Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Мыңдаған мемлекеттік қызметкер декларация тапсырудан жалтарды

21 желтоқсан 2022, 14:24

Мемлекеттік қызметкерлер арасында 2021 жылғы табыс декларациясын тапсырудан жалтарудың 39 мың фактісі анықталды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісі мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәліновке сілтеме жасап жазды.

Қазақстанда жалпыға бірдей табыс декларациясын кезең-кезеңімен енгізуге шешім қабылданған болатын. Алдымен мемлекеттік қызметкерлер 2021 жылғы есебін тапсыруға міндетті.

 

"570 мыңнан астам декларация түсті. Алайда декларацияны тапсырмау фактілері де болды. Ондай адамдардың саны 39 мың болған. Барлығына тиісті ескертулер жіберілген. Соның нәтижесінде 10 мың адам табыс декларациясын тапсырды", - деді Жанәлінов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

 

Оның айтуынша, қазіргі кезде қалған 29 мың адамның декларацияны не себепті тапсырмағаны анықталып жатыр. Олар да түсініктеме беруге тиіс. Табыс декларациясын тапсырмаған мемлекеттік қызметкерлердің арасында жұмыстан шығып кеткен адамадар да болуы мүмкін. Бірақ олар туралы мәліметтер комитетте қала береді.

 

"Айыппұлдар салынбаған, барлығына ескерту түрінде әкімшілік шара қолданылды", – деп атап көрсетті Жанәлінов.

 

Айта кетері, табыс пен мүлік туралы декларация тапсыру шаралары мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайларынан басталған. 2023 жылы мемлекеттік кәсіпорындарда (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт) істейтін қызметкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндеттеледі.