Теңгені тұрақтандыру һәм инфляцияны төмендету амалдары

17 қаңтар 2022, 00:00

Төл валютамыз және оның ішкі нарықта қымбаттауына қатысты екі мәселені бір тақырып етуіміздің еш құпиясы жоқ. Екеуі бір-біріне байланған құралдар, тиісінше оларды бөліп қарамай, ортақ сараптау тиімдірек.

 

«Газ 50»-мен басталып, кейін «қаңтар бүлігіне» ұласқан оқиғалар сәл болмағанда елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды тәлтіректетіп жібере жаздады. Еліміздегі ең дамыған қаланың бүлінуі инвестициялық тартымдылығымызға үлкен соққы болғаны анық. Сондықтан, осыншалықты залал келтірген құқық бұзушылардың анықталып, тиісінше жазалануы керек. Әйтпесе кәсіпкерлер мен инвесторлардың біздің экономикаға деген сенімі қайта оянбайды.

 

– Қазір халықаралық қаржы нарықтарында қазақстандық компаниялардың акция құны қалпына келіп, еліміздің тәуелсіз облигациялар тартымдылығы нығайып жатыр. Бұл сыртқы инвесторлар тарапынан Қазақстан экономикасына деген сенім мен үміттің орала бастағанын аңғартады. Бірақ шетелдік инвестор енді бұдан былай біздегі әлеуметтік-экономикалық дамуды екі шоқып, бір қарап тексеріп, зерттеуге көшеді, – дейді сарапшы Диас Құмарбеков бізге берген сұхбатында.

 

Ал AERC Beta LLP бас директоры Ғалымжан Айтқазиннің сөзіне қарағанда, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) тарапынан қабылданған уақтылы шешімдер арқылы экономика алапат сілкіністен аман қалды.

 

– Негізінен, ҚНРДА тікелей және кері РЕПО операциялары сияқты қолжетімді құралдарды, депозиттық аукционды қолдануға, Ұлттық банктің (ҰБ) қысқа мерзімді ноттарын шығаруға дайын екенін мәлімдеді. Өз кезегінде Ұлттық банк ішкі және сыртқы нарық қатысушылары тарапынан теңгеге деген сенім нығаюы үшін жағдай толық тұрақталғанша валюталық интервенция жүргізетінін, сөйтіп қаржылық тұрақтылық пен валюта нарығы балансын реттеуге дайын екенін айтты. Нәтижесінде, Қазақстан қор биржасындағы (KASE) алғашқы валюталық сауда сәтті, ешқандай дау-дамайсыз өтті, – дейді Ғ.Айтқазин.

 

Ұлттық банк Президенттің жекелеген тауарлар мен қызметтер бағасын 180 күн бойы өсірмеу туралы тапсырмасы ішкі тұрақтылыққа оң әсер етеді деп санайды.

 

– Осы ретте қадағалаушы пікірімен толық келісемін. Мұндай мүмкіндікті импортқа тәуелділікті төмендету, әлеуметтік теңсіздікті қысқарту, монополияны жою, көлеңкелі экономикамен күресу және нарықта бәсекені арттыру сияқты ішкі инфляция факторларын шешіп алуға пайдалану керек. Яғни баға реттеуді қалыпты және нарықтық құбылыс деп қарамай, мұны (Президент мораторийін. – ред) әрі қарай баға өсімімен күрестегі транзиттік кезең деп қарастыру қажет. Дәл осы бағыттағы әрекеттер ғана қысқа мер­зім­ді перспективада мықты әрі нық теңге курсын жасап, инфляцияны тұрақты төменгі деңгейге түсіре алады, – деді Teng­enomika Telegram-каналының авторы.

 

Базалық мөлшерлемені көтеру банк несиелерін қымбаттатып жіберетіні белгілі. Соған қарамастан инфляциямен күрес үшін Ұлттық банк 2021 жылдың қыркүйегінен бері базалық ставканы бірнеше рет жоғарылатты. Бұл ақша-несие саясаты өз жемісін бере ме?

 

– Оптималды базалық ставканы есептеу үшін экономикалық модель қолданылады. Мысалы, макроэкономикалық көрсеткіштер негізіндегі қазіргі монетарлық жағдайды талдауға QPM (тоқсандық болжау моделі) мүмкіндік береді. AERC есептеуінше, 4-6 пайыз инфляция межесіне жету үшін TONIA-ны (тәуекелсіз мөлшерлеме. – ред) 11-12 пайызға дейін көтеру керек, демек базалық ставканы кем дегенде 10-10,5 пайызға дейін жоғарылату қажет болады. Қазір базалық ставка – 9,75 пайыз. Яғни қадағалаушыда жақын арада оны тағы көтеретіндей әлеует бар, – дейді Д.Құмарбеков.

 

Ал теңге курсы 430-440 шегінде болады деген болжам бар.

 

«Қазіргі макроэкономикалық ахуалды ескере отырып айтсақ, теңге курсына әсерін тигізетін негізгі факторлар – елдегі геосаяси жағдай және COVID-19-дың жаңа штамы. Бұлар энергия тасымалдаушылар бағасына әсер етеді. Бірақ осы екі фактор да ақша-несие саясатының нәтижесінде қиындық тудырмайды және теңге курсының күрт көтерілуіне ықпал етпейді. Ұлттық банктің негізгі құзыреті – тауарлар мен қызметтер бағасының тұрақтылығын сақтау. Сондықтан Ұлттық банк саясаты елдің инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер етпейді, бұл – басқа мемлекеттік органдардың міндеті. Десе де ақша-несие саясатының қатаңдануы экономикалық даму мен тартымдылықты баяулатып тастайды деуге болмас. Өйткені Қазақстанда нарықтық ставкадан, кейде тіпті базалық ставкадан төмен пайыздық мөлшерлемемен қаржыландырылатын мемлекеттік бағдарламалар бар» дейді ол.

 

Сарапшы Әсет Наурызбаев болса, әлемдік инфляциямен күресуді доғару керек деген пікірде.

 

– Біз қалай күрессек те АҚШ-тан келген инфляцияны жеңе алмаймыз. Цемент, металл, азық-түлік, шекарадан кіргізілетін тауардың бәрі автоматты түрде қымбаттап кетеді. Біз бекітіп алған ставкаларымызбен ол қымбатшылыққа қарсы тұра алмаймыз. Өзге елдер де бұл түйткілмен бетпебет келіп жатыр. Олар ақшалай табысты индекстеу немесе тікелей төлемдер арқылы тұрмысы төмен топтардың табысын арттырып жатыр. Ал ішкі инфляция ставкаға, экспорттық және импорттық ағынға, сауда серіктес елдердің балансына тәуелді, – дейді ол.

 

Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, базалық ставканы қазіргі 9,75 пайыздан жоғары көтере беру енді айтарлықтай пайда әкелмейді.

 

– Теңгеге деген сенімді арттыратын қысқа мерзімді құрал – депозит, құнды қағаз деген сияқты теңге құралдарына деген ставканы көтеру. Мұндай қадам аталған құралдарды салым үшін тиімді ете түседі және мұны базалық ставканы жоғарылату арқылы істеу де міндетті емес. Қазіргі 9,75 пайыз толықтай жеткілікті. Оның үстіне қазір мұнай бағасы жақсы өсе бастады, бұл да теңгенің беріктігіне әсер етпек. Меніңше, теңгеге қатысты түсінбеушілік елдегі ереуіл салдарынан туындап кетті. Енді теңге әлсірей қояды дегенге қатысты алға тарта қояр дәйек жоқ. АҚШ Федералды резерв жүйесінің келесі отырысына дейін. Ал ол 25-26 қаңтарға жоспарланған, – дейді сарапшы.

 

Экономист Мұрат Темірханов та оптимистік көзқараста.

 

– Соңғы уақытта мұнай бағасы барреліне 80 доллардан аса бастады. Мұнай бағасы 50 доллардан асса Қазақстанның төлем балансы керемет жағдайда тұрады. Қазіргі ахуалда (барреліне 80 доллар) мұнай экспорттаушылары долларды еркін пайдалануда және теңге курсы нығаюы керек. Елдегі митинг пен тәртіпсіздік біздің ішкі сауда қызметіміз бен төлем балансына өте әлсіз әсер етті. Қазір теңге курсына жағымсыз әсер етіп тұрған бірден бір фактор – елде болған жағдайға байланысты күрт күшейген стандартты девальвациялық күтулер ғана. Қазақстандағы жағдай толық тұрақталды және әрі қарай ахуал нашарламайды. Мұндай кезде айырбастау бекетіне жүгіріп, валюта сатып алудың мәні жоқ. Ұлттық банк өзінің валюталық интервенцияларымен ықтимал толқуды тез арада басады, – дейді экономист.

 

13 қаңтар, сағат 11:00-дегі жағдай бойынша KASE-де 1 доллар 433,39 теңгеге саудаланды. Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,4 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 9,9, азық-түлік емес тауарлар – 8,5, ақылы қызметтер 6,5 пайызға қымбаттаған.

 

 

 

egemen.kz