Нарық

Ресей рублінің девальвациясы теңгені теңселте ала ма?

  • Алаш айнасы иллюстрациясы

    Алаш айнасы иллюстрациясы

Соңғы күндері рублдің рекордтық көрсеткішпен құлдырауын Ресей билігі халықаралық нарықтағы мұнай бағасының төмендеуімен түсіндіреді. Алайда "Алаш айнасы" сұрастырған отандық сарапшылар бұл, негізінен, АҚШ пен Еуропалық одақтың Ресейге қарсы сілтеген санкциясының, сондай-ақ елде кең етек алған сыбайлас жемқорлықтың салдары екенін айтады. Бастысы, мұндай жағдайда, өкінішке қарай, Ресей рублімен қол ұстасқан қазақ теңгесінен де күш кетуі әбден мүмкін. Мамандардың айутынша, бұл құбылыс алдағы желтоқсан айында орын алатын көрінеді...

Соңғы екі-үш күн ішінде 1 долларға шаққандағы Ресей рублі сағаттап тиын қосып, өзінің рекордтық деңгейіне жетті: 39,70 рубль. Алдында рубль 39,38 маңына тұрақтаған еді. Алайда бұл уақытша құбылыс боп шықты. Ресейдің орталық банкі және кейбір мамандар рубльдің күрт қымбаттауы халықаралық нарықтағы мұнай бағасының арзандауымен түсіндірген. Бірақ отандық мамандар пікірі бұл ретте басқалай...

Әзірге, еліміздегі валюта айырбас пункттері Ұлттық банк белгілеген шекті сақтап тұр. Соңғы валюталық дәліздегі өзгеріске сәйкес, бізде 1 доллардың бағасы 188 теңгеден аспауы тиіс. Алматыдағы валюта айырбас пункттерінде қазір доллар 183 теңгеге, ал евро 232 теңгеге сатылып жатыр. Ұлттық банк мәліметі бойынша, бір ай ішінде америкалық ақша 0,1 пайызға нығайған.

Естеріңізге сала кетелік, ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов алдындағы бір мәлімдемесінде "мұнай бағасы 80 долларды, ал ресейлік рубль 43 долларды маңайлай бастаса, онда теңге бағамына қатысты алаңдай бастауға болады" деген еді. Ал рубль бір-екі күн ішінде екі аттап 40 рублге жетіп қалды. Осы екпіні басылмаса, ар жағынан 43 те төбе көрсетейін деп тұр. Ресейлік сарапшылар рублдің әлі де қымбаттауын болжап , мәлімдеп те жатыр. Оның бір-екеуін назарларыңызға ұсына кетелік. Мәселен, РИКОМ қаржылық топтарының аға сарапшысы Владислав Жуковский, тіпті жыл соңына дейін доллардың құны 50 рубль болатынын, бірақ оның Ресей экономикасына оң ықпал етпейтінін айтады. "Көбіне девальвация ел экономикасына қосымша қаражат құйып, қан жүгірту үшін жасалады. Бірақ біздің жағдайымызда емес. Өйткені девальвациядан көбейтілген қордағы ақшаны нақты секторға, ауылшаруашылығына, құрылысқа және тағы басқа салаларға инвестициялау керек. Ол үшін қаржы министрлігі мен орталық банк салық, несие, қор, тариф және басқасының барлығын қайтадан қарап, жаңаша түзіп шығуы тиіс. Алайда бізде оған ешкімнің бас қатырғысы жоқ. Сондықтан айналымда артылған ақша өндірістерге жұмсалмағандықтан дамуға емес, тоқырауға апарады. Мұндай артық ақша массасы жыл соңына дейін доллар бағасын 50 рублге дейін қымбаттатуы ықтимал" дейді орыстың бір салалық басылымына білдірген пікірінде ол. Ал Ғаламдану мәселелері институтының директоры Михаил Делягин шикізат табысына байланған Ресей билігі ай аман, күн тынышта оның бағасын қолдан өсіріп отыратынын, онда да ол қаражат елді дамыту үшін емес, ат төбеліндей топтың «аузын майлау» үшін жұмсайтынын айтады. "Қазір, тіптен жақсы болды. Ілік ететін батыс санкциясы бар, сол секілді одан орасан зардап шегіп жатқан элита-сымақтар да билікке қарай бұрынғысынан да аузын ашып отыр. Сондықтан рубль девальвациясы міндетті түрде орын алады әрі ол тоқсан сайын көрініс тауып жатпайтындығына кепілдік бере алмаймын " деген өз сайтында жариялаған рубль бағамына қатысты мақаласында.

Осының барлығын есепке алсақ, демек, біз теңге девальвациясынан қашып құтыла алмаймыз. Ал Ресей рублінің әлсіреуі неге теңгеге әсер етуі тиіс деген бұл арада заңды сауал туындайды...

"Рублдің құнсыздануы Ресейге тауарын экспорттайтын отандық тауар өндірушілер үшін бірінші соққы боп тиеді. Қазақстандық өнім көрші нарықта рублдің өсуіне байланысты одан сайын бәсекеге қабілетін жоя түседі. Ал, керісінше мұндайда біздің нарықтағы ресейлік тауарлар арзандайды. Жанар-жағармай бағасы өсіп, тарифтер құбылып тұрған жағдайда отандық кәсіпкерлерге бағаны түсіру өте қиын. Бұл – банкроттық жағдайға апаратын жол. Еуразиялық одақ аясында кеден ашылып қойылғандықтан біз ресейлік арзан тауарға шек қоя алмаймыз, ендеше отандық тауарөндірушілер зардап шеге беретін болады, не болмаса үкіметтен арзан несие бөліп, қал-құлт етіп, әрең жандандырған ірі және орта кәсіпкерлігімізді қолдау үшін теңгені де девальвациялауға тура келеді. Желтоқстанға дейін бұл ретте бір шара қолданылып қалады деп ойлаймын" дейді қаржыгер-маман Құнанбай Тобатаев.

Белгілі қаржыгер Айдан Кәрібжанов теңге девальвациясы бізде доллар түрінде табыс табатындарға, яғни мұнайды, металды, астықты экспорттаушыларға, сол секілді мемлекеттік қаржы саласына тиімді екенін айтады.

"Ресейге қарсы Батыс санкциясы салдарынан Қазақстанның шикізат экспорты көлемінің күрт қысқару ықтималдылығы айтылып жатыр. Мұндай жағдайда бюджет тапшылығы орын алады. Оған жол бермес үшін, әрине, девальвация жасаған жақсы. Ал Ұлттық банк девальвация жасаса, онда ол теңгенің бағамын қолдан ұстап тұру үшін биржада валюта сатып шаршап-шалдықпайды. Жалпы, Кеден одағына және интеграциялық процестерге девальвация тікелей әсер ететін болады" дейді ол.

Қаржыгер-маман Ілияс Исаев Ресейге қарсы бағытталған Батыс санкциялары қазақстандық кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік беріп отыр деп санайды.


"Ресейден Батыс инвсеторларының жаппай кетуі, салынып жатқан санкциялар мұндағы тұтыныс нарықтарының орнын үңірейтіп тастап жатыр. Ал кедендік шектеу алынып тасталған бірыңғай экономикалық кеңістік осы бос орындардың қазақстандық және беларусь кәсіпкерлерінің келіп басуына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мұндайда салық жағынан тартымды Қазақстанда өндіріс ашып, тауар өндіріп, жақын әрі ауқымды Ресей нарығына тасымал жасаймын деушілер қатары көбеюі тиіс. Осы жағынан алғанда, бізге көрші елдің қаржы нарығымен бірізденіп отырған өте тиімді болады. Сондықтан Ұлттық банк алдын ала мәлімдегендей, рубль бағамы 43-тен асып жатса, онда теңгені құнсыздандыру керек", - дейді маман.

Еске сала кетелік, Қазақстан ТМД елдері ішінде сауда-саттық көлемі бойынша Ресейдің үшінші кезектегі маңызды әріптесі боп табылады. Қазақстаннан Ресейге экспортталатын тауарлар үлесі мынандай: минеральдық өнімдер – 29,7%, машиналар, құрал-жабдықтар, көлік құралдары, аппараттар – 24,3%, металл және одан жасалған өнімдер – 14,9%, химия өндірісінен шыққан тауарлар – 10,5%, мал және май өнімдері, азық-түлік тауарлары - 10%.

Қазақстан экономикасында Ресейдің 20-ға жуық ірі компаниясы жұмыс істейді. Жалпы, елімізде ресейліктердің қатысуында 5590 компания жұмыс істейді.

Автор: Кәмшат Сатиева




Көрілген: 2243    Пікірлер: 0

бейсенбі, 02.10.2014, 15:22

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31