Ресей жаппай теңге сатып алып жатыр: Қазақстан экономикасына мұның әсері қандай

22 қараша 2022, 18:27

Бұл жаз айларындағы сауда көлемінен үш-төрт есе жоғары көрсеткіш. Ресейдің осылай теңгені жаппай сатып алуының Қазақстан экономикасына әсері қандай болады? Қазақстан нарығында рубль массасы артып кетпей ме? Іnbusiness.kz тілшісі осы сұраққа жауап іздеп көрді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.

Жамаубаев тенденцияның жақсы жағын көреді

 

News.ru ақпарат көзінің мәліметіне қарағанда, 18 қарашада Мосбиржада теңгемен жүргізілген сауда көлемі 1,13 млрд рубльге жеткен. Ал доллар, еуро және юаньмен сауда-саттық өткен аптада 100 млрд рубльге төмендеген (857,2 млрд рубльге дейін).

 

Әлбетте, мұның бәрі соғыстың, Ресейге салынған санкциялардың салдары. Ізінше Ресей сарапшылары инвесторлардың кейбір баламалы валюталарға қызығушылығы төмендегенін айтады. Мәселен,  үш ай бұрын Гонконг долларымен мәмілелер күнделікті 300-500 миллион рубльге жасалса, соңғы уақытта бұл валютаның сауда көлемі 200 миллион рубльге жетпейді.

 

Ресей тарапының теңгеге сұранысының артуының оң және теріс жағын Іnbusiness.kz тілшісі алдымен Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан сұрап көрген. Бас қаржыгер мұнда ешқандай да қауіп жоқтығын айтады.

 

"Ондай қауіп төндіретіндей сома деп айта алмаймын. Бізде күніне миллиардтаған теңгемен, доллармен, рубльмен операциялар жасалып жатыр. Сондықтан, оның Қазақстан экономикасына зияны бар деп айта алмаймын. 10 айдың ішінде импорттық операциялар 30-40 пайызға өсіп отыр. Ол дегеніміз біздің сыртқы саудамыз өссе, валютамызға деген сұраныстың артатынын білдіреді", - дейді Ерұлан Жамаубаев.

 

Себебі неде?

 

Қаржы министрінің пікірін экономист Сапарбай Жобаев та қуаттай түсті. Оның айтуынша, Мәскеу биржасында Қазақстан теңгесіне сұраныстың көбеюі – екі мемлекет арасындағы сауда-саттықты бұрынғыдай доллармен емес, рубль және теңгемен есеп айырыса бастағанынан екенін атап өтеді.

 

"Сондықтан, біздің теңгемізге сұраныс артқан сайын, бұл Қазақстан экономикасына оң әсер етеді. Себебі теңгеге сұраныс көбейсе, оны айырбастау бағамы тұрақтала түседі", - дейді ол.

 

Ал Ресей рублінің Қазақстан экономикасына көбірек ағылуын отандық нарыққа әсері жайлы экономист былайша бағалады.

 

"Ол бізге Ресей тауарларын рубльмен тікелей сатып алу мүмкіндігін туғызады. Яғни біз Ресей экономикасына доллар, фунт-стерлинг немесе юаньды сатып алып, комиссиясын төлеп, оны қайтадан рубльге айналдырып жүрер болсақ, біз әжептәуір ақша жоғалтамыз. Сол себепті рубльді көбірек алуымыз керек", - дейді экономист.

 

Сапарбай Жобаев бұл жағдайдың инфляцияға тікелей әсері жоқтығын да атап өтті. Экономистің сөзіне қарағанда, мәселен Ресейден Қазақстанға керекті тауарлар, құрылыс материалдарды, қондырғыларды рубльмен әкелінер болса, ол тиімді болады.

 

"Біз Ресейден жоқ нәрсені аламыз. Ресейдің тауарлары әлемдік нарықтардан қарағанда арзанырақ. Сол себепті Ресей тауарлары біздің инфляцияға қатты әсер етеді деп айта алмаймыз. Әрине, еуроның немесе доллардың қымбаттауы салдарынан Еуропадан келетін тауарлар қымбаттауына әкелді. Одан біз кетіп жатырмыз. Бірақ Ресеймен ЕАЭО шеңберіндегі саудаға ол қатты әсер етпейді", - деген Сапарбай Жобаев теңгеге сұраныстың көбеюінде тек позитивті әсері барын қадап айтты.

 

Экономист сөз соңында Ресеймен теңге және рубль арқылы сауда-саттық жасалғанымен, Қазақстан басқа елдермен доллар арқылы сауда-саттық жасай беретінін де мәлім етті.

 

Тұжырымдауға әлі ерте

 

Экономика сарапшысы Жарас Ахметов бұл үрдістің оң және теріс жағы болады деген нақты тұжырымды айтуға асықпайды.

 

"Қараңыз, теңгеге сұраныстың не үшін артып бара жатқаны түсінікті шығар. Ресейге баратын импорттың бір бөлігі Қазақстан арқылы кетіп жатыр. Әлбетте, сол импорттық тауар үшін есеп айырысу теңгемен жүріп жатыр. Сондықтан, теңге рубльге шаққанда бұдан былай күшейеді. Бұл жақсы ма, әлде жаман ба? Дәл қазір тап басып айту қиын. Өйткені Ресейден келетін импорт адекватты болса, валюталар теңгерімі үйлессе, бұл жағдай Қазақстан экономикасына үлкен зиянын тигізбейді. Керісінше, тіпті оң әсер етуі мүмкін", - дейді ол.

 

Алайда экономистің айтуынша, егер Ресейден бізге келетін импорт қажетті деңгейде болмаса, онда теңге рубльге шаққанда қатты күшейіп, Қазақстанда рубль массасы қалыптасып, оны қайда апарарымызды білмей қалуымыз мүмкін.

 

"Дәл қазір Ресейден Қазақстан келетін импорт әлеуетіне біз қазір нақты баға бере алмаймыз. Өйткені қазір Ресей экономикасы "тұманды" кезеңді бастан өткеріп жатыр. Ол жақта ертең не боларын ешкім білмейді", - деп түйді ол.