Өзбекстан табиғи газ экспортын тоқтатты

16 қаңтар 2022, 18:23

Өзбекстан табиғи газ экспортын тоқтатты. Мұндай шешімді көршілес елдің Энергетика министрлігі қабылдаған. Өзбекстан Орталық Азия мемлекеттеріне, соның ішінде Қазақстанға да табиғи газ жеткізетін, деп хабарлайды Egemen.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

 

Өзбекстан газ қоры бойынша Орта Азияда Түркменстен мен Қазақстаннан кейінгі үшінші орында. Елдегі көліктердің басым бөлігі көгілдір отынды тұтынады. Бұған дейін көрші республикалар бір-бірін қажетті энергия ресурстарымен қамтамасыз етіп келді. Алайда биылдан бастап жағдай өзгермек.

 

«Өзбекстан үкіметі газ экспортын шектеу жөнінде шешім қабылдады. Оның орнына ішкі нарықта кәсіпорындар қуатын арттыру үшін қолданылады. Шикі күйінде емес, сол арқылы дайын өнімдер жасап, сырт елдерге тасымалдаймыз», деді Өзбекстанның Энергетика министрлігі басқармасының басшысы Жамал Хұсанжанова.

 

Көрші елде осы салада бұған дейін қабылданған шешімдер де күшін жоюы ықтимал. Мәселен, қолданыстағы келісім бойынша Өзбекстан алдағы бірнеше жыл бойы Қытайға көгілдір отын жеткізуге міндетті. Енді бұл құжаттың келешегі күмән тудырып тұр.

 

«Қазақстанмен ғасырлар бойы қалыптасқан байланыс бар. Біз бір-бірімізге транзит саласында көмектесеміз. Мәселен, Қазақстанның солтүстігінде өндірілген газды оңтүстік аймақтарға біздегі магистральді құбырлар арқылы жеткізіп береміз. Инфрақұрылым кеңес үкіметі кезінен бар. Соны сақтап қалғанбыз», деді Жамал Хұсанжанова.

 

2020 жылы Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов ел ішінде қайта өңдеуге толығымен көшу және қосылған құны жоғары өнім шығаруды жолға қою үшін 2025 жылға қарай газ экспортын тоқтату жоспарлары туралы мәлімдеді.