Президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа кезекті Жолдауында аймақтарды дамытуға басымдық беру керектігін ескерткен еді. Шынында да, шалғайдағы елді мекендерде әлеуметтік-экономикалық түйін жетіп артылады. Инфрақұрылымның дамуы, тұрғындардың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейі жағынан ауыл-аймақтың ірі қалалардан, басты экономикалық орталықтардан әлдеқайда артта қалғаны рас.
Дамыту тепе-теңдігін қамтамасыз ету
Бертінге дейін еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай ХХ ғасырдың ортасындағы Американы елестететін. Түрлі аймақтар мен салаларда тепе-теңдік жоқтың қасы еді. Мұны жүздеген шақырымды жүріп өткенде байқауға болатын. Мәселен, бір облыстың бюджет табысы басқалардан он есе жоғары. Бұл өңірдегі тұрмыс-тіршілікке, еңбекпен қамту, қала мен ауылды абаттандыру деңгейіне әсерін тигізбей қоймайды. Еңбек нарығындағы теңсіздік те көзге ұрып тұрады. Мұнайгаз индустриясында ауыл шаруашылығы немесе бюджет саласындағыларға қарағанда жоғары айлық төленеді. Осындай экономикалық теңсіздік халықты жайлы тұрмыс іздеуге итермелейді. Әйтсе де, бір аймақтан екінші аймаққа жөңкілгендерді ол жақта да ешкім күтпейтіні белгілі. Себебі өздерінде де жұмыс күші жеткілікті. Ал еңбек нарығындағы бәсекенің әлеуметтік шиеленіске алып келетіні бар. Бұған Жаңаөзен оқиғасы мысал бола алады.
Бізде өткен ғасырдағы Америкадағыдай нарық бәрін де өзі реттейді деген көзқарас басым болды. Либералдық экономистердің пікірінше, жоғарыда айтылған түйткілдерді табиғи нарық механизмдерінің еншісіне қалдырған дұрыс. Осы логикаға сәйкес, өнеркәсіп, туристік, инфрақұрылымдық келешегі бар аймақтар өркендеп, гүлдене береді. Ол үшін мемлекет тарапынан күш жұмсаудың қажеті шамалы. Ал тоқыраған, болашағы бұлдыр аймақтардың тұрғындары экономикалық жағынан өркендеуші орталықтарға ойысады. Либералдар айтқандай, шалғайдағы кенжелеп қалған өңірлерді үнемі қаржыландырып, алға сүйрей берсе, мұндай экономика «нарықтық» деген атына сай болмайды. Кеңестік заманның кебін киген мемлекет сөзсіз тұралайды.
Әлбетте, бір жақты көзқарас қай істе де зиянды. Бұл экономикалық саясатқа да қатысты. Артта қалған аймақтарды үздіксіз қаржыландырудың арты жақсылыққа апармайтыны түсінікті. Алайда олардың дамуын бетімен жібере салу да жарамайды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай либералдық саясат аумағы шағын мемлекеттерге жарамды. Ондай елдерде шалғайда тұратын халық жүрдек пойызбен күн сайын 200-300 шақырымды әп-сәтте жүріп өтеді. Бұл – Еуропа, немесе Жапония үшін қалыпты құбылыс. Ал Қазақстанның жағдайы басқаша. Бізде елді мекендердің арасы тым алшақ және халық тығыз қоныстанбаған. Әр аймақтың жағдайы да әртүрлі. Мәселен, Арал маңындағы жүздеген шақырымға созылған сортаң жерде бір тал шөп өспейді. Ал жергілікті тұрғындар Атырау немесе Астанада жоғары жалақы табатындардан кем түскісі келмейді. Бұл неге алып келеді? Ауыл жастарының қалаға белсенді миграциялануы, қаладағы қара жұмыс нарығындағы бәсекенің өршуі, қылмыстың белең алуы – осы мәселенің айқын көрінісі.
Күйзелістен өркендеуге бағыт алды
Сондықтан ел билігінің аймақтардағы осындай теңсіздікті жоюға бағыт алғаны бекер емес. Елбасы осындай міндет қойды. Бұл мақсатта Үкімет аймақтардың ұзақ мерзімді дамуына басымдық берілетін әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың арнайы бағдарламаларын әзірлеуге кірісті. Мемлекет түйткілді аймақтарды дамытуға дотация арқылы емес, нарықтық тәсілдермен – мемлекеттік компаниялар мен корпорациялар арқылы, атап айтқанда, өзінің мықты экономикалық сүйеніші – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры арқылы әрекет етеді. Ірі мемлекеттік индустриалдық жобаларды орындаушы ретінде холдинг компаниялары аймақтарда түрлі кәсіпорындар құруда. Олар өз кезегінде жергілікті нарықтың жаңа құрылымын қалыптастырады. Солтүстік және Орталық Қазақстанда үдемелі өнеркәсіп модернизациясы бағдарламасы бойынша ондаған жаңа кәсіпорындар салынып, іске қосылды. Солтүстікте машина құрау кәсіпорындары, оңтүстікте – аграрлық-азық-түлік және тоқыма кластерлері, батыста – жаңа инновациялық экономика шеңберіндегі «Индустрияландыру картасының» көптеген жобалары еңбек нарығындағы ахуалды біртіндеп өзгертуде. Атап айтқанда, кәсіби жұмысшы және инженерлік-техникалық бағыттағы мамандарға деген сұраныс күрт өсті. Аймақтардың арасында тұрақтанған экономикалық байланыс та өзгеріске ұшырауда. Жергілікті және өзге облыстардың нарығындағы жаңа кәсіпорындардың тапсырыстары жабдықтау тізбектерін қалыптастырады. Осының бәріне қызмет көрсету керек. Сондықтан аймақтарда шағын және орта бизнес белсенді бола түсуде. Жаңадан сервистік, көлік, сауда кәсіпорындары ашылуда. Бұрынғы күйзеліске ұшыраған аймақтардың экономикалық бейнесі жайлап болса да, өзгере бастаған.
Осы арада мынадай бір қызықты жайтқа көңіл аударған жөн: экономикада «Самұрық-Қазына» қорының мемлекеттік компаниялары жеке компанияларға қарағанда басқаша әрекет етеді. Жеке инвестор жаңа өнеркәсіп орталықтарын жоспарлағанда, дәстүрлі өндірістік ұстанымдарға сүйенеді. Ол ең әуелі жақын маңда шикізат қорының бар-жоғын бағамдайды. Көлік желісін, логистикасын есепке алады. Бөлшектерді жеткізуге, қосалқы өндірісті салуға жұмсалатын шығынды санайды. Ал мемлекет бұған қоса, стратегиялық міндетті де көздейді. «Индустриаландыру картасына» ұсынылатын әрбір жобаны бағалауда аймақтың демографиясы, жергілікті экономикасы мен еңбек нарығының ерекшелігі, тұрғындардың әлеуметтік мүддесі ескеріледі. Жаңа кәсіпорынның жұмысын жоспарлағанда оның әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне назар аударылады. «Самұрық-Қазына» қорында жобаның жеке бастамаға қажетті ахуал мен инфрақұрылым қалыптастыруы, осы аймақтағы шағын бизнестің іскерлік белсенділігін көтеруге қажетті жағдайды қамтамасыз етуі бағаланады. Тұтас алғанда мемлекеттік холдинг әр аймақтың экономикалық артықшылықтарын жаңа жобаларда барынша іске жаратуға ұмтылады.
Міндет – өңделген өнімді экспортқа шығару
Неліктен аймақты дамытуда мемлекеттік компаниялардың атқаратын рөлі соншалықты маңызды? Өйткені әр облыс әртүрлі дамиды. Тұрғындардың жұмыспен қамтылуы мен орташа жалақы көлемі жағынан ерекшеленеді. Кейбір аймақтар мол шикізат қорына, өнеркәсіп-индустриалдық, интеллектуалдық һәм аграрлық әлеуетке ие. Мұнда ірі өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті негіз бар. Жеке капитал да осылай қарай ағылады. Тіпті инвесторлар қандай да бір кәсіпорынға қатысу үшін таласқа түседі. Ал әлеуеті әлсіз аймақтарда тиімді жобаны жүзеге асыру қиынға соғады. Өйткені жеке капиталдың бұл жаққа келуге құлқы жоқ. Көп жылдан бері бізде көптеген қалалар мен аймақтар әлеуметтік-экономикалық жағынан тоқырауға ұшырағаны мәлім. Онда жұмыс жоқ, жастардың да баратын жері жоқ. Соның нәтижесінде әлеуметтік шиеленістің өршуіне жағдай қалыптасады. Осындай аймақтарда жаңа ірі кәсіпорындарды құрудың стратегиялық мәні зор. Бұл міндетті мемлекеттік компаниялар ғана жүзеге асыра алады. Сондықтан «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компанияларға айрықша жауапкершілік жүктелді. Жеке инвесторға қарағанда олардың міндеті ауыр. Өйткені олардан бәсекеге қабілетті жобаны экономикалық жағынан қолайсыз жағдайда жүзеге асыру талап етіледі.
Мемлекеттік холдингте ірі жобаларды жоспарлағанда жаңа заманның талабы да ескеріледі. Бүгінде мемлекет дамудың «қуып жету» қағидасын қолдануда. Оған сәйкес Қазақстан жоғары дамыған экономикалардың деңгейіне көтеріліп, бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы елдер қатарынан көрінуге ұмтылады. Әрине, шикізатқа тәуелділіктен толық құтылу мүмкін емес. Табиғи ресурстар ел экономикасының тірегі болып қалады. Бірақ ендігі міндет – шикізатты емес, өңделген өнімді экспортқа шығару. Сол себепті де қор үдемелі индустриялық-инновациялық жобалар шеңберінде мұнай өнімдерін өндіру, мұнайхимия, қайта өңдеу металлургиясы, машина құрау, аграрлық-азық-түлік саланы дамытуға бағыт алды. Айта кеткен жөн, бұл бағытта алға ілгерілеу анық байқалады. Мәселен, 2011 жылы еліміздің экспорт құрылымының 20 пайызын таза шикізат емес (мұнай, газ, металл рудалары), өңделген өнім құрады. Осыдан 6-7 жыл бұрын ғана ел экспортындағы өңделген өнімнің үлесі небәрі 2-3 пайыз болатын.
Аймақтарды дамыту мақсаты мен міндетін белгілегенде Үкімет шикізат кешеніне экономиканың негізгі базисі ретінде көңіл бөледі. Өндіруші саланың тұрақты өсуі мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының сәттілігіне, қоғамның әл-ауқатын нығайтуға ықпалын тигізеді. Сондықтан да «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ мұнайды қайта өңдеу және мұнайхимия кәсіпорындарын технологиялық жаңартуға, экспорттық құбыр желілерін кеңейтуге, жаңадан өндіруші және қайта өңдеуші қуат құруға басымдық береді. Бұл жобалардың бәрінде сервистік индустрия, материалмен жабдықтау жағы дамытылуда. Осылайша, мұнайгаз саласында отандық үлесті арттыруға ынталандырады. «Самұрық-Қазына» қорының стратегиялық бағдарламасына мысал ретінде Қарашығанақ газ өңдеу зауытын, Батыс Қазақстан облысы мен Астана арасындағы газ желісін, Атырау газхимия кешенін жаңғырту, мұнайды терең өңдеудің заманауи қуатын салу, елдің орталық аймақтарын газдандыру сияқты кең көлемді жобаларды айтуға болады.
Үйлесімді дамуды қамтамасыз ету бағыты
«Самұрық-Қазына» дамудың бір ғана бағытымен шектелуді қауіпті деп санайды. Егер шикізаты мол аймақтарға ғана экономикалық басымдық берілсе, бұл қатерлі жағдай туғызады. Кезінде аймақтар арасында экономикалық реттеу болмағандықтан, жекелеген қалаларда әлеуметтік-экономикалық шиеленістің орын алғаны белгілі. Сондықтан өнеркәсіп елдің бүкіл облыстарында үйлесімді дамуы қажет.
Әлбетте, бұл либералдық экономикаға тән емес арнайы әдіс-тәсілдерді керек етеді. «Самұрық-Қазына» ҰӘК сарапшы бөлімшелеріне қарасты басқармалық және болжамдық қызметінің мәнін стратегиялық жоспарлау, қаржылық бағдарламалау және тереңдетілген жобалық менеджмент құрайтыны тегін емес. Бұл қор – отандық экономиканың қомақты бөлігін бақылайтын ірі мемлекеттік холдинг. Ол аймақтардағы барлық дамудың үйлесімді болуын қамтамасыз етеді.
Енді аймақтардағы дамудың түрлі «нүктелеріне» тоқтала кетейік. Мәселен, Оңтүстік Қазақстанда фармацевтикалық, тоқыма, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі аграрлық саламен тығыз байланыста дамып келеді. Солтүстік пен орталық аймақтарда ірі машина құрау өндірісі өркендеуде. Ол Кеден одағы елдерімен, сондай-ақ осы саланың жаһандық көшбасшыларымен тығыз серіктестік орнатуға негізделген. Аймақтық даму тұжырымдамасына сәйкес, «Самұрық-Қазына» ҰӘК басшылығы ұстанатын әртүрлі бағытта заманауи өңдеуші зауыттарды құру экономикалық жемісін беруі тиіс. Бұл бір-біріне сүйенетін күрделі құрылғы іспетті: жаңа кәсіпорындар айналасында серіктес фирмалар – көлік, жөндеу және сервис, өнеркәсіп мұқтаждықтарын өтеу, жол желісі, сауда, өнеркәсіп инфрақұрылымының құрылысын жүргізетін субмердігерлік ұйымдар және т.б. шоғырланады.
Аймақтардың арасында тығыз байланыс орнатпайынша, олардың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес. Үдемелі өнеркәсіптік жаңғырту үшін қазіргі заманғы экономикалық талаптарға сай инфрақұрылым қажет. Кеңестік мұра бұл талаптарға жауап бермейді. Сондықтан мемлекет инфрақұрылымға миллиардтаған инвестиция бағыттайды. «Самұрық-Қазына» ҰӘК ірі жеке инвесторлардың капиталын тарта отырып, кең көлемді инфрақұрылымдық жобаларды қолға алды. Олар – өнеркәсіп пен аграрлық аймақтарды бір-бірімен жалғастыратын автожол, теміржол магистральдерінің, газ желісінің құрылысы. Көп тармақты инфрақұрылым құру ұзақ мерзімді мәнге ие. Ол аймақтардағы инновациялық өнеркәсіптік нысандардың дамуын қамтамасыз етіп қоймай, сонымен бірге бизнесті жаңа деңгейде жұмыс істеуге ынталандырады. Билік пен бизнестің, мемлекет пен қоғам ықпалдастығының жаңаша тәсілдерін енгізуге мүмкіндік береді. Өйткені заманауи жолдар, коммуникациялар, өндірісті өркендету жағдайлары шалғай жақты жеке капитал үшін тартымды етеді. Ал жеке капиталға бәсеке ілесетіні белгілі. Бұл Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуынан анық байқалды. Бүгінде аймақтарға Ресей кәсіпорындары келіп, жергілікті нарыққа өнім стандарттары талаптарын жаңаша деңгейге көтеруге ықпал етті. Осылайша, мемлекет инфрақұрылымды дамыта отырып, көп уақыттан бері тоқырауға ұшыраған аймақтарды алға басуға ынталандырады.
Экономикалық дамудағы мемлекеттің рөлі
Қазір Батыстың кейбір елдерінде экономиканы басқаруда үлкен түйткілдер туындаған. Мұндай жағдай мемлекеттің тізгіннің бәрін нарықтың еркіне беріп, негізінен салық саясатымен ғана айналысуынан туындап отыр. Осы орайда Азияның кейбір елдерінде мемлекеттің де жеке капитал сияқты экономикалық дамуға белсенді атсалысып, қажетті стратегиялық бағыт ұстанатынын айту керек. Сол себепті де Қытай, Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея сияқты елдерге дағдарыстың салқыны тиген жоқ. Біздің еліміз де осыған ұқсас үлгіге сүйенеді.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ осы орайда аймақтық дамудың нысаналық бағытының әсерін ғана меңземейді. Холдингтің ағымдағы жобалары экономикаға шаруашылық байланыстардың біртұтас жүйесі арқылы әсер етеді. Жетекші тапсырыс беруші ретінде мемлекеттік компаниялар тоқырауға ұшыраған аймақтардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын көптеген құрамдас бөліктер арқылы өзгертеді. Бұл - инфрақұрылым, жұмыс орындары, құрылып жатқан жобалар шеңберінде мемлекеттік тапсырыс арқылы жергілікті нарықтың тауар және қызмет сұранысы. Мемлекеттік мегахолдингтің стратегиясы жергілікті жерлерде жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаны құру, тұрғындар мен шағын бизнесті кәсіби жағынан өсуге ынталандыру, халықтың экономикалық мүддесі мен ұшқырлығын арттыруды көздейді.
Бұл бір күндік стратегия емес. Оның түпкі мақсаты – экономикалық жағынан мығым, бәсекеге қабілетті, жаңғыртылған күшті мемлекет қалыптастыру. Сонда елімізде әрбір білікті маман өз күші мен қабілетіне қарай еңбек етуге мүмкіндік алады.