Нарық

Ресейдің қор нарығында құлдырау басталды, бұдан бізге келер қауіп бар ма?

  • Ресейдің қор нарығында құлдырау басталды, бұдан бізге келер қауіп бар ма?

    Ресейдің қор нарығында құлдырау басталды, бұдан бізге келер қауіп бар ма?

Кешелі-бүгін Ресейдің қор нарығында құлдырау басталды. Шикізат компаниялары мен банктерінің акцияларының құны түсе бастады. Сөйтіп, Ресейдің қор нарығындағы ең ірі-ірі  компанияларының құнды қағаздары  құнын жоғалтып,  қор нарығының нарығының капиталы  бүгінде 12 пайыздық шығынға ұшырады. 
Жалпы, бұған дейін ресейлік сарапшылар «құнды қағаздар нарығында 3-5 пайыздық құлдырау болады» деп болжаған болатын. Бірақ көріп отырғанымыздай, аталмыш елдің қор нарығы 12 пайыздық межеге дейін өз құнын түсіріп алып, осылайша Ресейдің қор нарығы 22,6 трлн. рублін жоғалтты. Атап айтсақ, «Газпромның» құнды қағаздары - 11 пайызға, «Уралкалий» акцияларының құны - 11 пайыз, «ВТБ» банкінің акциялары - 12,5 пайыз, «Сбербанк» акцияларының құны - 8 пайызға арзандады. Тіпті «Мечел» металлургиялық компаниясының акциялары 26 пайызға арзандап, бұл компанияның акцияларын саудаға шығару тоқтатылды. Бұдан барып доллар мен еуроның рублге шаққандағы бағамы бұрын-соңды болмаған деңгейде қымбаттады. Ресей орталық банкі инфляция мен қаржылық тұрақсыздықты болдырмас үшін пайыздық мөлшерлемені 5 пайыздан 7 пайызға дейін уақытша қымбаттатуға шешім қабылдады. Сарапшылардың бағалауынша, Ресей биржаларындағы құлдырау 2008 жылы тамызда Ресейдің Оңтүстік Осетияға әскер енгізген тұсында болған құлдыраудан екі есе асып түскен. Осылайша Ресейдің қор нарығындағы инвестиция барынша орталанып қалды.  Ал бұл Қазақстанға әсер ете ме? Бізге келер қауіп қандай? Алаш айнасы мұны сараптап көруді жөн көрді?

Ең басты қауіп - рубльдің  девальвациясы

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, Ресейдің қор нарығындағы ахуалдың кері құбылуы жақсы нышан емес. Себебі Ресей өзінің қор нарығындағы инвесторларын жоғалтып алмас үшін бұдан былай алтын-валюта қорындағы қаржысын да қор нарығына сала бастайды. Ал бұл әрекет елде алтын-валюта қорының қорының азаюына жол береді де, одан әрі қор азайғаннан кейін Ресей рубльдің бағамын тежеп ұстап тұра алмайды. «Кешелі бері рублдің анағұрлым әлсірегені де байқалып отыр.  Рубль 10 пайызға арзандап кетті. Әлі де құны түсе береді. Ал мұның арты теңгенің девальвацияға ұшырауына апарып соқтырады. Экономикасы Ресеймен байланған мемлекет ретінде біз бұдан қауіптенуіміз керек» дейді мамандар.
Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, экономист-сарапшы:
- Теңгенің рубьлге қарайлайтынынын мойындауымыз керек. Себебі –Ресей мен Қазақстанның экономикасы қатты ұқсас, екеуі де мұнай экспорттайтын елдер. Оның үстіне, Қазақстан үшін негізгі сауда әріптестерінің бірі және мұнайдан басқа экспортын тұтынатын негізгі ел Ресей екенін біз ұмытпауымыз керек. Егер рубль арзандаса, Ресейдегі қазақстандық тауарлар қымбаттайды. Сондықтан теңгенің құнын кемітсе ғана қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі күшейеді. Міне, біз не үшін рубьлдің соңынан жүреміз дегенге негізгі жауап осы. Сондықтан  бұл жерде экономикасы Ресейге байланып отырған ел ретінде теңгенің құнын тағы түсіруімізге тура келеді. Қазір рубльдің құны 10 пайызға арзандады, ал көктем шыға бұл үрдіс тағы жалғасуы мүмкін. Себебі Ресей өзінің алтын валюта қорын қазірдің өзінде азайтып алып отыр. Алтын валюта қоры азайған елдің ұлттық валютасының да құны түсе береді. Бұған қоса Ресейдің құнды қағаздар нарығындағы инвестиция көлемі де тым орталанып кетті. Мұның барлығы рубьлдің құнын түсірмесе өсірмейді. Әрине, Ресей уақытша ұстап тұра алар, бірақ ол көпке созылмайды.

Осылайша мамандарымыздың дені Ресейдің ұлттық валютасының құнсыздануы, бізге тікелей әсер ететінін жасырмайды. Тіптен қайсыбір мамандарымыз Ресейдің құнды қағаздар нарығындағы ахуалдың салқыны бізге де тиюі ғажап емес екенін алға тартуда.

Инвесторлардың көңіл күйі бұзылды, ол бізге де әсер етеді 
Негізінде, мамандардың дені қазірде Ресей қор биржасындағы саудаға инвестиция салып отырған біраз қауым қазақстандық қор биржасындағы саудаға да араласып отырғанын алға тартады. Мысалы, Ресейдің «Алфабанк», «Промсвязьбанк» ААҚ, «Сбербанк» АҚ тәрізді қаржылық ұйымдармен қоса тағы басқа  толып жатқан банктері Қазақстандағы қор нарығының да мүшелері (барлығын тізуді жөн көрмедік). «Ал енді сол банктер қор нарығындағы акицяларының құны төмендеген сайын пайыздық ставкаларын жоғарлатуы мүмкін. Ал мұның артында қаншама мәселе тұр» дейді мамандар.
Жұмаділда БАЯХМЕТОВ, экономист-ғалым:
- Біздегі қор нарығына қатысушылардың  арасында көршілес Ресей елінің қаржы институттары да бар. Тіпті  2010 жылдан бері қор нарығының басы-қасында жүрген мамандар Ресей елімен бірігіп ликвидитті қор нарығын да құрмақ болған еді. Ликвидті  яғни біріккен қор нарығын құру үшін кем дегенде 100 мың көтерме инвестор қажет. Ал бізде 100 мың инвестор жоқ. KASE бойынша тек жеті-ақ компания сауда-саттыққа белсенді қа¬тысып, күніне 50-ден 100 келісімшарт жасаса, бұл кезеңде Ресейде 100 мыңға жуық келісімшартқа қол қойылады, ал батыс нарығында ол миллионға дейін бір-ақ барады. Сонда салыстырыңыз, айырмашылық жер мен көктей. Міне, осыны ескергендіктен біз Ресеймен бірігіп қор нарығын құрмақ болдық. Қазақстандық қор биржасындағы бағалы қағаздардың көлемін арттыру  үшін Ресейден инвесторлар тартыла бастады. Ал қазір Ресейдегі жағдайдан кейін ол елдегі қор нарығының ахуалы қиындай бастады. Бұған біздегі қор нарығының да алаңдап отырған жайы бар. Себебі бұл жерде Ресей инвесторлары өздерінің бағалы қағаздарын Батыстың тегеурінді қор нарығына салуды ойласа, онда жағдай қиындай түседі. Ресейдің қаржы институттары бұл жерде өзінен өзі жетілмеген Қазақстанның қор биржасын таңдамайды, сондықтан олар біздің құны қағаздар нарығына инвестиция салуды доғарса онда  біздің отандық қор нарығы да әлсірей түседі. Ендеше бұл жағдай бізге шынымен де сынақ болып тұр. Инвесторлорлдың көңіл күйінің бұзылуы, бізге әсер етпей қоймайды. Біздің бір қуанатымыз сол 2010-2011 жылдары Мәскеу қор биржасына таңдау жасап соның аясында біріккен қор құрып жібермегеніміз. Кеден одағы аясында біріккен қор нарығын құрғанда жағдай тіптен тәуекелдене түсер еді де тұтас Ресейге жұтылып кетер едік. Сондықтан бұл жерде сақтану керек және өзіндік позициямызды ұстанып отырғанымыз абзал.

Ресейге инвестиция азайса, оны мысқылдаудың қажеті жоқ
Абзалында, қор нарығы бар, басқа саласы бар Ресейге инвестиция азаяр болса, онда көрші елді мысқылдаудың қажеті жоқ. Себебі Ресей бастысы бізге күш салатынын мамандар жасырмай отыр. Кеше АҚШ-тың бас хатшысы Джон Керри Ресейді саяси санкция беруді қолдайтынын мәлім етті.  Ал егер мұндай санкция беруді Еуроодақ қолдаса бұл макроэкономикалық дамуға да кері ықпал етпек. Қазірдің өзінде Ресейдің макроэкономикалық өсімі соңғы үш айда 7 пайызға кеміген. Бюджеттік шығындары үш айдың көлемінде артып, халықтың ақшалай табыстары кеміп елде жұмыссыздар саны да артып отыр. Атап көрсетсек, Ресейге күрделі салымдар құйған инвестор мемлекеттердің үлес салмағы: Германия – 20,2% (4001 млн доллар), Кипр – 11,8% (2327 млн долл), Ұлыбритания – 11,5% (2271млн долл), Швейцария – 6,8 (1349 млн долл), Франция - 6% (1184 млн долл), Нидерланды – 5,9% (1168 млн долл), АҚШ – 5,7% (1133 млн долл), Жапония – 2,2% (441 млн долл), Австрия – 1,9% (376 млн долл), Швеция – 0,7% (139 млн долл) .  Ал енді бұл елдердің ішінде Германия, Ұлыбритания, елдері әлемдік қауымдастық экономикалық-саяси санкция жарияламай жатып-ақ «Ресейдің ұйымдастыратын «үлкен сегіздік» саммитіне бармаймыз» деп қырын қарап отыр. «Ал өзге елдерден келер  инвестиция көлемі азаяр болса,  Ресей өзінен-өзі бар салмақты көрші отырған қазаққа салары даусыз. Сондықтан бұл жерде Ресейдің экономикасының тұрақты болуы біз үшін маңызды» дейді мамандар.




Көрілген: 2970    Пікірлер: 0

сейсенбі, 04.03.2014, 14:21

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    5 Қыркүйек, 18:20
    Жалақымен баюға бола ма?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30