Отандық мұнай компаниялары салада бірыңғай оператор құруға қарсы

22 желтоқсан 2022, 08:27

Отандық мұнай өндірушілер нарықта бірыңғай оператор құрып, шикізатты сол арқылы саудалауға қарсы, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Олардың айтуынша, бұл салада монополистің пайда болуы – қалған кәсіпорындарды табысынан айырады.

 

Наразылық білдірген бизнес өкілдері Атамекен палатасына жүгінуге мәжбүр болды.

 

Кәсіпкерлердің айтуынша ірі мұнай-газ компанияларында шикізатты өңдеп-сатудың схемалары бұрыннан бар. Бірыңғай оператордың пайда болуы олардың жұмысына еш кедергі келтірмейді. Зардап шегетін - тек кішігірім кәсіпорындар ғана. Егер ортақ платформа құрылса, оларға өз өнімін нарықтық құннан 20% төмен бағамен сатуға тура келеді.

 

Димаш Құдайберген, «Атамекен» ҰКП департамент директоры:

 

- Қазір Қазақстанда мұнай-газ саласында жұмыс істейтін 90-ға жуық компания бар. Олардың 20-сы - ірі кәсіпорындар. Қалған 70-і - орта және шағын бизнес өкілдері. Егер бұл салада монополист пайда болса, дәл осы кішігірім компаниялар зардап шегеді. Шикізат бағасы төмен болса, олар бәсекеге қабілетті болмайды. Сондықтан аталған кәсіпорындар министрліктің бұл бастамасына мүлдем қарсы.

 

Жақында Энергетика министрлігі мұнайды бір оператор арқылы саудалау туралы бастаманы жариялаған болатын.

 

Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, мұндай шешім елде мұнайды жеткізу процесін тұрақтандырады. Яғни нарықта шикізат тапшылығы сезілмейді. Оның нарықтағы бағасы да бірдей болады.