Сарапшылар Қазақстанда байлыққа салық салу туралы не ойлайды

11 наурыз 2022, 20:05

Қазақстанда байлыққа салық салу мәселесі көптен бері талқыланып жатыр. 2013 жылы салық заңнамасына өзгерістер енгізілгенде "қымбат көліктерді" қозғалтқыштың көлеміне қарай анықтауға ұсыныс жасалды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгінде көлемі 4000 шаршы сантиметрден асатын темір тұлпарлар ғана элиталық мүлікке жатады. Оның салығы жоғары. Ал жылжымайтын мүліктің салығы бағасына қарай төленеді. Кейбір шенеуніктер "осының өзі әділ жүйе" деп санайды. Дегенмен, мемлекеттік органдар нақты байлыққа салық салу мәселесін пысықтауға кірісті.

 

Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген сарапшылар осы бастамаға қатысты өз ойын айтты.

 

Халықтың табысын арттыруға болады

 

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында үкіметтің байлық салығына қатысты жоспары туралы айтылды. Оған сәйкес, алдағы уақытта "люкс" санатқа жататын көліктер, мәселен, Aston Martin, Bentley, Ferrari, Lamborghini мен Maserati сияқты модельдерге жоғары салық салу ұсынылып отыр.

 

Осы тізімге ұшу аппараттары мен яхталар да кіруі мүмкін. Ал жылжымайтын мүліктің салығы үйдің ауданына қарай төленеді. GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халықтың ойынша, бұл бастаманы соза берудің қажеті жоқ. Биылдан қалдырмай, заңмен енгізген дұрыс.

 

"Мен ешқандай қиындық көріп тұрған жоқпын. Осы бастаманың ұтымды жағы көп, біріншіден, бюджеттің кірісі көбейеді. Соның есебінен айлығы төмен азаматтардың табысын арттыруға болады. Мәселен, 100-200 теңгеге дейін жалақы алатын адамдарды табыс салығынан толығымен босатуға мүмкіндік бар. Сонда қолдарында көбірек ақша қалады. Ал бюджеттің шығыстарын байлыққа салынған салықпен жаба салуға болады", - дейді Халық.

 

Байлыққа салық салынған жағдайда одан жалтару әрекеті көбейеді деген қауіп те бар. Алайда қазірдің өзінде ондай фактілер аз емес.

 

"Салықты төлегісі келмейтін адамдар онсыз да төлемей жүр ғой. Зәулім коттеджде тұрады. Бірнеше көлігі бар. Бірақ салық төлемейді. Оны төлеткізу керек. Байлыққа да салық салған жөн. Иә, бірден жоғары салық болмайтын шығар. Дегенмен, біртіндеп көтерген дұрыс", - деп атап көрсетті Халық.

 

Адамдар ақшаны тиімді жұмсауды үйренеді

 

Экономист Арман Байғанов та байлық салығын енгізген дұрыс деп санайды. Одан ауқатты азаматтар көп шығынданбайды. Бүгінде шетелде байлыққа салық салу тәжірибесі кеңінен тараған.

 

"Мысалы, Францияда байлар тапқан табысына қарай салық төлейді. Еуропаның кейбір елдерінде "люкс" санатына кіретін көліктерге де салық салынады. Ондай мүлікті сатып алуға жағдайы болса, салықты төлеуге де ақшасы табылады ғой", - деді Байғанов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

 

Оның ойынша, қоғам осы бастаманы қызу қолдайды. Себебі елімізде төмен және орташа айлық алатын адамдар көп.

 

"Сосын ондай бастаманың тағы бір жақсы жері, адамдар табысына дандайсып, қымбат мүлікпен мақтанып жүрмейді. Бірнеше көлік алмас бұрын ойланады. Өйткені бәріне салық төлеу керек болады. Адамдар ақшаны тиімді жұмсауды үйренеді. Қазір көшеде қымбат көліктер көп қой", - деп атап көрсетті Байғанов.

 

Сондай-ақ, сарапшылар жалпыға бірдей декларациялау жұмысын аяғына дейін жеткізу керек дейді. Сонда ешкім табысын жасыра алмайды. Осыны тездетіп жасаса, байлық салығынан да көп кіріс келеді. Ал өз байлығын шетелге шығаратындарға одан да көп салық төлеуге мәжбүр болады.

 

"Бүгінде байлық салығын енгізсе, ауқатты адамдар шетелге кетіп қалады, олардың арасында интеллектуалды адамдар да бар деген пікірлер айтылып жатыр. Мен онымен келіспеймін. Бәрібір осында табыс тапқан азаматтардың көбісі осы елде қала беруді қалайды. Оған қоса, бізде Еуропадағыдай салық жоқ қой. Ол жақта 50 проценттен асады. 1 миллион теңге тапса, 500 мың теңгеден астам ақшаны мемлекетке беруге міндетті. Бізде байлық салығын енгізсе де, ондайға дейін бармайды", - дейді экономист Мақсат Халық.