Ресейге қарсы санкцияларға байланысты Қазақстанда арзандауы мүмкін өнімдер аталды

12 наурыз 2022, 01:34

Қазақстанда Ресейге қарсы санкциялар аясында қарақұмық пен күнбағыс майы арзандауы мүмкін. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінде өткен жиында аталған өнімді өндірушілер айтты.

Қарақұмық пен күнбағыс майын өндірушілер қазіргі таңда шикізат тапшылығы барын хабарлады. Дегенмен, Ресейдің бұл өнімдерді шетелдерге экспорттауын тоқтатуына байланысты тауар көлемі, ең алдымен, Орталық Азия нарығына, оның ішінде Қазақстанға жөнелтіледі, бұл бағаның төмендеуіне әкеледі.

Бұл ретте күнбағыс майын өндірушілер шикізатқа, шетел валютасына сатып алынатын қосалқы бөлшектерге, полиграфиялық өнімдерге (Ресей Федерациясында өндірілген заттаңба, картон)  байланысты ғана баға өсуі мүмкін екенін айтты.

Қант өндірушілер АҚШ долларымен сатып алынған шикі қанттың бағасы көтерілген жағдайда сату бағасының өсуі мүмкін екенін айтты.

Сүт өндірушілер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік санатына жататын өнімдерді қоспағанда, өз өнімдерінің бағасы 10 пайызға дейін қымбаттағанын хабарлады. Бағаның өсуі шикізат пен қаптаманың бағасы көтерілген жағдайда көтеріледі.

Тауық жұмыртқасы мен құс етін өндірушілер шетелдік компаниялардан (Түркия – инкубациялық жұмыртқаны жеткізу бойынша, Аргентина – соя шроты, Ресей – тауықтар және т.б.) жеткізілімдердің үзілуіне байланысты өндірісте айтарлықтай шығынға ұшырағанын хабарлады. Бағаның өсуіне қосымша факторлар жем, ветеринариялық препараттардың, премикстердің, қосалқы бөлшектердің қымбаттауы, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қолдаудың жойылуы әсер етеді.

Консультациялық кездесулер барысында Агенттік нарық қатысушыларына жасанды тапшылықты тудыруға және бұрынғы бағамен сатып алынған тауарлардың бағасын көтеруге жол берілмейтіндігі мен салдары туралы ескертті.

massaget.kz