Нарық

Отырысқа кешігіп келген министр ашуын отырғандардан алды

  • Отырысқа кешігіп келген министр ашуын отырғандардан алды

    Отырысқа кешігіп келген министр ашуын отырғандардан алды

Асты-үсті қазынаға толы қазақ даласын емін-еркін еміп, пайдасына шаш етектен кенеліп жатса да, отандық компаниялар экологиялық тазалыққа мән бере бермейді. Лажы болса, пайдасын көріп болған соң, күл-қоқысын далаға шашып кетуге даяр тұрады. Тек өткен тоғыз айдың өзінде ғана отандық мұнай компаниялары қоршаған ортаға бес млрд-тан астам теңге шығын келтірген. Мемлекеттік экологиялық бақылау басқармасының экологиялық реттеу және қадағалау комитетінің бастығы Данияр Әлиевтің айтуынша, зиянкес компаниялардың көшін Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг компаниясы (KPO) мен «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны бастап келеді екен.

Кеше Қоршаған ортаны қорғау ми­нистр­лігінде өткен «Мұнай-газ саласындағы ірі кәсіпорындардың табиғатты қорғау іс-шараларын орындау жөніндегі жұмысы туралы» алқа мәжілісінде біраз компа­ниялардың тәртібі қаралды. «Жақында мұнай-газ саласындағы компаниялардың экологиялық тиімділігіне қатысты тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеріс барысында 2010 жылы елімізде жұмыс істейтін мұнай компаниялары қоршаған ортаға бес млрд теңге көлемінде шығын әкелгені анық­талды», – дейді Д. Әлиев. Келтірген залал көлемін төлеу үшін аталмыш кәсіп­орын­дарға санкция беріліп қойылған. «Қай­сыбірі өз еркімен төлеп жатыр, ал біреу­лерінен сот арқылы өндіріліп алынуда», – деп атап өтті ол. Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг компаниясына 1,9 млрд, ал «Теңіз­шев­ройлға» 100 млн теңге айыппұл салы­ныпты.
Бір қызығы, сағат 10-ға деп сауын ай­тылып шақырылған жиынға министрдің өзі 17 минут кешігіп келді. Сонысынан қы­сылды, бәлкім, бекерде иі жұмсақтау кө­рінетін бас эколог отырғандарға дүрсе қоя берді. Экологиялық заңнама талаптарын орындамаған мұнай-газ компаниялары қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Бұл – Мемлекет басшысының тап­сырмасы. «Еліміздің экологиялық қауіп­­сіздігі тұрғысындағы қадағалау күшейтіліп отыр. Біз Үкіметке экологиялық жауапкершілікті қатайтуға қатысты заң жобасын енгіздік. Атап айтқанда, Қыл­мыстық кодекске өзгерту енгізілетін бо­лады. Егер де қоршаған ортаға келтірілген залал көлемі 130 млн теңгеден асып түсетін болса, онда қылмыстық жа­уап­кершілікке тартылады. Осыны қапер­леріңізде ұстаған жөн», – деді ол мұнай-газ секторларының өкілдері мен ме­­нед­жерлеріне қаратып.
Енді табиғат ананы ластап қойып есіріп жүретін еркелермен басқаша сөйлесетін боламыз. Бұл салада салақтық танытқан қандай да бір компанияларға жеңілдіктер жасалмайды. Министрдің сөзіне қара­ғанда, аталмыш заң жобасы Парламент тал­қылауына биыл келіп түседі. «Ми­нистрлікке заңгерлік жұмыстарды күшейту туралы нұсқаулар келіп түсті. Заңгерлер қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы­ның орын­далуын бақылап қана қоймай, мем­лекетке зиян келтіру фактілерін ба­рынша дәлелдеуге тырысады. Ал айып­тылар жа­засын алады. Заңбұзушы­лық­тарды заң­гер­лер дәлел­дей­тін болады. Егер заң бұзсаңыздар, кешіріңіздер, бірден зонаға барасыздар», – деді Н. Әшімов. Бұл ми­нистрдің KPO ком­паниясының қоршаған ортаны қорғау бойынша корпоративтік мәселелер жө­ніндегі менеджері Джузеппе Мариино мен NCOC денсаулық және қор­шаған ортаны қорғау жөніндегі бас менед­жері Робэр Гобэр­ге қаратып айтқан сөзі болатын.
Қылмыстық кодекске түзетулер енгізіл­ген жағдайда экологиялық заң­наманы бұз­ғандар 2-ден 8 жылға дейін бас бостан­дығынан айырылмақ. «Қай елдің азаматы екендігіне қарамай, барлығы да жауап­кершілікке тартылады. Естеріңізде болсын! Табиғатты қорғау бағдар­ла­маларымен ойнауға болмайды. Сіздер Қазақстаннан кетіп те үлгере алмайсыздар», – деді отыр­ғандарға қоршаған ортаны қорғау ми­нистрі сұқ саусағын безеп тұрып.




Көрілген: 1346    Пікірлер: 1

сенбі, 20.11.2010, 12:41

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31