Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Тұрғын үй: құлдыраудың шегi бар ма?

06 мамыр 2011, 17:51

Жыл сайын жұрт көктем шыға салысымен пәтер қымбаттайды деп күтетiн. Неге екенiн қайдам, шынында да, әр көктемде тұрғын үйдiң бағасы көтерiле бастайтын. Бiрақ биылғы жылы жағдай басқаша. Әзiрге жылжымайтын мүлiк нарығында селт еткен өзгерiс жоқ. Соңғы мәлiметтерге көз жүгiртсек, «ұсыныс көлемiнiң көбеюi – нөл пайыз» дегендi оқимыз. Сатып алушы тышқан аңдыған мысық сияқты. Нарықтағы бағаның одан әрмен құлдырауын күтедi. Сатушы болса, әлi де үмiтiн үзгiсi келмейдi.
Американы астаң-кестең еткен ипотека дағдарысы бiздегi тұрғын үй бағасын аспаннан жерге түсiрдi. Алдымен баспана құнын өсiру арқылы қыруар пайда тапқан риэлторлық компаниялардың басына қара бұлт үйiрiлдi. Олардың 80 пайызы не жабылды, не қызметiн тоқтатты. Ең бастысы, бұл салаға инвестиция құю мүлдем тыйылды. Несие кесiлгендiктен, жұрт қазiр жұмыс пен нәпақа табуды көбiрек күйттеп жүр.
Тұрғын үй нарығында баға көкке шапшыған тұсты кейбiр сарапшылар қаржылық пирамидамен салыстырса, кейбiреулер оны Клондайкке теңейдi. Бұл екi теңеумен де келiсуге болады. Кез келген пирамиданың ақыр соңында жермен-жексен болатыны сияқты, алтынның соңына түскендердiң бәрi мол олжаға кенелген жоқ.
Осыдан бiр- екi жыл бұрын ғана күреп ақша тапқан маклер қазiр екi қолын алдына бос қойып, жұмыссыз сенделуде. Не болмаса, пәтерiн жалға бергiсi келетiндер мен жалдағысы келетiндер арасында азғантай нәпақасын айыруға мәжбүр. Соның өзiне «шүкiр» дейдi. Тапқаны нанға май жағып жеуге жеткенiмен, бұрынғы уыс-уыс ақшадан қағылғанына iшi удай ашиды. Жалғыз ол емес, кезiнде қымбатқа алған пәтерiнiң құны түсiп кеткендердiң де жағдайы мүшкiл. Уақыт өткен сайын жылжымайтын мүлiк нарығындағы түйткiлдер азаюдың орнына көбейiп бара жатқандай. Рас, Үкiмет бұл бағытта бiраз шараларды жүзеге асырды. Тiптi құрылыс саласын құтқару үшiн Кеңес Одағы тұсында өзiнiң тиiмдiлiгiн дәлелдеген үйдi жалға беру әдiсiн енгiзiп көрмекшi. Оны сол кезде «кооперативтiк пәтер» деп атайтын. Қостанай облысындағы Рудный қаласында тұңғыш арнайы жалға беру үйi салынды. Мәселен, үш бөлмелi пәтердi жалға алған азамат ай сайын сегiз мың теңге төлеп тұруы тиiс.  
Теңгенiң құнсыздануы да елiмiздегi тұрғын үй бағасына ықпал еткенi сөзсiз.  Жылжымайтын (бұдан гөрi тасылмайтын деген жөн шығар) мүлiк шамамен 15 пайызға арзандапты. Ғимараттардың құнын бағалаумен айналысатын түрлi ұйымдардың есебiнше, таяу арада құлдырау тағы да осыншама көрсеткiштi құрауы тиiс. Қазiр ТМД кеңiстiгiндегi ең қымбат қаланың бiрi Алматыда тұрғын үйдегi әрбiр шаршы метрдiң орташа құнының сұраныс бағасы  шамамен 1700 долларды құрайды. Бұдан бiр-екi жыл бұрынғы 3-4,5 мың доллармен салыстырғанда бұл, әрине, аз. Бiрақ үйдiң нақты бағасы тұрғысынан алғанда, сөз жоқ, қымбат. Өйткенi осыдан небәрi бiрнеше жыл бұрын ғана 50 мың долларға халқы 4 миллионға жақындайтын Анкара немесе Дубайда екi бөлмелi пәтердi шертiп жүрiп таңдап алсаң, бiздегi ең үлкен шаһарда әлгiндей ақшаға жекешелендiрiлген жатақханадан сондай баспана тапқандар «құдайға шүкiр» дейтiн. Тағы да Алматыдағы үй бағасына келсек, ең қымбат баспана Медеу ауданында, ал ең арзаны – со бұрынғыдай Түрксiб ауданында (кестеге қараңыз).
Алдағы уақытта тұрғын үй мәселесi қалай болмақ? Жалдамалы пәтер көп түйткiлдi шеше алмайтыны сөзсiз. Ипотекалық несие алғандарға банктер арқылы берiлген жәрдемнiң нәтижесi қалай болары да беймәлiм. Сарапшылар болса, ең әуелi ипотекалық несиенi жандандыру керек дейдi. Алайда банктердiң мүшкiл халi мұндай қадамға баруға мүмкiндiк бермейдi. Тұп-тура «Былай тартсаң – өгiз өледi, былай тартсаң – арба сындының» керi. Кейбiр экономистер банктердi құрдымға батыратын дәл осы ипотекалық несие деп жандыра түседi. Олардың пiкiрiнше, әлемдiк дағдарыс бiткен күннiң өзiнде тұрғын үй нарығы жуық арада жандана қоймайды. Демек, баға одан әрi түседi. Бiрақ бұл 2000 жылдардың басындағы бағаға қайтады деген сөз емес. Ол кезде, естерiңiзде болса, бiр бөлмелi пәтердi үш жарым мың долларға сатып алуға болатын.