Повод

03 наурыз 2022, 19:58

Алматыда азық-түлік базарлары мен сауда желілеріндегі делдал қызметін тексеретін комиссия құрылды. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаевтың мемлекеттік органдар мен азық-түлік сауда нысандарының өкілдерімен кездесуі кезінде белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі, - деп жазады Alashainasy.kz тілшісі.

Бизнес өкілдерімен өткен жиында Алматы әкімі Ерболат Досаев ірі нарық өкілдеріне бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу керектігін ескертті.

 

"Делдал сызбасын" тексеру жөнінде комиссия құру туралы шешім қабылданды. Комиссия аясында азық-түлік тауарларын өндірушілер мен жеткізушілерге сараптама жүргізу, қайта сатып алушылар тізбегін анықтау және тыю шараларын қабылдау қажет. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларына бақылауды күшейтіп, сауда үстемесінің 15%-тен асқаны анықталған жағдайда шара қолдану керек", – деді Ерболат Досаев.

 

Қала басшысының айтуынша, Алматы облысындағы әріптестермен бірлесе "Алтын Орда" базарында "делдал сызбасын" анықтау бойынша өңіраралық комиссия құрылады. Ол жерден мегаполиске 80%-ке дейін көкөніс, жеміс-жидек пен ет жеткізіледі.

 

Басты міндет – азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру және инфляциялық процестерді төмендету жөніндегі жұмысты күшейту. Алматының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, қазір азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында аудан әкімдіктермен бірлесіп сауда желілерінің, базарлар мен "үй жанындағы" дүкендер сөрелеріндегі бағаға күнделікті мониторинг жүргізіліп жатыр.