Нарық

Проблемалық несиелер бойынша әлемде біріншіміз

  • Проблемалық несиелер  бойынша әлемде біріншіміз

    Проблемалық несиелер бойынша әлемде біріншіміз

Қаржы нарығының несиелеу жүйесінде «өткен жылы бірқатар өзгерістер орын алды» деп хабарлаған болатын күні кеше  Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов. Бұл ретте Алаш айнасы бас банкирдің«несиелеудің жалпы көлемінің 2012 жылмен салыстырғанда 2013 жылы 13 пайызға артып, қаңтар мен қараша айлары аралығында 11251,5 миллиард теңгеге жетті» дегенмәліметін алға тартады.

Әңгімені тарқатсақ, ұзақ мерзімді несие өткен жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында 14 пайызға көтеріліп, көрсеткіш 9119,2 миллиард теңгені көрсетіпті. Банк тұтынушыларының қысқа мерзімге алған қарыздарытоғыз пайызға артып, 2132,3 миллиард теңгеге жеткен. «Бұдан шығар қорытынды, 2013 жылдың қараша айын 2012 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда ұзақ мерзімді несиенің үлес салмағы 80,4-тен 81 пайызға дейін өскен» деген статистика келтіріліпті Ұлттық банк жақтан шыққан ақпаратта.

Ал несиелендіру көрсеткішінің жақсарғаны тиімді ме, тиімсіз бе? Бұл тақырып бүгінгі күнітәуелсіз сарапшылар арасында өткір пікірсайыс тудырып жүр. «Несие алу сәнге айналып барады. Қарапайым халық банктен алған ақшасын екі еселеп қайтарамыз деп ойлап жатпайды. Ал «қарыздың күліп келіп, жылап қайтатыны» бар. Салдарынан қайтару мерзімі өткен, жұмыс істемейтін несиелердің үлесі жылдан-жылға артып барады» дейді олардың басым бөлігі. Сенімді ақпарат көздері таратқан мәліметке қарағанда, көпшілік банктердің несие қоржындарының 80 пайыздан астамын проблемалық несиелер құраса керек, яғни проблемалық несиелер бүгінгі күні 27 миллиард долларға тең. Теңгемен шаққанда 4,3 триллион. Ресми деректерді алға тартсақ, «есепте бар, санда жоқ» несиелер шамамен 40 пайызға жуықтаса, уақытылы төленбей жатқандары, яғни төлеу мерзімі 90 күннен асқандары 30 пайыз көлемінде. Бұл жайында банктердің өздері тіс жармайды, үнсіз. Тек білетініміз, ипотеканы барлығы дерлік тоқтатса, осы жылдың басынан бастап, тұтынушылық несие беруді де шектей бастады. Бұған Елбасы Н.Назарбаевтың қатты айтқан сыны да әсер етпей қоймады әрине. Қалай деген де, артын ойламаған банктер қарызды оңды-солды беріп, енді «қайтсек екен?» дейді. «Шақшадай бас, шарадай болды» деген осы. Экономиканың күре тамыры іспетті банк секторы дефолтқа ұшыраса масқара сонда болмақ! Бар үміт – Ұлттық қорда. Ал Ұлттық қордан ақша бөліну, бөлінбеуі екіталай.

ҚР Ұлттық банкіне де оңай тиіп отырған жоқ, білеміз. Еліміздің бас банкирі Қ.Келімбетов бұл тұрғыда былай дейді: «Жағдай мәз емес. Біз – жұмыс істемей жатқан несиелер көлемі бойынша әлемде бірінші орында тұрмыз. Осы жылдан бастап үкімет ақша-несие саясатының тиімділігін жоғарлатуға айрықша көңіл бөлмекші. Несиелеу жүйесін қайтадан іске қосу қаншалықты мүмкін екенін қарастыратын боламыз». Сонымен қатар, ол Проблемалық несиелер қорының жұмысын да қатты сынға алды, яғни аталған қор мерзімі өткен несиелерді сатып алғылары жоқ. Банктер дәл осыны күтіп отырғандай бас бакирдің сөзін іліп әкетіп, «қор ұсынып отырған дисконт өте жоғары» деп шулай жөнелді.

Сонымен, проблемалық несиелер проблемасын қалай шешуге болады? Алаш айнасы сұрастырып көрген еді, мамандар пікірі төмендегідей.

Сәкен Өсер, Freedom Finance инвестициялық компаниясының корпоративтік клиенттермен жұмыс жөніндегі басқарма бастығы:

– Отандық банктерді проблемалық несиелерді жоюға ынталандыру үшін монетарлық саясатты жұмсартқан дұрыс. Менің ойымша, тәуелсіз активтерді қор нарығына шығару керек. Қазір нарықтағы теңсіздік те айқын сезіліп тұр. Банк секторының бағалы қағаздарының құнына қатысты айтсақ, отандық банктер акциялары бізде жете бағаланбай отыр. Міне осы жағдайда да монетарлық саясатты жұмсартқан тиімді деп ойлаймын. 


Наталья Самойлова,«Golden Hills-КапиталЪ АМ» инвестициялық компаниясы сараптамалық департаментінің бастығы:

– Қиындық туғызып отырған қарыздарды сатудың дәстүрлі тәсілінің бірі дисконт.  Ірі көлемдегі ақша сөз болып отырғанда банктердің проблемалық активтерін төмен бағамен сатып жібергендері дұрыс.  Тіпті кейде 50 пайызға дейін түсіру тәжірибеде болып тұратын құбылыс. Ал банктер өз дегендерінде қатып қалғысы келеді. Мұндай жағдайда түйінді түйкілді шешу оңайға соқпайды. Негізі, менің ойымша,  Ұлттық банктің бұл мәселені шешуге мүмкіндігі жоқ емес бар.  Олардың проблемалы несиелерге шектеу қойып, банк секторын стресс-тестілеуден өткізу керек. Сол аралықта сөз болып отырған қарыздарды жоюдың үдерісін оңтайлап болмаса борышкерлермен жұмысты дұрыс жолға қойып алуға болады. Сөйтіп, борышкерлерге қарызды қайтартудың жолдарын тиімді етіп жеңілдеткен абзал. Қысқасын айтқанда, әрбір борышкердің әлеуметтік статусын қайта қарау керек сияқты. Сөз жоқ, әсіресе кепіл қойып, несие алғандар қандай да бір мәмілеге келуге қарсылық танытпас еді.

Мақсат Сағымбеков, Инвестициялардың тиімділігін зерттеу жөніндегі агенттіктің аға сарапшысы:

– Кредит портфелін тазарту үшін «Қазақстан коллекторлары» туралы заң қабылдағаны дұрыс шығар. Қалай деген де бұл мәселені тек өркениет жолымен ғана шешуге болады. Мүмкін проблемалық қарыздарды арнайы бір салаға беру керек пе? Кезінде мұндай қиындықпен «Қазақстанның даму банкі» бетпе бет келген болатын. Алайда жұмыс істемей жатқан қарыздардың қаншалықты шығын әкелетіндігін мойындаған олар, портфелдерін аз уақыт аралығында тазартып үлгерді.

Ал еліміздің бас қаржыгерлерінің біріЕлена Бахмутова «банктердің проблемалық активтерін жеке компанияға бөлектеп шығаруды» ұсынады. Жалпы, «ҚР-дағы банктер және банктік қызметтер туралы» Заңда банктердің проблемалық активін басқару мақсатында еншілес компания құруға құқық берілген екен. «Егер мұндай компаниялар құрылса, олар стрестік активтер мәселесін сауықтыру немесе стратегиялық инвесторларға сату арқылы шешкен болар еді. Мұндай жағдай бір жағы проблемалық активтер мағлұматының мейлінше ашық болуын қамтамасыз етеді. Сонда рейтингтік агенттіктер мен инвесторлардың күдігі де сейіледі» деп санайды маман.

PS. «Әлемде үмітсіз қарыз ақшаларды, активтерді қайтару немесе осы мәселені шешумен айналысатын арнайы халықаралық компаниялар бар. Қазақстан әзірге олармен  банктердің сыртқы қарызы бойынша ғана жұмыс істейді. Мүмкін солардың тәжірибесіне де жүгінген артық болмас еді» деп тұжырымдайды Алаш айнасы.




Көрілген: 3524    Пікірлер: 0

жұма, 31.01.2014, 11:33

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    10 Қараша, 20:02
    Қарыз қажытты ма?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30