Нарық

Ресей сарапшылары қазақтың ішер асын неге санамалады?

  • Ресей сарапшылары қазақтың ішер асын неге санамалады?

    Ресей сарапшылары қазақтың ішер асын неге санамалады?

Кеше Ресейдің «Стандарт» әлеуметтік-экономикалық консальтингтік-зертеу орталығының экономист-сарапшысы Олег Лурьев твиттердегі парақшасында қазақ халқының шамамен ай сайын қанша келі ет, қанша литр сүт, қанша бөлке нан тұтынатынын бір мәрте есептеп көрмек болғандарын жазды. Сөйтіп, Ресей сарапшыларының тізбелеуінше, біз қазірде жыл сайын жан басына шаққанда 40-45 келі ет,100 келі нан. Ай сайын жан басына шаққанда 30 литрдей сүт тұтынады екенбіз. Ал енді Ресей мамандары неліктен бұлайша қазақтың ішер асын санамалады? Алаш айнасы бұған да тереңдеп көруді жөн көрді.

Жалпы, нақ осы ретте сауал қойғанымызда отандық мамандардың дені Ресей сарапшыларының жайдан-жай қазақтың ас-ауқатын тізбелеп отырмағанын, қазір әлем халқы азық-түлік дағдарысына ұшырамаудың барлық тәсілдерін қарастырып жатқанын, осы тұста біз де қарап қалмай азық-түлік қауіпсіздігін нықтауымыз керектігін алға тартты.

Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым:

– Қазір әлем жұртшылығы азық-түлік дағдарысына ұшыраудың алдында тұрғанда, Үкіметтің күнде бас ауыртып ойланатын өзекті жайттарының бірі осы болуы қажет. Бір айда халыққа қанша ет, сүт, нан қажет. Халық ай сайын қанша мөлшерде азық-түлік тұтынады? Отандық өнімнің үлесі қанша? Осы жағы есепке алынуы тиіс. Бізде статистика агенттігі бұл мәліметтерді бір жылға кешіктіріп барып есептейді. Мысалы, 1960-1970 жылдары Қазақстан халқы адам басына шаққанда жылына 45-50 келі ет жепті. Ал 1990 жылдары бұл көрсеткіш 70 келіге дейін жеткен. Ал қазір «қазақтың саны өсіп жатыр» дейміз, адам басына шаққанда орташа бір жылда жейтініміз – 45-47келі ет. Бағамдасақ, 1960 жылғы көрсеткішке дейін төмендеп кеткенбіз. Біз нанды пайдалануда да жоғары көрсеткішке жетпеппіз. 1960 жылы 140 келі нан жесек, қазір адам басына шаққанда жыл сайын 122 келі нан жейді екенбіз. Бұл көрсеткіш қазақ үшін өте төмен дәреже. Сондықтан нақ қазір біз үшін азық-түлік қауіпсіздігін қайта қарау қажет.

Осылайша мамандардың пайымдауынша, біз үшін - азық-түлік қауіпсіздігін сақтау шараларын сауатты меңгеру өте маңызды. Бұл ретте мамандар «Ресейге тұс-тұстан санкциялар салынып жатқан тұста бұл біз үшін өте маңызды жайттардың бірі. Күні ертең азық-түлік дағдарысы орын алып халық аш құрсақ болмауы үшін барлығын осы бастан жүйелеген абзал» деп отыр.

Нақ осы азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты өткен аптада халықаралық сарапшы, Лондондағы корольдік университеттің профессоры Рейн Мюллерсон де өз пікірін білдіріп қалды. Мюллерсон бұл ретте «әлем ашқұрсақ болудан сақтануы керек. Осыны ойлаған әрбір мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, тағамға қатысты тегеуріні мықты арнайы бағдарламалар арқылы жұмыс істеуі тиіс» деді. Сарапшының осылай деуі мұң екен, біршама елдер азық-түлікке қатысты қатаң талап қоятын шешімдер легін шығарып та үлгерді. Мысалы, бір ғана өткен аптада көршілес ТМД елдері азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мынадай шараларды қарастырыпты:

• Қырғыз елі азық-түліктен тарықпау мақсатында Орталық Азия елдері бірігіп, азық-түлік қауіпсіздігі қорын құруды ұсынды.

• Бірқатар ТМД елдері азық-түлік қауіпсіздігін шешудің бір жолы ретінде астық саммитін ұйымдастыру керектігін көлденең тартып отыр.

• Өзбекстан мен Тәжікстан болса, көкөніс алқаптарын кеңейтіп, сыртқа көкөніс экспорттаудың жаңаша тетіктерін қарастып жатыр.

Міне, көршілеріміз осылай қам жасап жатқанда біз не тындырдық?

Егер деректерге сүйенсек, біз қандай шара жасасақ та, алдымен заңға өзгерту енгізуді жөн көреді екенбіз. Мысалы, біздің елдегі «Азық-түлік қауіпсіздігі және мәселелері туралы» Заң тек 2010 жылдан бері ғана бес мәрте түзетуге түсіпті.

Марал Төртенова, экономист-сарапшы:

- Тек қана заңға өзгерту енгізумен мәселе шешімін таппайды. Әрине, заңға өзгертулер енгізу - уақыт талабы. Әйтсе де бұл жерде біз елімізде азық-түлік өнімін өндіретін өндірісшілер саусақпен санарлықтай екенін ескеруіміз керек. Олардың өзі ішкі рынокты қамтамасыз ете алмай отыр. Оған дүкен сөрелерінің шетелдік дайын өнімдерге толып тұрғаны дәлел. Біз шұжық, сүт-айран, сүзбе, сары майды шетелден әкелеміз. Бізде жетіспейтін өнім түрлерін шетелдік тауарлар толтырады. Айналып келгенде, азық-түліктің 35 пайызы ғана өзімізде дайындалады. Әлемдік стандарт бойынша әр ел азық-түліктің 84 пайызын өзінде шығаруы тиіс. Өйтпеген күнде ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі әлсіз болады да, ондай ел азық-түлік тапшылығына жиі ұшырайды. Сондықтан заңды жиі өзгеріске түсіргеннен гөрі, отандық азық-түлік өндірушілерге жағдай жасаған тиімді. Қазақстан тәрізді негізгі фундаменті аграрлық ел болып қалыптасқан мемлекетке тек мұнай-газ саласына ғана иек артып отыру - қолда бар мүмкіндікті бос жіберу деген сөз. Азық-түлік нарығындағы беделімізді көтеру үшін алдымен материалдық базамызды нығайтуымыз керек. Біз экспортқа астық шығарудан озықпыз. Бірақ басқа саладан құралақанбыз. Бізде өсімдік өсіру саласы мен мал шаруашылығы да тұралаған. Жеміс-жидектерді өзбек пен қытайлардан тасып, инфляцияның еселенуіне өзіміз жағдай туғызып отырмыз. Ауылдағы ағайын өндірген сүт-айранын, етін сатуға шығара алмай әлек. Осы күнге дейін өнімді шаруаның қолынан тікелей базарға шығаратын сату жүйесі орнаған жоқ. Арадағы делдалдар бағаны өсіріп, табысқа белшесінен батып жүр. Ауылға қаржы бөлуде де делдалдықтан арыла алмай отырмыз. Міне, осы кемшіліктерді жойып алмай, біз азық-түлік өндіруде бәсекеге қабілетті бола алмаймыз. Сондықтан алдымен осы жайттарға мән берілуі тиіс.

Р.S. Жалпы, азық-түлік саласын сөз еткенде бізге қазір Ресейдің импорт алмастыру бағдарламасына қатысуға ұсыныс түсіп отыр. Еуропаның импортынан бас тартқан Ресей енді бос жатқан нарығын біздің өнімдеріміз арқылы толықтыруды ойластыруда. Күні кеше Мәскеудегі Еурокомиссия отырысында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қазақстандық 20 кәсіпорынның өз өнімдерін Ресейге тасымалдауға дайын отырғанын мәлім етті. Бұл дегеніңіз - болашақта қазақтың азық-түлік саласы мен Ресейдің азық-түлік саласы бұрынғыдан да етене жақын бола түсетінін анық көрсетеді. Ал бұған қатысты мамандарымыз «Ресей қанша жерден қазақтың ас-ауқатын санамаласа да, қанша жерден мол тауар алуға тырысып «қолыңдағы барды бізге әкел» десе де біздің мақсатымыз азық-түлік қауіпсіздігінің барлық тетіктерін қарастыру болуы тиіс. Қауіпсіздік мәселесінде өз мүддемізді қорғау маңызды. Олай етпесек қолдағы бардың денін көршіге беріп, өзіміз аш құрсақ болуға мәжбүрміз. Сондықтан атқарушы билік бұл жерте сауатты жүйе қалыптастыруы қажет» дейді. 

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы




Көрілген: 1152    Пікірлер: 0

сейсенбі, 19.08.2014, 11:11

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30