Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Салықтық есептер 30 пайызға қысқарады

18 қаңтар 2011, 13:19

ХІХ ғасырда өмір сүрген Г. Джордж деген америкалық экономистің «ұлтты өркендету үшін жер салығынан басқасын түгелдей алып тастау қажет» деген теориясы бар. Содан бері осы ойдың дұрыстығы сан мәрте дәлелденсе де, бірде-бір мемлекет оны жүзеге асырмады. Есесіне, мүлтіксіз салық жүйесін іздестіру әрекеті әлі де жалғасуда. Бірақ бұл ізденіс ешқашан аяқталмайды. Өйткені салық атаулы әр елдің ерекшелігіне, халқының салт-дәстүріне және экономикалық даму дәрежесіне қарай белгіленеді.
Бізде әсіресе соңғы жылдары салық жүйесін жетілдіруге ерекше мән беріліп жүр. Тіпті 2012 жылы Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісінде салық төлемі жағынан алғашқы жиырма елдің қатары­нан көрінеміз деген жоспар да бар. (Еске түсірсек, өткен жылғы бағалау бойынша 39-орындамыз). Оған әкімшілік кедер­гілерді азайту, салық есебінің формасы мен өткізу рәсімін жеңілдету сияқты шара­лар әсер еткен.
Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожиннің: «Біз Прези­денттің тапсырмасымен салық есебін тағы да 30 пайызға қысқартуды көздеп отыр­мыз», – дегені бар. Биыл салық туралы заңға бірқатар өзгерістер енгізіліп, ол 2012 жылы күшіне енеді. Осы өзгерістерге сай, барлық кәсіпкер үшін салық есебі 30 пайызға, ал жеке кәсіпкерлер үшін (ИП) 40 пайызға қысқарады. Қазір комитет жеке кәсіпкерлердің есеп өткізу жиілігін жылына екі ретке дейін азайтуды ұсынбақшы.
Сондай-ақ салық есебін электронды формада өткізу жағынан ТМД елдері арасында алда келеміз. Бүгінде салық төлеу­шілердің 85 пайызы есебін электрон­ды түрде өткізеді. Бұл – ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Дәулет ЕРҒОЖИН, Салық комитетінің төрағасы: «Мемлекеттік органдар ішінде Салық комитеті тәуелсіз бағалаушылардың көмегімен өз жұмысын дербес бағалауды алғашқылардың бірі болып бастады. Біз өз жұмысымызды қалай жүргізетінімізді жасырмаймыз, жыл сайын бізді тексеріп тұрады. Оған бюджеттен ешқандай қаржы төленбейді».
Осындай зерттеулердің нәтижесі салық мекемесінің қызметіне көңілі толатын тұрғындар мен кәсіпкерлердің қатары кө­бей­генін байқатты. 2007 жылы тұрғындар­дың 51 пайызы, кәсіпорындардың 40 па­йызы ғана салық мекемелерінің қызметін жақсы бағалады, ал 2009 жылы бұл көрсеткіш 91 және тиісінше 85 пайызға жет­кен.
Қазақстан Салық төлеушілер қауым­дастығының тапсырысымен 2008-2009 жылдары сауалнама жүргізген «Сандж» зерттеу орталығының ұсынған нәтижесіне қарасақ, салық қызметкерінің жағымды бейнесі қалыптасқан сыңайлы. Әйтеуір, ана жылдағыдай емес, имантаразы деуге болады.
Кезекте тұруға жұмсалатын уақыт 2008 жылға қарағанда 2009 жылы 30 минутқа кеміген. Қызмет сапасына көңілі толатын­дар – 91 пайыз (бұрынғысы – 72 пайыз). Әсіресе заңсыз сыйақы төлеу 7 пайыздан 1,4 пайызға кеміген көрінеді. Бірақ бұл салада бәрі керемет деуге де келмейді. Күр­делі де түсініксіз рәсімдеулер, қызмет­кердің өз орнында отырмауы, ақпараттың дер кезінде берілмеуі сияқты кемшіліктер жойылса, қызмет сапасын едәуір жақсар­туға болар еді. Әсіресе интернет арқылы салық есебін өткізудегі күту мерзімі бәрінен де ұзақ – 2 сағат 48 минут. Ме­кемеге өз аяғымен келгендер – 1 сағат 18 минут, пош­та арқылы – 2 сағат, терми­налмен жі­бе­ретіндер 1 сағат 24 минут уақытын жұм­сайды. Айта кету керек, «Салық ұйымдары қызмет сапасының мониторингіне» 1633 шағын, орта және ірі бизнес өкілдері, 849 жеке тұлға, 455 салық қызметкері қатыс­қан.
«Сандж» зерттеу орталығының ди­ректоры Жанар Жандосованың айтуынша, дағдарыс кезінде салық қызметкерлеріне ұсынылатын пара көлемі үш есеге ұлға­йыпты. Жемқорлықты тудыратын басты себеп бұрынғысынша әкімшілік кедергілер боп қалуда. Орташа бейресми сыйақы мөлшері үш есеге көбейіп, 2010 жылдың қорытындысы бойынша 36 000 теңгені құраған. Әсіресе заңды тұлға жойылғанда немесе ЖК (ИП) жұмысын тоқтату мақсатымен жүргізілетін рәсімдеу кезінде жемқорлық жандана түседі.
Жанар Жандосова, «Сандж» зерт­теу орталығының директоры: «Жабылу мен жою рәсімдерін «қолы таза емес» салық қызметкерлері жақсы пай­даланады. Олар сол кезде жабылып жат­қан кәсіпорындар туралы мәліметтерді сатумен айналысады. Кәсіпорын жабыл­ғанға дейін салық органдары белгілі бір сома мен пайда­ланылмаған қорларды олардың мойнына іледі».
Дегенмен салық мекемесіндегі жемқорлыққа қарсы күрес жалғаса берсе, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің азаюы ғажап емес. Оған Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожиннің мына сөзі дәлел: «Қолға алынған шаралардың шең­берінде 2010 жылы салық органдарының өз тарапынан жемқорлыққа бойсұн­ғандарды құрықтау 36 пайызға өсті, яғни біз пара алушының 100 пайызының 70 пайызын өзіміз әшкерелеп, құқық қорғау орындарына тапсырдық. Бұл орайда мынаны айтқым келеді: Салық комитетінің сайтында төраға блогы бар, соған ақша бопсалаған салық инспекторының аты-жөнін жазып жіберуге болады. Мұндай оқиғалар бізде болған. Бірақ оның бәрі расталмайды. Мәселен, айыппұл салынған салық төлеушінің дереу шағымданатыны бар. Міне, соның бәрі егжей-тегжейлі анық­талады. Мәселе қазір былайша қойы­лады: пара алушыны ұстаумен шектелмеу керек. Ондай жағдайда аудан немесе облыстағы салық мекемесінің басшысы жазаланады. Себебі «балық басынан шіриді» демекші, ол қол астындағылардың әрекетіне жауап беруі тиіс».
Комитет төрағасы біздің салық жүйе­мізге биыл ғана 20 жыл толатынын, сон­дықтан 200 жылдан астам тарихы бар америкалық салық жүйесімен салыстыруға болмайтынын атап көрсетті. Бұл салада атқарылатын шаруа шаш етектен. Соның бірі – халықтың салық сауатын көтеру. Сон­дықтан сауат ашуды мектеп қабыр­ғасынан бастауды жөн көреді. Қанша айт­қанмен, Бенжамин Франклиннің «Дүниеде өзгермейтін екі нәрсе бар: бірі – өлім, екіншісі – салық» дегені бар емес пе.