Ресейге салынған санкциялардың әсері Қазақстанға да тиеді – Сарапшы

28 ақпан 2022, 00:37

Қақтығыс басталған алғашқы күні-ақ Ресейдің ауқатты азаматтары 38 миллиард доллар шығынға батты. Себебі Мәскеу биржасы құлдырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресейдің ең ірі компанияларының акциялары сәт сайын құнсызданып, рубльдің долларға шаққандағы бағамы жеті проценттей төмендеді. Осылайша Американың бір доллары 89, ал еуро 100 рубльге дейін жетті. Қысымға шыдамаған Мәскеу биржасы барлық сауданы уақытша тоқтатты. Ал Еуроодақ Ресейдің мұнай өңдеу саласына тауар мен технология жеткізуді тоқтатты. Әскери саладағы 60 жетекші компанияны қара тізімге қосты.

Ресей өз нарығын құрдымға жібермеу үшін Орталық банкі арқылы валюталық интервенция жүргізуді бастады. Сондай-ақ қаржы ұйымдарына 1 қазанға дейін міндетті есеп айырысу кезінде 18 ақпан күнгі валюта бағамын қолдануға рұқсат етті. Осыдан кейін нарық тұрақталды. Аптаның соңына қарай Мәскеу биржасында индекстер 20 процентке дейін көтерілді. Ал бір доллар 84, Еуро 94 рубль шамасында тұрақталды. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремль де батыстың санкцияларына қарсы шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.

Дмитрий Песков, РФ президентінің баспасөз хатшысы:

– Әрине бұл шектеулерге қарсы жауап қайтарылады. Бірақ жағдайды жан-жақты зерттеуіміз керек. Соның аясында өзімізге тиімді жолды таңдап, тиісті шаралар қабылдаймыз. Ресей өзін-өзі қамту бағытында бірқатар жұмыс атқарды. Кемшіліктер бар. Бірақ олқылықтың орнын толтыруға да мүмкіндік қарастырылған. Мына жағдайлар оны жеделдетуге септігін тигізеді. Ресей мен Украина арасындағы жағдай Қазақстан экономикасына салқынын тигізді. Ресей әскери операциясын бастаған алғашқы күні Қазақстан қор биржасында бір доллар 452 теңгеге бағаланды. Валюта айырбастау пункттерінде 470-472 теңгеден сатылды. Жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5 %-ке дейін көтерді. Сондай-ақ валюталық интервенция жасау үшін 104 миллион доллар бөлінді. Сарапшылардың айтуынша жағдай тұрақталмаса, Ресейге салынған санкциялардың әсері Қазақстанға да тиеді.

Мақсат Халық, сарапшы: – Рубль қатты құнсызданса, теңге де құнсызданады. Бірақ ондай дәрежеде құнсыздынбайтындай ұстап тұруға мүмкіндік бар. Бірақ оның кері салдары да болуы мүмкін. Біз алтын резерв қорымыздан айырылуымыз мүмкін. Екінші мәселе бар. Ресей рублі қатты құнсызданып кетсе, Ресей тауары қатты арзан болып келеді. Қазақстан азаматтары 2014 жылғыдай Ресейден көптеп тауар сатып алуды жандандыруы мүмкін. Бұл жағдай ел экономикасынан капитал ағынын алып келеді. Түптеп келгенде ол Қазақстан үшін тиімді емес. Онсыз да әрең сақтап отырған өндіріс ошақтарымыз тіпті доғарылуы да мүмкін. Алдағы дүйсенбіде Ресей SWIFT жүйесінен толық ажыратылуы мүмкін. Яғни санкция тізіміне енген Ресейлік банк салымшылары шет елдерге ақша аударымдар жасай алмайды. Халықаралық төлемдер де тоқтайды. Visa және Masterкарт қолданушыларына шектеу болмауы тиіс еді. Десе де Мастер карт қара тізімдегі банк карталарының шет елдердегі қаржы операциялары тоқтатылатынын мәлімдеді. Ресей төңірегінде ғана қолдануға болады. Бұл шектеулер Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымын кідіртіп тастауы ықтимал. Себебі Ресей – Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесі. Қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 20 миллиард доллардан асады. Егер Ресей халықаралық төлемдер жасай алмаса, көрші елден импорт көлемі азайып кетуі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін екі елдің банктері тікелей қатынас орнатуы тиіс, – дейді сарапшылар. Ал мұнай бағамына келсек, бейсенбіде 9 процентке көтеріліп, жеті жыл бұрынғы рекордын жаңартты. Апта соңына қарай Бренд маркасы 94, WTI маркасы 91 доллар маңайында саудаланды. Сарапшылардың айтуынша, бағаның қайта төмендеуіне бірнеше себеп бар. Ең бастысы Ресми Вашингтон Мәскеудің мұнай саласына санкция салған жоқ. Нарықтағы тапшылықты Ираннан алу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Алдағы аптада ОПЕК+ елдері кезекті отырысын өткізеді. Онда өндірісті арттыру туралы шешім қабылдануы мүмкін.

«Хабар 24».