Сатқалиев Есекеевті отставкаға жіберу туралы сұраққа жауап берді

04 мамыр 2022, 20:05

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшысы Алмасадам Сатқалиев Қазақтелеком компаниясының басшысы Қуанышбек Есекеев отставкаға жіберу мәселесі жөнінде сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

«Қазақтелеком компаниясынан көп ақша жымқырылғанын Антикор жариялады. Монополист ретінде дұрыс жұмыс істемегенін министр Бағдат Мусин де айтып отыр. Ауылдарға тартылған интернеттің сапасына қатысты қаншама сыни пікір айтылды. Жалпы осы соңғы болған жағдайларға орай, Қазақтелекомның басшысы Қуанышбек Есекеев отставкаға кету керек деп санамайсыз ба?» - деген сұрақ қойылды Самұрық-Қазына басшысына.

 

Бұл сұраққа жауап берген Алмасадам Сатқалиев бұған келгенде бірнеше мәселеге назар аудару керектігін атап өтті.

 

«Қазақтелеком – Қазақстандағы жұмысы тиімді компаниялардың бірі. Бұл – көп салада көшбасшы саналатын, бизнесті дамытуда стандартқа айналған жоғары технологиялық компания. Бәсекелі ортада да жұмыс істейді. Ұялы телефон операторлары, талшықты байланыс, ақпарат тарату саласында да еңбек етеді. Компания қаржылық тұрғыда тұрақтылықты көрсетіп келеді», - деді ол.

 

Алмасадам Сатқалиевтің айтуына қарағанда ауылдарды цифрландыру, мектептерге интернет тарту бағытында көп жобаны атқаруда Қазақтелеком үкіметтің агенті саналады.

 

«Менің ойымша, медежментке баға берген кезде осы факторлардың бәрін ескеру керек. Сонымен қатар Қазақтелеком компаниясы жариялы екенін де есепке алған абзал. 51 пайызы бізде, ал қалғаны басқа иелікте, ашық нарыққа қатысушылардың үлесінде. Жұмыс нәтижесін басқа акционерлердің де ойын ескере келе бағалауымыз керек. Ең бірінші кезекте, олар жеке акционерлер, халық. Олардың едәуір көп шағымы барын білеміз. Осының бәрі акционерлер деңгейінде қарала келе әділетті шешім қабылданады. Медеджмент жөнінде де», - деді Алмасадам Сатқалиев.