Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендерге берілетін өтемақыны өсіру керек пе?

31 мамыр 2011, 12:15

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Яғни Кеңес Одағының солақай саясаты бойынша отарланған ұлттың бас көтере алмай, құлақкесті құл болуы үшін көзі ашық, саналы азаматтарын қудалау, оған қоса, қолдан жасалған ашаршылық кезеңін еске түсіру. Сол заматта сталиндік репрессия салдарынан қазақтың 70 мыңға жуық зиялы қауымы жазықсыз атылып кетті. 100 мыңдаған адам қамалып, айдауға түсті, Сібірге жер аударылды. Бүгіндері олардан қалған көз, тайлы-тұяқ сол кезеңнің зардабын бастан кешіргені үшін мемлекет тарапынан өтемақы алады. Дегенмен...
Біз саяси қуғын-сүргін кезеңінде зардап шеккендерге өтемақы беретін Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа ха­барласып, бүгінгі таңдағы осы топ өкіл­дерінің саны бойынша қандай да бір дерек ала алмадық. Дегенмен аталған орталық­тың ресми сайтынан «республикалық бюд­жет­тен еліміздегі жаппай саяси қуғын-сүр­гін құрбандарына 2009 жылдың тоғыз айы­на 12,3 миллион теңге бөлінген» деген ақ­паратты кездестірдік. Міне, осы цифрды бір айлық есептік көр­сет­кіш көлеміне шақ­қан­да, біздегі мұндай топтағы өкілдердің саны 5 мыңға да жуықтамайтынын аңғар­дық. Бұл арада заң бойынша әкесі немесе ше­шесі саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ал оның сол кездегі 18 жасқа толмаған бала­ла­ры бүгіндері саяси қуғын-сүргіннен зар­­дап шеккендер қатарына жатқызы­латынын, осыған байланысты олар мем­ле­кеттен өтем­ақы алатынын ескер­те кетелік. Сон­дай-ақ бұл арада бір ай­лық есептік көрсет­кіш дегенді кездей­соқ қарастырып отырға­ны­мыз жоқ. Өйткені «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына берілетін ақша­лай өтемақы тәртібінің» 8-пунктінде осы топқа жататындардың алатын ақ­ша­лай компен­са­циясы бір айлық есеп­тік көрсеткіш кө­лемінде болады де­лінген. Мәселен, атал­ған әлеуметтік топ өкіл­дері 2005 жылы айына 990 тең­ге, 2005 жылы 2427 теңге көлемінде ай сайын өтемақы алып келген. Ал бүгінгі таңда, яғни 2011 жылы қарасты­рылған бір айлық есептік көрсеткіштің көлемі 1512 теңге екен. Былай қарасаңыз, мұн­дай ақ­ша Алматы секілді ірі мегапо­листе бір күн­дік жүріс-тұрыстың, ішер-жемнің көле­мі болып қалады.
Әрине, тарихи кезеңдегі бабалары­мыз өткен қиыншылықты естен шығар­маған жөн. Оны ескеріп, арнайы заң қа­­был­да­ған­дары да – құптарлық дү­ние. Дегенмен мұн­дайда «заңға мы­на­дай цифрларды ен­гізгенде біздің ха­лық қалаулылары не ой­лады екен?» деген заңды сауал да туын­дайды. Қа­лай де­генмен де, біздіңше, бү­гінгі таңда бұл цифр­ды жаңарту қажеттілігі өздігінен сұранып тұрған секілді. Бұл пікірді саясат­та­нушы Сейдахмет Құтты­қа­дам да қол­дай­ды. Оның көзқара­сын­ша, бұл ара­дағы өтем­ақы көлемін ке­мінде бес есеге өсі­ру керек.
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ, саясаттанушы:
– Бізде атын айғайлатып қандай да бір заңдар қабылдап жатады, меніңше, соның бәрі – жарнама, яғни мына билік, Парла­мент жұмыс істеп жатыр дегенді білдіреді. Мы­салы, кезінде шағын несиелік ұйымдар ту­ралы заң қабылданды. Ол шағын және орта кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын қол­дау үшін қажет дедік. Ал беретін несиесі шек­теулі: 500 доллар ғана. Бұл ақша кәсіп­кер­дің не болмаса шаруаның қай жамауын жасқауға жетеді дейсіз?
Сол секілді бір айлық көрсеткіш есебінде белгіленген өтемақы саяси қуғын-сүргін құрбандарын елеусіз-ескерусіз қалдырды демесін деген­нің керін келтіріп тұрған сыңайлы. Әйтпесе 1500 теңгеге қазір «импортный» бір дәрі де сатып ала алмайсыз. Бұлай мазақ қы­луға болмайды, менің білуімде елімізде сая­си қуғын-сүргін құрбандары санаулы-ақ. Халықтың осы топ өкілдеріне лайықты ақы тағайындауға мемле­кеттің қауқары жеткілікті. Сондықтан бұл өтемақы көлемін кемінде бес есеге өсіру керек деп есеп­теймін.
Ал өтемақы мардымсыздығын Мә­жіліс де­путаты Камал Бұрханов атал­ған заң қа­был­данған кездегі (1993 ж.) еліміздің мүм­кіндігі сондай еді деген­мен түсін­ді­реді.
Камал Бұрханов, Мәжіліс депутаты:
– Аталған заң қабылданған кездегі өтем­ақы мөлшерлемесін белгілеудегі мүм­кіндік сол бір айлық көрсеткіш шеңберінде болуы керек. Ал бүгінгі жағдайымыз ол кезеңге қарағанда әлдеқайда қоңды екені бел­гілі. Сондықтан бюджетте артылып жат­қан қаражат болса, саяси қуғын-сүргіннен зар­дап шеккендердің өтемақысын көтеру орын­ды болар еді. Дегенмен бүгіндері Үкі­меттен кө­мек алатындардың қатары көп еке­нін естен шығармалық. Ал бюджетке бас­ты табыс әкелетін өндіріс ошақтары біз­де мардымсыз. Сол себепті еліміздің даму стра­тегиясы – Үде­ме­лі индустриялық-ин­но­вациялық даму бағ­дарламасы қабыл­дан­ған. Соның аясында қазір елімізде өнер­кәсіп пен өндіріс орын­дарын ашу жос­парланып отыр. Бұл ұзақ мер­зімге бел­гі­л­енген ауқым­ды қаражатты талап ететін жо­балар болып табылады. Біз, ең алдымен, осы­ған көңіл бөл­геніміз дұрыс. Негізі, Үкі­меттің шығыны мен табысы теңдей тізгін қағыстырып отыруы керек. Өкінішке қарай, қазіргі жағдайда бұл арада шығы­нымыз көп болып тұр.
Менің атам да, әкем де – саяси қуғын-сүргіннен, ашаршылықтан зардап шеккен­дер. Дегенмен бұл Тәуелсіз Қазақстанның қылғаны емес қой... Кеңес Одағы дегенде де, бұл сталиндік кезеңнің ғана ылаңы екенін естен шығармау керек.
Иә, бұл зұлматты оқиға бұрынғы КСРО мемлекеттерінің барлығына ор­тақ трагедия екені белгілі. Жан-жақты сұрастыра келе, посткеңестік мемле­кеттердің көбісінде саяси қуғын-сүргін құрбандарына компен­са­ция тағайын­далмайтынын, бірақ осын­дай мәселе қоғамда ауық-ауық көтеріліп оты­ратынын анықтадық. Ал кезінде тотали­тар­лық режимнің орталығы болған Ресей­дің өзіне келер болсақ, бүгіндері олардың аталған мәселеде бізден соншалықты айыр­масы жоқ екен. Яғни Ресейдің саяси қа­уымдастығы ашар­шылық пен саяси қу­ғын-сүргін кезеңіне әлі де дұрыс саяси баға берілмей отыр­ғандығын, ал оның ұр­пақтары қажетті дең­гейде қамсызданды­рылма­ғанын өкі­нішпен еске алады.
Арсений РОГИНСКИЙ, «Мемориал» халықаралық құқық қорғау қоғамы басқармасының төрағасы:
– Мысалы, қазір Ресейде шамамен 700 мың азамат саяси қуғын сүргін-құрбандары куәлігіне ие. Заңнама бойынша саяси қу­ғын-сүргінге ұшырағандардың баласы сол ке­зең­де 18 жасқа толмаған болса, олар бүгіндері саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер қатарына жатқызыла­ды. Яғни әлгі куәліктің иегерлері­нің басым бөлігі, әрине, саяси қу­ғын-сүргін құрбанда­рының ұрпақ­тары. Ре­сей­дің заңы бойынша, саяси қуғын-сүргінге ұшы­раған­дар түрмеде немесе лагерьде бол­ған болса, оларға материалдық өтемақы бе­­ріледі, яғни лагерьде өткізген әрбір айына – 75 рубль. Мәселен, бір адам ГУЛАГ-та бес жыл бо­лып келді делік, яғни 60 айға ол 5 мың рубль алады екен, болды! Ал мұндай мас­­қараға қалай төзуге болады?..
Әрине, бұл КСРО тараған, тоқырау кезеңінде есептелген цифрлар делік. Бір­неше жыл бұрын Конституциялық сот атал­ған заңдағы цифрларды қайта қарастыру тура­лы шешім шығарған еді. Алайда бұл мәселе бүгінге дейін жабулы қазан күйінде қалып отыр. Соған қарағанда, біздің билік саяси қуғын-сүргін құрбандарын елеп, ес­ке алғысы да келмейтін сыңайлы...