Отбасы банкі жалға берілетін тұрғын үйге субсидия алу тәртібін түсіндірді

18 ақпан 2022, 19:00

Мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған Қазақстанның барлық азаматы өтініш бере алады деп хабарлайды baribar.kz.

 

Олар:

 

— 1 және 2 топтағы мүгедектер;

 

— мүгедекті бар баласы бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

 

— жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;

 

— көпбалалы отбасылар.

 

Субсидия алуға үміткер Otbasybank.kz порталында («Баспана маркет» маркетплейсі) тіркелуі қажет. Оны электрон цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен жасауға болады. Сондықтан азаматтар оны алдын ала алулары немесе қолданыстағы ЭЦҚ-ның жұмыс істеп тұрғанын тексеруі керек.

 

Порталда тіркелгеннен кейін субсидия алуға өтініш беруші оған төлемдер тағайындалуы үшін стандартты өтініштерді толтырып, өзіне қолайлы пәтер немесе үй табады. Жалға алу келісімшарты порталда үлгі нысаны бойынша автоматты режимде рәсімделеді. Оған сонымен бірге платформада субсидия алуға өтініш беруші (жалға алушы) мен баспананы жалға беруші қол қояды.

 

Жеке куәлік, неке немесе некені бұзу туралы куәліктер, балалардың туу туралы куәліктері, тұрғын үйдің бар-жоғы туралы анықтамалар, тіркеу және кіріс туралы мәліметтерді Отбасы банк мемлекеттік органдардың деректер базасымен бірігуі арқылы дербес тексереді. Субсидия алуға өтініш беруші туралы барлық деректі тексергеннен кейін біз шот ашуға көмектесеміз. Өтініш беруші оған жалдау құнының жартысын аударуы керек. Содан кейін Отбасы банк қалған 50%-ін қосып, жалпы соманың 100%-ін жалға берушінің шотына аударамыз, — деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

 

Фото: Отбасы банкі

 

Жалдамалы баспананы отбасылар өздері іздейді. Оның құнын есептеу кезінде бірнеше факторды ескеру қажет. Олар жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларында белгіленген. Құжат бойынша жалға алынатын тұрғын үйдің 1 шаршы метрі құны айлық есеп көрсеткіштің жылдық деңгейі мен облыс немесе қаланың белгіленген коэффициенті негізінде қалыптасады.

 

Сонымен бірге ережелерде жалдамалы үйдің немесе пәтер аумағының ең жоғарғы көлемі анықталған. 1-3 адамнан тұратын отбасы үшін тұрғын үйдің ауданы 40 шаршы метрден, 4-5 адамнан тұратын отбасы үшін тұрғын үйдің ауданы 60 шаршы метрден, ал саны 6 және одан да көп отбасы мүшелері үшін тұрғын үйдің ауданы 80 шаршы метрден аспауға тиіс. Егер тұрғын үй ауданы кеңірек болса, онда жалға алушы айырмашылықты өз есебінен төлейді.

 

Мысалы, Алматы тұрғындары үшін 1 шаршы метр құны 2 759 теңге болып белгіленді. Тиісінше, үш адамнан тұратын отбасы шамамен 110 000 теңге тұратын жалдамалы баспана ала алады.

 

Фото: Отбасы банкі

 

Отбасы банк жалдамалы тұрғын үй субсидиясын жалға алу келісімшартының мерзімі аяқталғанша ай сайын төлейді. Құжаттың күшін мерзімінен бұрын жоюға, сонымен бірге жаңа үй иесімен келісімшарт құруға рұқсат етілген. Бұл жағдайда Otbasybank.kz порталында өтініш беру процесі қайтадан жасалады.

 

Отбасы банк жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Ал жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексереді.

 

Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидалары бойынша жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға, сонымен бірге қайта жалға өткізуге тыйым салады.

 

Фото: Отбасы банкі

 

Еске салайық, отбасының кейінгі 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (36 018 теңге) аспауға тиіс.