Ресей банктерінің SWIFT-тен ажыратылуы Қазақстанға қалай әсер етеді? Ұлттық банк басшысы жауап берді

01 наурыз 2022, 10:55

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Ресейдің SWIFT-тен ажыратылуы Қазақстанға қалай әсер ететіні туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Ресейлік банктердің SWIFT-тен ажыратылуы Қазақстан ішіндегі төлемдерді жүргізуге әсер етпейді, елдің төлем нарығына тікелей қауіп төндірмейді. Қазақстандық банктердің клиенттік және меншікті төлемдер мен ақша аударымдары штаттық режимде жүзеге асырылады", - деді Пірматов Үкімет отырысында.

Ол SWIFT жүйесінен ажыратылған ресейлік банктердің клиенттерімен трансшекаралық операцияларды қамтамасыз ету үшін өзара есеп айырысудың балама тетіктері дайындалғанын айтты.