Салық органдары 50 мың АҚШ долларынан асқан аударымдарды бақылауға алмақ

04 мамыр 2022, 09:40

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті капиталдың шетелге шығарылуына қарсы іс-қимыл бойынша жұмысы аясында 50 мың АҚШ долларынан астам операцияларды бақылауға алатынын мәлімдеді.

Аударымдар туралы деректерді Ұлттық Банк ұсынады, деп хабарлайды Экспресс К комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта "тауарлар, жылжымайтын мүлік, бағалы қағаздар, қатысу үлестері үшін төлемдер" мақсатындағы төлемдер талданды және мынадай бағыттар бойынша хабарламалар қалыптастырылды:

1) тауарларды сатып алуға арналған төлемдер мен аударымдар бойынша

  • кірістерді төмендету бөлігінде — декларацияларда көрсетілген кірістер сомасы тауарларды сатып алуға арналған аударымдар сомасына сәйкес келмеген кезде, яғни сатып алынған тауарларды сатудан кірістерді төмендету туралы мәселе туындайды.

Бұл ретте қаражаттың шығу көздерін анықтау туралы мәселе туындамайды, аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері тарапынан мұндай талаптардың белгіленген фактілері бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

  • дара кәсіпкер ретінде есепке қою қажеттілігі туралы — жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тауарларды жүйелі негізде сатып алуы кәсіпкерлік қызмет белгілеріне ие болуына байланысты.

2) жылжымайтын мүлікті, бағалы қағаздарды және шет мемлекет заңды тұлғасының жарғылық капиталына қатысу үлестерін сатып алуға арналған төлемдер мен аударымдар бойынша

"Бұл жағдайда жеке табыс салығы бойынша декларацияда (240.00-н.) жылжымайтын мүліктің, жарғылық капиталға қатысу үлесінің, шетелде тіркелген бағалы қағаздардың болуы туралы мәліметтердің көрсетілуі тұрғысынан, сондай-ақ бағалы қағаздарды өткізуге байланысты мүліктік табыстың туындауы тұрғысынан бақылау жүргізіледі", — делінген хабарламада.

CRS жүйесіне қатысты бүгінгі күні Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қатысушы 18 елмен қаржылық шоттар туралы ақпарат алмасу басталды. Олардың шеңберінде ҚР азаматтарының шетелдік банктік шоттардағы ақша қаражатының қалдықтары туралы деректер алынады.

Осылайша, бүгінгі күні аталған мәліметтер бойынша камералдық бақылаудың жалғыз мәселесі жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген жеке тұлғалардың (мемлекеттік қызметкерлер және оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары) осындай мәліметтерді декларацияларда көрсетуі болып табылады.