Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Шегiртке шенеунiктердi шырылдатып жүрмесе...

20 сәуір 2011, 18:38

Егер дер кезiнде шара қолданбасақ, биыл елiмiздiң 2 миллион гектарға жуық шұрайлы жерiн шегiртке жалмамақ. Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң агроөндiрiстiк кешенiндегi мемлекеттiк инспекция төрағасы Серiк Сүлейменов: «2009 жылы елiмiздiң 1 миллион 994,8 мың гектар жерiн шегiртке басады деп болжанып отыр», – дедi кеше Астанада Ауыл шаруашылығы министрлiгiнде өткен алқа мәжiлiсiнде. «Шегiрткелермен күресу үшiн мұқият дайындықтар мен жедел шаралар ұйымдастыру қажет» деп есептейдi ол. Қазiргi кезде республика аумағында шегiртке мен оған ұқсас зиянкестердiң 230-ға жуық түрi анықталған.
Алқа мәжiлiсiне төрағалық еткен ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев кейбiр облыстардың егiстiк көлемiн орынсыз қысқартуына наразылығын бiлдiрдi. Оның мәлiмдеуiнше, әсiресе майлы дақылдарды егудi азайтып жатқаны түсiнiксiз. Дақылдың бұл түрiне мемлекет субсидия бөлiп отыр. Әр гектарына – 9 мың теңгеден.
Алқа мәжiлiсiнде сонымен қатар науқанға қатысты ұйымдастырылып жатқан шаралар жайында да сөз етiлдi. Әшейiнде тура диқандардың қызу тiрлiгi басталғанда жанармай бағасы қымбаттап шыға келетiнi бар. «Бұл мәселе де реттеледi», – деп сендiрдi министрлiк. «Дизель отынын ыңғайлы бағамен жеткiзу кепiлдiгi қамтамасыз етiлiп отыр», – дедi министр.
Сонымен қатар көктемгi егiн егу жұмыстарын қажеттi қаржымен қамтамасыз ету, өндiрiстердi субсидиялау және минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселелерi шешiлгенi айтылды.
Аталмыш министрлiктiң тарапынан науқан кезiндегi дайындық шараларын ұйымдастыру жұмыстары жергiлiктi органдарға жүктелген болатын. Алайда әлi күнге дейiн атқарушы органдардың барлығында бұл мәселер шешiмiн таппай отырған көрiнедi. Бұдан өзге Солтүстiк Қазақстан облысында аймақтағы мұнай зауыттарымен келiсiмге отыру процесi тиiстi деңгейде емес болып шықты. Алқа мәжiлiсiнде осы олқылықтардың алдын алу және оларды шешу жөнiндегi нақты мiндеттер жүктелдi.