Салық ұрлаған сөмкелерге шекарада бөгет жоқ

23 мамыр 2013, 13:04

Бізде алдымен заң қабылданады, одан кейін оны айналып өтудің жолдары қаралады. Менталитет солай болып барады. Кеден одағын құру да бұл қанға сіңе бастаған алабөтен қасиетті жоя алмапты, әзірге.  Заңдылық бойынша осы одаққа мүше елдердің тауарлары бір-біріне ешқандай салықсыз еркін тасымалданып, өтімділігі жоғары болуы керек, ал импорттар шектеледі. Ол баждың көлемі көбейгендіктен дестік. Алайда нақты өмірде шетелдік кейбір заттар Кеден одағынікі секілді бізге де ешқандай төлемсіз шекара асып келіп жатқан жайы бар. Мәселен, Қытай мен Қырғыз Республикасынан тасымалданатын көйлек-көншектер. Олар «жеке тұтынысқа» деп қырыққа бөлініп, шекарадан тегін өтеді. Бірақ тапсырысшының алдына барғанда бұл көйлек-көншек 10-15 жүк көлігінің будасын құрайды. Кеденнен дорба тасымалдап өтуді «кәсіпке» айналдырғандардың басы бір кәсіподақты құруға жетерлік көрінеді. Олар нәпақасы жақсы бұл жұмыстан оңайшылықпен бас тарта қоймасы анық. «Әр сөмке артқанды қуалаудан шаршадық» деген кеденшілеріміз болса, «заңның кетік тұсын тезірек жамаса» дейді...
Контрабандашылар ұтымды пайда­ла­нып отырған Кеден одағы заңнамасындағы нор­ма шекарадан алып өтуге рұқсат бе­рілген жүк көлеміне қатысты болып тұр, яғ­ни тәртіп бойынша бір адам өзімен бірге айына 50 келі тауарды ешқандай салық­сыз, қандай да бір кедергісіз алып жүре ала­ды екен. Негізінен, Кеден одағы құ­рылғанға дейін импортшылар еліміздің на­рығына әкелген 1 келі тауары үшін мем­лекет қазынасына 0,6 евро төлеп келген. Қа­зір бұл баж көлемі 4 евроны құраған. Алай­да бірден осылайша қатты қым­баттаған салықты төлеуге тауар тасы­мал­даушылар дайын болмай шықты. Есесіне, өздеріне тиімді жолды тауып, заңнаманың осал тұсын ұтымды пайдаланған. «Арқан бойы жолдың тұсау бойы төтелігі бар» дегенді ұстанған оларға мемлекетке салық тө­легеннен гөрі, 1 сағатқа шекарадан рұқ­сат етіл­ген көлемдегі жүкті алып өтушіні жал­­даған оңтайлы көрінген. Ал «жүрген аяққа жөргем ілінер» деп екі ел арасында ары-бері «шапқылағыштар» бір күнде бір дор­бамен 10-15 жүк көлігінің тауарын та­сы­­мал­дап тастайды екен. «Бітейін деп тұр­ған саудаға беделді делдал тап болар» деген осы болса керек.
Қаржы министрлігінің Кедендік бақы­лау комитетінің мәліметінше, қырғыз шека­расында мұндай қызметті көр­се­ту­шілер саны 3 мыңнан астам болса, ал Қы­тай­мен шекара арасындағысы шамамен 5 мың­ға жуықтайды. Аталған комитеттің бас­шысы Мәжит Есенбаевтың айтуынша, бү­­гіндері осы заңсыз қызметті нәпақа кө­зіне айналдырушылар саны күрт қыс­қар­ған: әкімшілік жаза тауарды тәркілеудің арқасында. Сондай-ақ бұл жайсыз құбы­лыс кеденшілерге қосымша жұмыс тауып беріп отыр деп айтсақ та болады. Мысалы, алғашында бір адамда өту рұқсаты болса, шекарадан ары-бері қанша рет өтемін десе де өзі білетін. Енді әр адам тіркеуге алы­нады, яғни ол кеденнен айына бір рет 50 келі жүк алып өтуге құқылы. Бұл – бірін­ші­ден. Екіншіден, салық қызметінде­гілер мен кеденшілер бірлесіп, «челноктарды» есеп­ке алған, демек, олар баж салығынан тыс жеке кәсіпкер ретінде де салық төлейді, заңда көрсетілгендей. Бірақ кеденшілердің пікірінше, мұның барлығы уақытша шара болуы тиіс, дұрысы – бақылау-өткізу пунк­ті арқылы жаяу адамның жүруіне мүлде тыйым салынғаны, бір күндік туристердің барлығы «Қорғас» шекара маңы ынты­мақ­тастығы халықаралық орталығына жө­нелтілуі қажет. Өйткені ол арада сөткесіне 10 мың адамды тексеруге мүмкіндігі бар, со­ны технологиядағы жолаушыларды өт­кізуші терминал жұмыс істеп тұр. Бұл – ше­карадағы жағдайды реттеуге қатыс­тысы.
Біздің заңда «жеке тұтынысқа арналған та­уар» деген түсінік бар, ал тауардың ком­мерциялық партиясы жөнінде түртілген сөз жоқ. Сондықтан қазақстандық Кеден органы мамандары Кеден одағының құ­қық­тық құжатына осы түсінікті енгізуді ұсын­ған. Қазір қолданыстағы заңнаманы жетілдіруде ұсынылған бұл норманы осы одаққа мүше өзге мемлекеттердің ма­ман­дары өзара талқылап жатыр. Егер тараптар бұған өз келісімін берсе, Қытай мен Қыр­ғыз елінен тауар тасушыларға қиын бо­ла­йын деп тұр, яғни осал тұсын пайдаланып, заң­нан жалтарғандарға енді мұндай мүмкіндік берілмейді.
Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назхановтың ай­туын­ша, аталған шағын бизнеске еліміздің жұмысқа қабілетті деген адамының әр үшіншісі тартылған. «Сондықтан отандық өндірісті қолдаймыз деген бұл шара жаппай жұмыссыздықтың артуына ықпал етіп жүрмесе игі, – дейді ол. – Кеден ода­ғының іске қосылуы, сырт­тан тауар тасы­малдаушылардың санын күрт қысқартқан. Ен­дігі шара бұл құбы­лыс­ты одан сайын күшейте түсері анық. Демек, бұл – елі­міздің экономикалық өмірінен биз­нес­мен­нің бүтін класы жойылады деген сөз».
Мүмкін бұл артықтау айтылған сөз шығар. Мысалы, «Даму» кәсіпкерлікті қол­дау қоры жаңа кәсіпті ашамын деушілерді таңдауда, ең алдымен, осы базар тілін бі­ле­тіндерге басымдық береді екен. «Сау­дагер болған жақсы, бірақ өндіруші бол­саңыз, тіптен жақсы. Біздің сүйенетін ұра­­­­нымыз – осы. Жалпы, саудагер сауда тілін, есеп-қисапты біледі, тауарды өткізу, жет­кізу дегенді пайымдай алады әрі айналымында қаражаты бар дегендей. Оған қоса, бізден жеңілдікпен несие алса, ол жаңадан ашқан өз өндірісін ары қарай оп-оңай дөңгелетіп әкете алады деп сенеміз. Сондықтан базардың адамдары далада қалмауы керек деп ойлаймыз», – деген еді бір сөзінде «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Қалай дегенмен де импортқа тәуелді ел екенімізді ешкім жоққа шығара ал­май­ды. Демек, импорт бізде әлі де көптеп тұтынылады. Ішкі нарық қанағат­тан­дыра алмаған сұраныстағы тауардың қым­бат болуы, айналып келгенде, елі­міздің инфляция көрсеткішіне әсер етері сөз­сіз. Осы жағынан алғанда, импорт­шы­ларға қатысты заңды қатайтқанмен, салық алы­мы көлемінде ойланған дұрыс шығар деп қаламыз.