Тоғжанов зейнетақы жинағын пайдалану бойынша халыққа үндеу жасады

10 желтоқсан 2021, 21:54

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысы зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру мерзімін ұзарту шешімі бойынша халыққа үндеу жасады. 
Оның айтуынша, 2022 жылғы 1 сәуірге дейін шамамен 500 мың азаматқа өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін: тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, құны жоғары емделу ақысын төлеуге немесе жеке басқарушы компанияларға беру мақсатында пайдалануға мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ, жыл соңына дейін зейнетақы жинақтары есебінен «Отбасы банктегі» депозитті толықтыру функциясы іске қосылады. 

Президенттің тапсырмасын жедел орындау мақсатында жинақтардың шекті межесін көтеру мерзімін ұзарту туралы Үкімет шешімінің жобасы әзірленді, ол жақын арада қабыданатын болады. Осы күнге дейін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын 606 мыңнан астам адам барлығы 2,2 трлн теңге көлемінде қолданды, - деді Ералы Тоғжанов. 
Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсартуға – 527,2 мың адам (2 трлн астам теңге), емделу ақысын төлеуге – 75,7 мың адам (68 млрд теңге) берілген. Ал 3,2 мың адам 5 млрд теңге болатын жинақтарын жеке басқарушы компанияларға берген. 

Бұл ретте зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті – азаматтардың зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі жеткілікті табысын қамтамасыз ету екенін атап өткім келеді. Сондықтан, шектілік деңгейі де көтерілген болатын. Азаматтарымыз жинақтың шекті межесінен жоғары сомаларды пайдалану олардың болашақ зейнетақысының мөлшерін едәуір қысқартатынын түсінуі тиіс. Сондықтан зейнетақы жинақтарының шекті межесі болашақ зейнеткерлердің мүдделерін қорғау үшін белгіленеді. Сондықтан, бұл мүмкіндікті ақылмен пайдалу керек деп ойлаймын, аса мұқтаж болғанда, емделу немесе пәтер алу қажет болғанда осы мүмкіндікке жүгінген жөн, - деді Е. Тоғжанов.


BAQ.KZ