсім беруде, ал тұтынушы соған орай сапалы қызмет түрін көріп отырған жоқ. Жылу мен жарыққа, суға бағаны өсіргенмен еліміздің қайсыбір аймақтарында жылу жүйесі қақаған қыста сыр беріп әлек салуда. Тіпті күн сайын жарығы бірнеше мәрте сөндірілетін, ыстық суы мүлде жоқ, суық суын «сұрап» ішіп отырған қарапайым қауым бір ғана Алматыда жетіп-артылады. Дегенмен ол тұтынушылар осындай қызмет түрінен қағылып отырса да, тұтынбаған жылуына, жарығына есеп айырысу түбіртегі үнемі келіп отырады. Бұл дегеніңіз - халықты қып-қызыл қанау. Сондықтан түрлі сылтауларды алға тартпай тарифтердің өсіміне мораторий жариялау керек.
Расымен де жыл сайын коммуналдық қызмет көрсетушілер құрал-жабдықтарының тозығы жеткендігін алға тартып, тарифтердің толассыз өсуін бір бітпейтін сылтаулармен ақтап алады. Соған қарамастан олардың ешқайсысы электр желілерін ауыстыру, құбырларды жаңарту және тағы басқа нақты-нақты жұмыстарды толыққанды қолға алып жатқан жоқ. Еліміздегі жылу құбырларының 75 пайызы істен шыққан деген сылтауды осымен 23 жыл естіп келеміз. Сол 23 жылдан бері тарифтің бағасы өсе береді де, ал бұл саладағы қызмет сапасы анағұрлым өсе қойған жоқ. «Халық әбден шіріген, тесік құбырлармен далаға ағып жатқан ауызсу үшін, бір жанып, бір сөніп, үнемі апаттардан көз ашпайтын электр энергиясы үшін, «жылы» деген атына сай ғана жылу жүйесін тұтынғаны үшін ақша төлеп тоналып жатыр» дейді мамандар.
Тонау мұнымен бітпейді
Монополистердің халықты тонауы бір мұнымен бітпейді. Мысалы, олар шектік тариф дегенді енгізді. Осы шектік тарифтің талабына сай бір ғана Алматыда жан басына шаққанда бір тәулікте 250 литр су пайдалануға болады. Сол судың белгіленген бағасы 250 литрге дейін 10 теңге болса, 250 литрден асып кеткеннен кейін 15 теңге болып көтерілетін-ді. Бұл мемлекеттік санитарлық талапқа сай белгіленген шектік баға еді. Ал монополистер қазірде сол 250 литрді 100 литрге дейін төмендетіп тастады. Бұдан бұрын 250 литрден асқанда 15 теңге төлейтін болсақ, қазір 100 литрден асса, 15 теңге төлеуге тура келеді. Сол тәрізді жарыққа да қатысты 100 кВт асырып жақса, көп төлейді, 65 кВт жарық тұтынса, аз төлейді. Міне, монополистер осылайша айлаға да салып отыр.
Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:
- Жалпы, тариф мәселесін шешкіміз келсе, тарифке бағаны белгілеуді жергілікті әкімдіктердің құзыретіне беру керек. Тарифтердің өсімі инфляцияға тікелей әсер етеді. Жылу мен жарық өссе, су қымбаттаса, басқа салаларда да қымбатшылық орын алады. Кез келген кәсіпорын жылу мен жарықтың, судың бағасының қымбаттағанын желеу етіп тауарының бағамын да өсіре қояды. Бұған қарама-қарсы әрекет ретінде біз қарапайым жұмысшылардың еңбекақысын да көтеріп отырған жоқпыз. Қазірде қарапайым көпшілікті қымбатшылық қамыты қысып тұр. Қымбатшылықты қойып, осы су мен жарықты барынша үнемдеуге тырысқан қауымның ішінде айына бір-ақ рет жылы сумен кірін жуып, айына бір мәрте ғана ванна қабылдап жүрген зейнеткерлерді қайтеміз? Өз басым халықтың тұрмысын жеңілдету мақсатында тарифке бағаны белгілеуді монополистерге емес, әкімдіктерге беруді тәжірибеге енгізу керек деп ойлаймын.
Құбырдың жыры тіпті мұң
Ал енді осы мәселелердің барлығын шешуі тиіс жылу мен су құбырларын модернизациялау жағы қалай дегенге келсек, бүгінде Алматыда жылу жүйесінің 600 шақырымнан астамының пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Күн сайын су ағып тұрған құбыр үшін мұндай құбырларды ескірген деуге келмейді, бұларды сала тілінде «азып-тозған, іске жарамсыз» деседі. Ал енді қалада жарты жыл сайын құны 15 миллиард теңге тұратын 44,5 шақырым желіні жаңадан тартып шығу керек делік. Тариф бойынша сол 15 млрд теңгені мемлекеттік бюджеттен бірден ала салмайды. Ол 15 млрд теңгенің бір жылда 2 млрд теңгесі бөлінуі мүмкін. Ал қалғанын біздегі жылу жүйесін, жарық жүйесін реттеп, жаңғыртып отыратын компаниялар жыл сайын тарифті өсіру арқылы халықтың қалтасынан жинайды.
Біз жоғарыда тек қана Алматыдағы жылу жүйесінің 600 шақырымнан астамы жарамсыз екенін сөз еттік. Ал енді есепке жүгінсек, сол жарамсыз жылу жүйесінің біз жыл сайын ең болмағанда 100 шақырым жаңарта алсақ, соның өзінде қаладағы жылу құбырларын түгелдей жаңартып шығуға 10 жылға жуық уақыт кетеді. Басқа аймақтардағы құбырларды қалыпқа келтіру мәселесі тұп-тура «әлеуләйлім бар болса хәләуләйлім тағы бардың» керін келтіріп тұр. Ендеше монополистерге қашанғы қаналатынымызды өзіңіз есептей беріңіз?! Осындайда «қай салада болсын бақылау пакетінің басым бөлігі мемлекеттікі болуы керек еді» деген мамандардың сөзіне құлақ аса бермейтініміз еріксіз қынжылтады.